Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарға жаңаша көзқараспен баға беріліп, ол заман талабына сай қолданысқа түсе бастады. Білім беру жүйесіндегі өзгерістерден осыны аңғарамыз.
Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылында жыл сайын ақпан айында жерлестері Абыхан Жексембековті еске алу шарасын өткізуді дәстүрге айналдырған. Елі үшін еңбек еткен тұлғаның өмір жолы – өнеге. Сондықтан «Құндылықтар: кеше жəне бүгін» тақырыбымен айлық шаралар ұйымдастырылды. Оған аталған елдімекендегі Д.Қонаев, М.Ломоносов және А. Жексембеков атындағы орта мектептер ұжымы белсене қатысты.
Шараны қорытындылау кезеңі республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Жиынға келген қонақтар, ең алдымен, Абыхан Жексембековтің мүсініне гүл шоқтарын қойып, мектеп ішіндегі мұражайды аралап көрді. Конференцияда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының тәрбие теориясы және әдістемелік орталығының директоры Төлеу Әбішев және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы әдістемелік сүйемелдеу департаментінің бас сарапшысы Жанаркүл Тоғыс баяндама жасады. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытудың жолдары қарастырылды.
Бұдан кейін тәрбиенің оқу үрдісімен қалай ұштасқанын мұғалімдер өздері өткізген ашық сабақта жан-жақты көрсетті. Әріптестерімен пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Ал пленарлық отырыста «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының құндылықтарын іске асыру кеңінен талқыланып, өзекті ойлар ортаға салынды.
Облыстық әдістемелік орталығының директоры Г.Иманхатова шараға зор дайындықпен келген ұстаздарға және конференцияны әсерлі де мазмұнды етіп ұйымдастырған Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне алғыс білдіріп, Мақтау қағазымен марапаттады.
Шараны өткізу барысында көп нәрсені көңілге түйдік. Ғасырдан ғасырға өшпес мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды дәріптеп, білімге ден қойып, оқу мен тәрбиені бірге ұштастырудың пайдасы зор. Халық даналығы қорытқан қазына-байлықты, ұлттық тәрбиені қажетімізге жаратудан артық қастерлі міндет жоқ шығар.
Шара Қалықова,
А.Жексембеков атындағы орта мектеп директоры
Еңбекшіқазақ ауданы