Облыстың дарынды, озат, шығармашыл және тағы басқа санаттағы балалар Қонаев қалалық орта мектеп-гимназиясында өткен Президент шыршасында бас қосты.
«Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Монте-Карлодағы беделді халықаралық фестивальдің жүлдегері және АҚШ-тағы джаз орындаушылар қауымдастығының мүшесі, скрипкашы Жәмила Серкебаева, Спорт және туризм академиясының 1-курс студенті, джиу-джитсу күресінен 8 дүркін, грэпплингтен 3 мәрте әлем чемпионы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Алматы облысының «Заңғар – 2023» жастар сыйлығының «Үздік спортшы» номинациясының, «Дарын – 2023» жастар сыйлығының жеңімпазы Жібек Құлымбетова құрметті қонақ ретінде қатысты.
Салтанатты шара театрландырылған, ән-би хореографиялық қойылымдармен басталды. Балалар ән шырқап, би билесе, Алдар көсе, Мауи, құбыжық пен ұлу ортаға шығып, көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сәнді киініп, түрлі аңдар мен ертегі және мультфильм кейіпкерлерінің кейпіне енген әр ауданнан келген балдырғандар Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, өздерінің де өнерден құралақан еместіктерін байқатып, бал тілдерімен шырқалған әндерге қосылып, дөңгелене би билеп, ерекше бір сезімге бөленді. Сонымен қатар қонақкәде рәсімін жасаған скрипкашы Жәмила Серкебаева сиқырлы аспабының үнімен жиналған қауымды бір сәт өзіне баурап алды.
Сән-салтанаты келіскен думанды тойда балаларды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаған Марат Елеусізұлы олардың ата-аналарын үнемі қуантып, ұстаздарын әрдайым тыңдап, сабақты жақсы оқып, зерделі де зерек, білімді де білікті болып, болашақта ел мақтанышына айналуларына тілектестігін білдірді. Шырша тойына қатысушы балаларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан 120 000 мың теңгенің сертификатын табыстап, дорба толы тәттілерді үлестірген сәті мерейлі мерекенің ажарын айшықтай түсті.
Аймақ басшысының қолынан сыйлық алып, қуанышқа бөленген балалар атынан сөз алған Талғар қаласындағы М. Әуезов атындағы №5 мектептің 6-сынып оқушысы Ханшайым Жолжақсын мен Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Шейрхан Хамитұлы ел Президенті мен облыс басшысына алғысын білдірді.
Қонаев қаласында да Жаңа жылға арналған мерекелік шырша жағылды.Мерекенің алауына айналған шырша жағу салтанатына 1-14 жас аралығындағы оқу озаттары мен қамқорлықты қажат ететін балалар қатысты. Жаңа жыл кешінде «Ақшақарға айналған Күлше қыз» қойылымы көрсетіліп, түрлі би композициялары қойылды. Сонымен қатар жылдағы дәстүрмен ортаға Аяз ата келіп, балақайлар тақпақ оқып, қала әкімінің сыйлығына ие болды. Мерекелік кеште 238 бала сыйлықпен қамтылса, оның 105-і салтанатты шараға шақырту алған. 1-4-сынып оқушыларына телефон мен тәттілер толы қорап берілсе, 5-сыныптан жоғары оқитындарға 50 мың теңге сертификат табысталды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ