Ұлттық банк жаңа дизайнмен номиналы 2 000 теңгелік банкноттарды айналымға шығарады. Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясы негізіндегі үшінші банкнот. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
Ұлттық банктің мәліметіне жүгінсек, жаңа банкноттар осы жылдың екінші тоқсанында қолданысқа толық енгізіледі. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет. Банкноттың түсі жасыл, бет жағында «Өмір ағашының» бұтағы, ДНҚ спиралі және молшылық символы ретінде мүйізді жануардың бейнесі бар. Артқы жағында қалқан мен ақбөкендер бейнеленген. Банкноттың ортасында Бурабай көлінің суреті берілген.
Ескі үлгідегі 2 000 теңгеліктер биылғы желтоқсан айынан бастап біртіндеп айналымнан алынады. Десек те, 2026 жылдың 24 маусымына дейін екі банкнот та қатар пайдаланылады. Одан кейін ескі банкнотты 3 жыл ішінде жаңасына ауыстыруға болады. Жаңа және ескі банкноттар заңды төлем құралы болып саналады және Қазақстанның барлық банкінде, Қазпоштада шектеусіз айырбасталады.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк 2011 жылғы үлгідегі 5 000 теңгелік банкноттардың 2023 жылғы өзгертілген дизайндағы 5 000 теңгеліктермен айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін ұзартылғанын мәлімдеген еді.
Ерзат АСЫЛ