Өңірлік кәсіпкерлік басқармасы мамандарының айтуынша, жанар-жағармай бағасына күнделікті мониторинг жасалып жатыр. Өңірде АИ 92 – 180 тг, АИ 95 – 215 тг және дизель отыны – 230 теңгеден саудалануда.
«Алайда, Қазақстан Энергетика министрлігі нақтылағандай, 12 сәуірден бастап Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы көтеріледі», – дейді мамандар.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта облыста АИ 92 маркалы бензиннің 2905,7 тонна, АИ 95 маркалы бензиннің 2320,7 тонна, дизельдің 1730,7 тонна қоры бар. Бұл халықты 8-10 күн қамтуға жеткілікті.
Сондай-ақ мамандар тек республикалық жанармай құю стансаларында («Газпромнефть» ЖШС, «Sinooil» ЖШС, «ҚазақОйл» ЖШС, «Royal Petrol» ЖШС, «Газ энергиясы» ЖҚС) ғана дизель отыны талонмен беріліп жатқанын айтты. Ал облыстағы желілік және шағын жанармай құю стансаларында дизель отыны жоқ.
«Дизельдің болмауы экспортқа шығып кетумен және төмен бағаға байланысты. Ал АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин еркін сатылымда», – дейді басқарма мамандары.
Бұған дейін Энергетика министрлігі елімізде 12 сәуірден бастап АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин 11 пайызға, мен дизель отыны 20 пайызға қымбаттайтынын хабарлаған. Ресми түсінік бойынша бұған ел аумағынан транзитпен өтетін көліктердің жанармайға деген сұранысының артуы және көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда жанармай бағасының арзан болуы себеп болып отыр.
Кеше Премьер-министр Әлихан Смайылов елде егіс науқаны аяқталғанға дейін ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге дизель бағасы қымбаттамайтынын хабарлаған.
Айта кетейік, облыста барлығы 197 жанар-жағармай құю стансасы бар.
Alatau News