Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті су, электр қуаты және газ тарату қызметін көрсететін мекемелер мен жекеменшік субъектілерін жоспардан тыс тексеріп, бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Департамент дерегінше, тұрғындар мен заңды тұлғалардың шағымы бойынша жыл басынан бері «Сигма ГАЗ» ЖШС, «ЖК Сервис» жеке кәсіпкерлігі, «Есік су құбыры» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны мен «Таусамалы қызмет» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының табиғи монополиялар туралы заңдары мен Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын қаншалықты сақтайтынын төрт рет тексерген.
Тексеру нәтижесінде «Сигма ГАЗ» ЖШС-ге табиғи монополиялар туралы заңды бұзды деген айыппен 2001000 теңге әкімшілік айыппұл салынып, заңсыздықты жою жөнінде нұсқау берілген.
«ЖК Сервис» жеке кәсіпкерлігі уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша қызмет көрсету міндетін орындамағаны анықталған. Бұған қоса ол суды уәкілетті орган бекіткен 1 текше метріне 80,80 теңгеден жеткізудің орнына 150 теңгеден жеткізген. Осының нәтижесінде «ЖК Сервис» 159,9 мың теңге негізсіз табыс тапқан. Сонымен қатар, «ЖК Сервис» 2021 жылы тұтынушылармен қызмет көрсету туралы жеке келісімшарт жасаспағаны, ал 2022 жылы жасасқан келісімшарттары уәкілетті орган бекіткен типтік келісімшартқа сай емес екені анықталып, 2091907 теңге әкімшілік айыппұл салынған.
«Таусамалы» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны сумен қамту және электр қуатын жеткізу қызметін уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша көрсетпегені анықталып, 2394741 теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Ал «Есік су құбыры» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны табиғи монополияларды бұзбаған болып шыққан.