Перейти к содержимому
Главная страница » Қарқаралықтар қуанышы

Қарқаралықтар қуанышы

      Қарқара ауылында жиыр­ма жылдық үзілістен соң мәдениет оты қайта маз­да­ды. Талай жылдан бергі тұр­ғындардың тілегі қа­был болып, Мәдениет үйі жөндеуден өтті.

Екі қабатты ғимаратты жаңғырту жұмысын мердігер «Сем Шоғы құры­лыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Барлық талапқа сай мәдениет ошағы спортзалмен біріктіріле салынған.
Мәдениет үйінің ашылу салтана­тында сөз алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Облыс әкімінің қолдауының ар­қасында ауданның мәдениет саласы соны серпін алды. Соның бір дәлелі – Жалағаш, Бөлексаз, Жылысай ауылдарында заманауи мәдениет ошағы салынып, Қарабұлақ Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткізіліп жатқаны. Бүгін пайдалануға берілген жаңа ғимаратта мәдениет пен өнердің оты маздап қана қоймай, жастардың денсаулығын нығайтып, спортпен айналысуына да мол мүмкіндік ашылып отыр. Бұл тұрғындар үшін үлкен қуаныш, – деді.
Шараға арнайы қатысқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев ауыл жұртшылығын жаңа Мәдениет үйінің ашылуымен құттықтап, өңірдегі қоғамдық бастамаларға үн қосып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып келе жатқан ак­тер, режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай мен Кеген аудандық ақсақалдар кеңесі­нің төрағасы Сабыр Досымбековке «Алматы облысының Құрметті аза­маты» атағын табыстады.
Өз кезегінде Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай ризашылығын білдіріп, жаңа ашылған Мәдениет үйіне «Қайыңды көл» атты ерекше картинасын сыйға тартты. Сондай-ақ салтанатты шарада сөз алған өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы, ардагер фототілші Асылхан Әбдірайымұлы, ауыл тұрғыны Алғадай Нүсіпов ақ тілектерін жеткізді.
Мәдениет үйінің лентасы салтанат­ты жағдайда қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. «Сем Шоғы құрылыс сервис» ЖШС директоры Серік Жазықбаев жаңа ғимарат­тың символикалық кілтін аудандық Мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқаққа табыстады.
Бұдан соң жиналған көпшілік мәдениет ошағын аралап көрді. Екі қабатты зәулім ғимаратта домбыра, қолөнер үйірмелері жұмыс істейді. Бес мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, оқырман залы, 180 орынды көрермен залы бар. Үйірмелер жұмысына және шаруашылық қажеттілікте­ріне арналған бөлмелер орналасқан. Мәдениет үйінде 8 қызметкер еңбек етеді. Әжелер ан­самблі құрылған.
Ашылу салтанатына келген жұрт­шылық аудандық Мәдениет үйі ұсын­ған концерттік бағдарламаны тама­шалады. Қуаныш үстінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасының басшысы Данияр Әлиев облыс әкімі сыйға берген бес домбыраны мәдениет ошағына тарту етті.
Бұл күні Мәдениет үйінің ашылуына орай ұйымдастырылған волейболдан өткен финалдық ойын өз мәресіне жетті. Кеген командасы І орынды иеленіп, 100 000 теңгені қанжығасына байлады. Райымбек ауданының коман­дасы жүлделі IІ орынды еншілеп, 70 000 теңгеге, Ұзынбұлақ ауылының командасы ІІІ орын мен 50 000 теңгеге қол жеткізді. Барлық жеңімпаздарға аудан әкімінің дипломы мен арнайы кубогы табысталды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы