Перейти к содержимому
Главная страница » Заңғар тұлғаны еске алды

Заңғар тұлғаны еске алды

     Биыл Қазақтың біртуар перзен­ті, мемлекет және қоғам қайрат­кері, ұзақ жыл ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 113 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай облыс орталығында­ғы Дінмұхамед Ахметұлының ескерт­кіші жанында жиын өтті. Рәсімге Қонаев қаласы әкімдігінің қызметкерлері, ардагерлер, этно­мәдени бірлестіктердің өкілдері және мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Ескерткішке гүл себеттерін қою­мен басталған жиында сөз алған Қонаев қалалық ардагерлер кеңесі­нің төраға­сы Базарбай Оралбаев даналығына даралығы жарасқан заңғар тұлғаның өмір жолына шолу жасап, ұлттың мәдениетін дамыту ісіндегі ұшан-теңіз еңбегіне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар қаланың ілкі буын өкілдері Д.Қонаевтың өмір өткелінен, кісілік мектебінен тағылым аларлық, ұрпаққа үлгі боларлық естеліктерімен бөлісті.
Мерекелік шара әрі қарай қалалық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Қала әкімі Асхат Бердіханов жинал­ған қауымды Дінмұхамед Ахметұлы­ның туғанына 113 жыл толуымен құттықтады.
– Дінмұхамед Қонаев ел басқарған жылдары кең-байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшы кенті мен 43 қала салынды. Іле өзені бөгеліп, су электр стансасы бой көтерді. Ол Қапшағай қаласының іргетасы қалануына бастамашы болды, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Осы айтулы күнге орай қала әкімі тұрғын үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы азаматтарға пәтер кілтін табыстап, құтты болсын айтты.
Баспанаға қол жеткізгендер қатарында қала тұрғыны Назым Ахметова бар. Ол 7 перзентті өмірге әкелген «Алтын алқа» иегері екенін, 17 жылдан бері кезекте тұрғанын, Д. Қонаевтың туған күнінде жаңа қоныста қуанышқа кенеліп жатқанын шаттана жеткізді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы