А.Тоқпанов ауылдық округінде орналасқан «Бент» зауыты – заманауи өндіріс орны әрі аудан экономикасына сүбелі үлес қосып отырған маңызды кәсіпорынның бірі. Зауыт жоғары сапалы құрылыс материалдарын шығарады. Аталмыш өндіріс ошағы «GK Railways» ірі Қытай холдингімен рельсті бекітпелер өндірісі бойынша кәсіпорын желісін роботтандыру жөнінде келісімге қол қойылғаннан кейін Қазақстан тарапынан «Fasteners Metal»-мен бірлесе ашылған болатын.
Міне, осылайша іргесі қаланған «Бент» зауыты 2025 – Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Мамандыққа ашықпыз: оқу және жұмысқа орналасу – табысқа жетудің жолы» тақырыбында Ашық есік күнін ұйымдастырды. Шараның мақсаты – жұмысшы мамандықтарын насихаттай отырып, жастарды зауыттың жұмыс барысымен таныстыру, кәсіптік бағыт-бағдар беру және жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсыну.
Ашық есік күні зауыт әкімшілігі мен білікті мамандар жастар мен жұмыссыз жандарға өндіріс процесін түсіндіріп, онда қолданылатын технологиялар мен өнімдер туралы толық ақпарат берді. Қатысушылар зауыт цехтарын аралап, жұмыс барысымен танысуға мүмкіндік алды.
Студенттерге зауыттың оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс істейтіні туралы айтылып, кәсіптік тәжірибеден өту мүмкіндігі түсіндірілді. Ал жұмыссыз азаматтар үшін бұл шара жұмысқа орналасуға мүмкіндік ашты.
«БЕНТ» компаниялар тобының басшысы Дінмұхамед Кузиев келген қонақтарға алғысын білдіріп, үздік жұмысшыларды Алғыс хатпен марапаттады.
Шараға қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова: «Жұмысшы мамандықтарының маңызы күн санап артып келеді. Өйткені елімізде жаңа өндіріс орындары ашылып, экономикамыздың дамуымен бірге білікті мамандарға деген сұраныс та өсіп отыр. Мұндай жағдайда жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту – басты міндеттің бірі. Алматы облысында бұл бағытта айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Аймақтағы 40 колледждің 25-і жұмысшы мамандықтарын оқытуда. Бұл оқу орындары жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, оларды заманауи талаптарға сай кәсіби маман етіп даярлайды. Жастарымызға осындай мүмкіндік ұсынып отырған «БЕНТ» фирмасына алғыс білдіремін», – деді.
Қатысушылар шараның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді. Студенттер үшін бұл кәсіби таңдау жасауда маңызды қадам болды, ал жұмыс іздеушілер зауыттың бос орындары туралы нақты ақпарат алды.
Кәсіпорын жұмыскерлерін үш мезгіл тегін ыстық тамақпен және әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда мұнда 600-ден аса адам қызмет етеді.
«Автоклав саласында жұмыс атқарғаныма бір жыл болды. Бұрынғы жұмыс орнымнан командамызбен ауысып келдік. Газоблок шығарамыз. Жұмыс айтарлықтай қиын емес. Өзіме ұнайды. Фирма тамақ, киім, жалақымен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіне иеміз», – деді зауыт жұмысшысы Азамат Жазықбаев.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, білікті мамандарды даярлау және оларды қолдау – зауыттың стратегиялық міндеттерінің бірі. «Бент» зауыты алдағы уақытта да осындай Ашық есік күндерін ұйымдастырып, жастарға қолдау көрсету мен аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға үлес қоса бермек. Мұндай бастамалар жергілікті тұрғындардың әлеуетін арттыруға және аймақтың дамуына мүмкіндік ашары сөзсіз.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы