Ақпан айы туса, бүкіл қазақ даласында Мұқағали жырлары жаңғырып жататындай. Жер-жерде ақынның туған күніне орай кеш өткізіліп, поэзияның Хантәңіріне құрмет көрсету дәстүрге айналған. Бұл дәстүрден Еңбекшіқазақ ауданы Көлді ауылында орналасқан мектеп ұжымы да сырт қалған жоқ. Мәдениет үйінде оқушылар арасында «Барлығы да, поэзия, сен үшін!» атты көркемсөз сайысы өтті.
Көлді орта мектебінің қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігі ұйымдастырған іс-шараға Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты Саят Дайымбаев, Тескенсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Елубай бастап, ауыл тұрғындары түгел келді. Мәдениет үйі көрерменге толып, оқушылар «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахналады.
Соғыстан әкесі қайтпаған Мұқағали жетімдік пен жесірліктің не екенін біліп өсті. Сондықтан соғыс тақырыбына қалам тербеген жырларындағы жетімнің мұңы мен жесірдің зары кімді болсын бейжай қалдырмайды. «Біздер жетімдерміз», «Жесір үні», «Сәби ана» өлеңдерін сахналағанда да балалар шығарманы бойынан өткізіп, жетеріне жеткізіп айтып, көпшілікті тәнті етті.
Көркемсөз сайысында оқушылардың өнеріне мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ш.Сансызбай, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі Р.Нарханов, қоғам белсендісі Л. Қаналиева төрелік жасап, жүзден жүйрік шыққан өрендерді мадақтамалармен және демеушілер тарапынан бөлінген қаржылай сыйлықтармен марапаттады. 5-7-сыныптар арасындағы бас жүлдеге Іңкәр Кенбайқызы лайық болса, І орын Әли Рустамұлы, ІІ орын Бақдәулет Жалғасбек, Әмина Әсілхан, ІІІ орын Айзере Абилулла, Айзере Бүркітбай, Айдос Балапанға бұйырды. Ал үлкен топта бас жүлдені Саялы Бауыржан алса, І орын Перизат Болатбек, ІІ орын Дильназ Мәмбетжан, Асылжан Нұржанқызы, ІІІ орын Дінмұхамед Жалғасбек, Жанерке Болатбай және Аяжан Әленге тапсырылды.
Мұзбалақ ақынның жырлары – шеті мен шегі жоқ дархан даладай кең, түпсіз терең, Хантәңірі шыңындай асқақ, кәусар бұлақтай мөлдір, жанға дауа, тәнге шипа. Сөз қадіріне жеткен ғажайып суреткердің әр шығармасы оқырманның буынын басып, жан рахатын сыйлайды. Поэзияның шоқ жұлдызы Мұқағали мәңгілік жасай бермек!
Гүлзира САДЫҚ,
Көлді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Еңбекшіқазақ ауданы