Райымбек ауданында Сарыжаз ауылдық округі әкімінің ұйытқы болуымен «Қазына тұнған құт мекенім – Сарыжазым» атты байқау өтті. Сарыжаз ауылы мен Ақбейіт ауылының орталық жазығында ұйымдастырылған шараға аудандық мәслихат төрағасы Самат Мүсірбаев, депутаттар Ғалымжан Мұхтарұлы, Гүлнара Әріпова, Райымбек аудандық Мәдениет үйінің директоры Медет Серікұлы, арнайы Астана қаласынан келген спортшы, рекордшы, армреслингтен әлем чемпионы Тимур Спатаев қатысты. Ұлттық дәстүрді жаңғыртқан шараға келушілерді ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қарсы алды.
Шара аясында қазақ күресінен Райымбек ауданы бойынша аға бапкер Дүйсен Бозбашаевтың шәкірттері бозкілемде белдесті. Сонымен қатар техника, кітап, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері қойылып, Сарыжаз ауылының тарихы мен жетістіктері таныстырылды. Көрмеге Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі мен «Самат», «Мұхтар», «Қалибек» шаруа қожалықтары үлес қосты.
Райымбек аудандық мәслихат төрағасы Самат Мүсірбаев ауылда атқарылып жатқан игілікті істер туралы былайша пікір білдірді:
– Сарыжаз – ауданның кіреберісіндегі үлкен ауылдың бірі. Мұнда көптеген мәдени шара өткізіліп тұрады. Құрылыс та қарқынды жүргізілуде. Райымбек, Кеген аудандарындағы республикалық жолға 9 млрд теңге қаржы бөлінді. Сексенінші жылдары жасалған жаяу жүргіншілер жолы тозып кеткен еді. Биыл Сарыжаз бен Ақбейіт арасындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысы және ауыл ішіндегі көшелердің асфальт төсеу жұмысы аяқталатын болады, – дей келе, шараның негізгі мақсаты мен ауылдың тыныс-тіршілігі, өндіріліп жатқан өнімдер мен салт-дәстүрлеріне қысқаша тоқталып өтті.
Мерекенің негізгі бөлімінде Сарыжаз ауылдық Мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Кеш шымылдығы қос ішекті аспаптың көмейінен төгілген күймен түрілді. Алмас Қияс пен шәкірті Кәмілжан Ершат күмбірлеген қара домбыраның үнімен жырдан шашу шашып, көрерменді серпілтіп тастады. Ұмыт бола бастаған «Есік ашар» дәстүрі сахналанып, әйгілі атбегі Қонысбай Рамазанов көпшілікке ақ батасын берді. Айбар Сартбаев, Бағдат Бибеков, Сәуле Миниясова сынды күміс көмей әншілер әуелете ән салып, «Наз», «Үкілім-ай» би топтары қазақ, үнді халқының ұлттық билерін мың бұрала биледі. «Алтын алқалы әжелер» ансамблі «Әриайдай», «Сәулем-ай» әндерін орындап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Сондай-ақ, көпшілікке «Темір адам» лақап атымен танымал, қара күштің иесі, Сарыжаздың тумасы Тимур Спатаев 32 келілік гір тасымен 25 келі тартатын семсер қылышты бір қолымен көтеріп, оны ұршықша иіріп, бар өнерін ортаға салды. Сонымен қатар, ол қалың шегені жалаң қолымен майыстырып, тұмар жасады. Оның «екі жүздік» екі шегені бір-біріне байлап жасайтын өрнегі – отбасының береке-бірлігінің мықтылығын білдіретін тұмар екенін айтты. «Шеге тағаны ұстайды, таға тұяқты ұстайды, тұяқ атты ұстайды, ат ер тоқымды ұстайды, ер тоқым ер жігітті ұстайды, ал ер жігіт елді ұстайды» дейді. Сондықтан, қазақтың жігіттері шегедей мықты болайық! Осы тұмар, жұмысыңыздың төрінде тұрсын!» – деген Тимур Спатаев ауыл әкімі Сайлау Жетпісбаевқа шегеден жасаған тұмарын табыс етті.
Әділқазылар алқасының атынан сөз сөйлеген Медет Серікұлы ауылдағы мәдениет саласы қызметкерлеріне алғысын жеткізе отырып, байқаудың маңызына тоқталып өтті.
– Аудан көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Қазына тұнған құт мекен» байқауы тек концертпен шектелмейді. Бүгінгі шара да осының бір парасы. Негізгі мақсатымыз – бес саусақтай жұмылып, татулығы жарасқан ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу. «Рухы мықты елдің тәжі басында, бағы қасында» деген Жүсіп Баласағұнның сөзі бар. Яғни, рух болмаған жерде ұлт та болмайды. Ал сол рухты көтеретіндердің бірі мәдениет қызметкерлері, – дей келе, шараға қатысқан ауыл тұрғындарына алғысын жеткізді.
Айына екі рет ұйымдастырылатын «Қазына тұнған құт мекен» байқауының жыл соңында үздіктері анықталып, марапатталатын болады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы