-13 °c
Qonaev
Friday, May 9, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Жиырма жылдық белес

    04.03.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Жиырма жылдық белес
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

           Мұқағали Мақатаевтың құнды қазынасын зерделеп, ақын мұрасын ұлықтап жүрген басылым жаңа белеске көтерілді. Жыр перзентінің адамгершілік, ақындық қасиетін арыдан қозғап, дара болмысы мен телегей теңіздей талантына терең тоқталып, жырсүйер қауымның жанын жылытып жүрген республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналының жарық көргеніне биыл 20 жыл толды.

    «Жазылар естеліктер мен туралы» деп тебіреніп, отты да өрнекті өлеңдерімен өмірді ұғындырып, сұлу сөзден сарай соққан жыр жампозының жақұтты да жауһар поэзиясын елінің жүрегінен екі елі ажырата көрмеген басылымның бүгінде бәсі биік. Жыл өткен сайын жаңаланып, ақиық ақынның өмір жолын жаңа қырынан зерттеп, оған арнаған өлең-жырлардың қатарын қалыптастырып, ерекше сағынышқа бөлейтін естелік-эсселерді топтастырып, поэзияның алып мұхитына беттеген жаңа толқынның шығармашылығын жинақтаған басылымның әр саны өзінше сыр шертеді.
    Ақын қазынасын ұлт қазынасы деп білетін жұртшылық айғақты басылымды сағына да сарыла күтеді. Мұны журнал оқырмандарының саны жыл сайын еселеніп, жазылушылар қатарының артқандығы дәйектейді. Әдемі де әсерлі туындыларымен оқырманның жүрегін жаулаған «Мұқағали» журналының биылғы алғашқы нөмірі де тартымды шыққан.
    Ақын есімін ардақтаған басылым «Мұқағалитану орталығы керек» атты үлкен ұсыныс айтылған ауқымды мақаламен ашылды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Батық Мәжитұлы Алматы облысы­ның орталығы Қонаев қаласынан «Мұқағалитану мәдени орталығын» ашатын мезгіл жеткенін, бұл игі істің ұлтқа да, ұрпаққа да тигізер пайдасы көл-көсір екенін айтады. Мұқағали Мақатаевтың XX ғасырдың шекарасынан тоқтаусыз өтіп, XXI ғасырға жарқырап жеткен жампоз екенін тілге тиек етеді.
    Батық Мәжитұлы жаң­ғыр­­та көтерген маңыз­ды мәселеге ден қоятын уақыт­тың келгені анық. Жыр сүйіп, өнерді бағалай білетін миллиондаған жандар­дың көңіл шаттығы мен көз қуанышына айналар Мұқағалитану орталығын ақынның 100 жылдық мерейтойына ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.
    Журналдың келесі бетінде қазақ­­тың ұлы тұлғасы, Қазақстан Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауинды еске алатын «Мәңгілік Мағауин» атты мақала жарық көрді. Бүкіл ғұмырын өз елінің игілігіне арнап, өз халқының жолына жалғаған жазушының өмір таспасы қаламға арқау болған. Артынша Мұхтар Мағауинның 2018 жылы жазылған «Мұқағали» деген естелігі берілген.
    Журналдың келесі 19-бетінде «Түбі бір түркі жұртына бірігу қажет» деген сәті түскен сұхбат жарияланды. «Мұқағали» журналының редакция жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәдірбек Құныпияұлы Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұловамен геосаяси ахуал күннен-күнге күрделеніп бара жатқан уақытта рухани қауіптің бетін қайтару, жаһан тырнағына ілікпес үшін ұлтымыз не стеу керектігі жөнінде сұхбаттасқан. Ұтымды қойылған сұрақтар арқылы өзекті мәселенің алдын алу төңірегінде әсерлі әңгіме қозғалған. «Қадыр – найзағайлы ақын» деп Мұқағали Мақатаев баға берген Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойына орай ақынның бір топ өлеңдері журналдың келесі бетін кескіндеді.
    Басылымның бесінші мақаласы ретінде публицист жазушы Жақыпжан Нұрғожаевтың «Шығыстың шыңға біткен тік шынары» эссесі ұсынылды. Шығыстың шайырлары жайлы толғаған материалды оқып, тебіренбеуіңіз мүмкін емес. Басылымның келесі беттерінде дүниежүзі қазақтары жыр мүшәйраларының жеңімпазы, ақын Адалбек Ахмәдидің, республикалық Мұқағали оқуларының гран-при иегері, жас ақын Қуаныш Жазайдың бір топ өлеңдері жарияланып, жырсүйер оқырманның көңіл пернесін дөп басты. Журналдан түркі халықтары әдебиетінен де нәр алып, әсерлі әңгімелермен де сусындауыңызға болады. Қырғыз жазушысы Әбдікерім Мұратовтың «Арша астындағы айлы түн», «Күн апай» әңгімелері ерекше сезім сыйлап, тамаша әсерге бөлейді. Балалар әдебиеті бойынша Қырғыз үкіметі мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған жазушының шығармасын қазақшаға аударған Гүлнұр Қыранбайқызының да шеберлігіне тәнті боласыз.
    Жазушы, аудармашы, сыншы Серік Нұғманның «Құлғана» прозасы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлының «Барсакелмеске барып келген» шығармасы журналдың шырайын арттырып қана қоймай, оның салмағын да көтеріп тұр десек артық айтпағанымыз. Басылымдағы соңғы мақаланың жолы бөлек, жөні де ерек. Журналдың жаңа саны ыстық сезімге толы, жүрекке жылы дүниемен қорытындыланады. Белгілі журналист, ақын Әділбек Қаба «Мұқағали жылатқан күн…» естелігімен оқыған елдің жүрегін езіп, сағыныш алауын үдете түседі. «Бұл менің 6-сынып оқитын кезім. 1976 жыл. Көктемгі уақыт. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қайтыс болған көктем» деп басталатын әсерлі шығарма ақиық ақынның жырына ынтық болып, оның өлеңдері арқылы өзі де қалам ұстап кеткенін әсерлі әңгімелейді.

    Құралбек СӘБИТОВ

    Ұсынымдар

    Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ:  Жүректен жазылса – жүрекке жетеді

    Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: Жүректен жазылса – жүрекке жетеді

    2 years ago
    Облыста діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр

    Облыста діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр

    2 years ago
    Бас жоспарда барлығы қамтылуы тиіс

    Бас жоспарда барлығы қамтылуы тиіс

    9 months ago
    Бірыңғай уақыт белдеуі қай жағынан тиімді?

    Бірыңғай уақыт белдеуі қай жағынан тиімді?

    1 year ago
    Шекаралық ауданның шешілмеген мәселелері қозғалды

    Шекаралық ауданның шешілмеген мәселелері қозғалды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>