Райымбек ауданы Көмірші ауылында қатымхана ашылды. Жаңадан бой көтерген нысан ел игілігіне қызмет етпек.
Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Көмірші ауылы жылдан-жылға көркейе түсуде. Бүгін қатымхана ашылса, аз уақыттан кейін ауылдық дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Ауылға баратын тас жол тақтайдай тегіс. Шөбі шүйгін, жері құнарлы тау бөктерінде орналасқан ауыл халқы көбінесе мал және егін шаруашылығымен айналысады. Сондықтан да көміршіліктер тұрмысы көшілгері.
Аталған шараға Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев қатысып, көпшілікке ақ тілегін арнады. Дәстүр бойынша Әметхан Қанапияев, Қойшыбай Нұрқасов, Мәмбет Алакүшіков сынды ақсақалдардың иығына шапан жапты. Ауыл азаматтары арасынан сөз алған «Әміре» шаруа қожалығының төрағасы Бақытжан Нұрмұханбетов қатымхананы өз қаражаты есебінен салған осы ауылдың тумасы Қайрат Нүктібекұлына тұрғындар атынан алғыс білдірді.
Оның айтуынша, халықтың көкейінде жүрген кезек күттірмейтін мәселелердің бірі қатымхана салу болған. Мұны байқаған Қайрат Сүтемгенов халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында толықтай өз қаражатына қатымхана салып берді. Қайрат бауырымыздың ауылына жасаған жақсылығы бұл ғана емес. Бұған дейін де ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істердің басы-қасында жүрген. Қатымхананың құрылысы небәрі 4 айдың ішінде аяқталған. Бір уақытта 250 адамға қызмет көрсетеді. Ауыл азаматтары да бір жағына шығысып, ішкі заттарын толықтырған. Қазіргі таңда қатымхана ауыл халқына қызмет етуге толықтай дайын.
Осындай қуанышты сәттің куәсі болған ауыл тұрғындары ауылына қарайласып жүрген Қайраттай азаматына ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
Бұл күні жиналған көпшілік қатымханада жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді. Әруақтарға Құран бағыштап, ынтымағы жарасқан, берекесі кетпеген ауыл екенін дәлелдеді.
Көміршілік белгілі ақын Бексұлтан Көлбаев Қайрат баласына арнаған жыр-шашуын жолдады. Сондай-ақ ақын ағамыздың «Оятып ойдың зердесін, Көңілдің аштым пердесін» атты кітабының тұсауы кесілді. Салтанатты шарада Бексұлтан Көлбаев ағамыз:
Алласыз таңым атпаған,
Шаттанам бүгін, шаттанам,
Ауылына көмек жасаған,
Азаматыммен мақтанам.
Қадамдарыңа нұр жаусын,
Жаңа ғимаратқа аттаған.
Айналайын жамағат,
Пайғамбар айтқан аманат.
Тәңірдің мынау ақ жолы,
Жүректе болсын қанағат.
Риза қылған ел-жұртын,
Қайрат деген азамат.
Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады,
Намыстың туын көтертті,
Өмірдің мынау сынағы.
Еліңе құт боп қадамың,
Өрлей берсін талабың,
Қорғап жүрсін әруағы,
Райымбек бабаның.
Алға бассын әр ісің,
Еселей берсін табысың.
Көтеріп кеттің Қайратжан,
Көміршінің намысын.
Ауылдың ашып тынысын,
Істедің еңбек біз үшін.
Айналайын Қайратжан,
Бітіпті бүгін бір ісің.
Мәрттігіңді көрсеттің,
Еселеп елдің ырысын.
Тілеймін саған амандық,
Алға бассын жұмысың! – деп жыр арнады.
Ауыл халқы қолынан келгенше азаматын төбесіне көтерсе, тәрбиеден аттамаған Қайрат көпшіліктен кіші екенін сезініп, елмен бірге зыр жүгіріп жүрді. «Елім дейтін ері бар, ерім дейтін елі бар» халық осындай болса керек.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ
Көмірші ауылы,
Райымбек ауданы