Перейти к содержимому

Қос тұлғаға арналды

      Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында сөз өнеріндегі шоқтығы биік қос тұлға, қазақ әдебиетінің тұғырын шыңдаған қаламгерлер – Бердібек Соқпақбаев пен Әбдіжәміл ­Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай облыстық мәнерлеп оқу байқауы өтті. Мақсаты – қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушылардың шығармашылығын дәріптеу, қатысушылардың ойлау қабілеттерін, көркем жеткізе білу дағдыларын дамыту.

Байқауды ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Данияр Ахметов шараның мақсат-міндетіне тоқталып өтті.
– Облыстық тілдерді дамыту басқармасының екі бағыты бар. Бірі – ономастика. Екіншісі – тілдерді дамыту. Бүгінгі шара тілді дамыту мақсатында қазақ әдебиеті алыптарының мерейтойына арналып, ұйымдастырылып отыр, – деген бас­қарма басшысы қатысушыларды Бердібек Соқпақбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы мағлұматтарға қанықтырды.
Аталған қос тұлғаның шығармашылығына арналған байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек ­Соқпақбаевтың, екінші кезеңінде Халық жазушысы ­Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кез келген шығармасынан үзіндіні жатқа, мәнерлеп оқыды.
Қазылар алқасы бағалау кезінде қатысушының жатқа оқу қабілетіне, мәнеріне, тіл тазалығына, сахна мәдениетіне мән берді.
Байқау қорытындысында ­Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша Қонаев қалалық орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ерасыл Дәулетбай бас жүлдені жеңіп алды. Іле ауданынан келген ­Маржан Байларова 1-орынды иеленсе, кегендік Баян Сәлім мен қонаевтық Фариза Неғметолла 2-орынды өзара бөлісті. Жамбыл ауданынан Балнұр Төлеева мен Талғар ауданынан келген Ғабит Дайынов 3-орынды еншіледі. Сонымен қатар ­Әбдіжәміл ­Нұрпейісовтің шығармаларын мәнерлеп оқудан ­Талғар ауданының атынан қатысқан ­Жансая ­Бағашар бас жүлдеге ие болды. ­Райымбек ауданының намысын қорғаған ­Назерке ­Сейдуақас 1-орынды олжаласа, ­Жамбыл ауданынан келген Аяулым Ералы мен балқаштық Толғанай Нұрахан 2-орын тұғырынан көрінді. Ілелік ­Кенжеғали Октябрь мен қарасайлық ­Жібек ­Бекзатқызы үздік үштікті түйіндеді. Бірқатар қатысушылар ынталандыру жүлдесін иеленді. Байқау жеңімпаздары дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ