Перейти к содержимому

Көрікті мекен – Кегенім!

      Кеген ауданындағы Мәде­ниет күні ұлттық құнды­лық­тарды паш еткен көрме­мен ашылды. Қонақтар өнер туындыларымен, өлкетану мұражайы жәдігер­лерімен танысты. Ақ жаулықты әже­лер табақ тарту, текемет басу, жүн сабау, көрпе жасау жол­дарын көрсетіп, бабадан балаға мирас болған дәстүрді дәріптеді. Ауыл ақсақалы Ұлан Нұрақынов ақ батасын арнады.

Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өлкетануға, рухани мұраларды дәріп­теуге Мәдениет күнінің қосатын үле­сіне тоқталды.
– Облыс көлемінде өтіп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күндері біздің ауданымызға да келіп жетті. Шара аясында мәдениет саласының майталмандары да өнер­лерін ортаға салып, өңіріміздің өзіндік ерекшелігі мен ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртып, татулық пен достықты ту еткен халқымыздың ауызбірлігін айғақтап жатқан жайы бар. Оған барша аудан жұртшылығы атсалысуда. Батырлар мен ақындар, жазушылар мен спортшылар көптеп шыққан бай өлкенің мәдениет саласында атқарған жұмысы көп. Осы бағытта ауданымыздың 14 мәдениет мекемесі мен кітапханалар желісі жұмыстарын абыроймен атқарып келеді, – деді аудан әкімі.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Әнуар Үмбетәлиев Мәдениет күніне жиналған жұртшылықты құттықтады.
– Облыс әкімінің қолдауы­мен қолға алынған «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала Мәдениет күндерінің ашылуымен шын жүрек­тен құттықтаймын! Мәдениет – ұл­тымыздың айнасы, рухани келбеті. Дәстүрге айналған шара болғандықтан, жыл сайын тоғыз аудан, бір қалада өтіп келеді. Бүгін Райымбек ауданынан бастадық, Кеген ауданына келіп отырған жайымыз бар. Шараның негізгі мақсаты ұлттық мәдениетіміз бен мұраларымызды паш ету, жас дарын, таланттарды анықтау болып саналады, – деді Әнуар Мұқтарханұлы.
Бұдан кейін көпшілік Мәдениет үйіндегі көрермен залына жайғасты. Кеген халық театрының әртістері дайындаған режиссер Аршын Нұрбақыттың «Мұқатай Жылқайдаров» атты поэтикалық-сахналық қойылымын тамашалады.
Ары қарай мерекелік шара «Кегенім – жұмақ мекенім!» атты өнер байқауына ұласып, ауданның мәдениет қызметкерлері жиналған жұртшылық­қа үлкен концерттік бағдарлама ұсын­ды. Концертте Қаршыға Ахмедияров пен Секен Тұрысбековтің күйлері және жер­гілікті сазгерлердің әндері, ұлттық билер орындалды. Осылайша, аудан тұрғындары мәдениет мәйегінен мол мағлұмат алып, ұлттық өнерден сусындап қайтты.
Байқауға әр елдімекен қатысуда. Байқау барысында арнайы комиссия мүшелері өңірлерді аралап, үздіктерді анықтайды. Мәдениет күндерінің қорытындысы барлық ауданда толық өткізілгеннен кейін жарияланады. Алдағы уақытта мәдени шараларды жоғары деңгейде  ұйымдастырған өнер шаңырақтары байқауға белсене қатысқандары үшін ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы