Ұлағатты қоғам, қуатты мемлекет болу отбасындағы тәрбиеге тікелей байланысты. Осы орайда Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Отбасы тәрбиесі – ұрпаққа ұлы құндылық» деген тақырыпта ата-аналар форумы өтті.
Салт-дәстүрді паш ететін ұлттық қолөнер бұйымдары, бүгінгі заман жетістігінің бірі – робототехника үлгілері мен оқушылардың түрлі ғылыми жұмыстары, экожобалары Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеден кейін форумға қатысушыларға ауданның білім саласындағы жаңалықтарын, әсіресе ұрпақ тәрбиесіне қатысты мектеп қабырғасында қолға алған бастамалар барысын баяндайтын бейнеүзінді көрсетілді. Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы Арайлым Төлеубекова пленарлық отырысты бастап, форум спикерлерін таныстырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастық профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева «Даналық мектебі» клубының жұмысын іске асырудың жаңа мүмкіндіктері жайлы сөз қозғап, ұлттық құндылықтар негізінде отбасылық өмірге жастарды дайындау туралы ойымен бөлісті.
«Ұлттық тәрбие – ұлттың темірқазығы, рухани жандүниеміздің бастауы» деген тақырыпта «Ақиқат» республикалық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Дәуіржан Төлебаев ұрпақ тәрбиесіндегі баспасөздің алар орны, балаларды газет-журнал оқуға баули отырып, оларды рухани қазынамен сусындатудың маңызына тоқталды.
«Отбасы – тәрбие мен құндылық мекені» тақырыбында баяндама жасаған ҚР Президенті жанындағы әйелдер және балалар істері жөніндегі «One Stop service – Бір қадам» орталығының практик-психолог маманы Жеңісгүл Хабаева тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылық, балалар бойындағы қатыгездік пен теріс қылықтардың салдары туралы нақты деректер келтіре отырып, осындай мәселелердің туындауына негізгі себептің бірі баланың өзін бағалай алмауы екенін айтты. «Сондай-ақ мұндай мәселелердің алдын алуда отбасындағы шай үстіндегі қарапайым әңгіменің маңызы ерекше екенін әрбір ата-ана білу керек», – деді.
«Қазақ қызын арға, ұлын нарға балаған. Ал бүгінде қыздарымыз ардың иесі, ұлдарымыз нардай болып өсіп жатыр ма? Әр ата-ана осы сұраққа жауап беріп, ұрпағының тәрбиесіне ден қоюы керек», – деген ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты Асылы Осман отбасылық құндылықтарды ұрпаққа өнеге етудің маңызы жайында сөз сөйледі.
Сондай-ақ форумға арнайы келген спикерлер – «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының директоры, мәдениеттанушы, баспагер Бағдат Құдияр, мәдениет саласының үздігі, ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Шоқпаров бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың, отбасының орны жайлы ойларымен бөлісті. Аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков бала тәрбиесінде ата-аналар мен ұстаздардың бірге жұмыла жұмыс істеп, ел тұтқасын ұстар білімді жастарды тәрбиелеудегі үлкен жауапкершілікті қажет етер қажырлы еңбектеріне табыс тіледі.
Форум барысында мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген ата-аналарға, соның ішінде жұмысшы мамандық иелеріне аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Пленарлық отырыстан кейін оқушылар форумға қатысушыларға мектеп өмірінен сахналық қойылым ұсынып, концерттік бағдарлама берді.
«Баланы жастан» дейді қазақ халқы. Өйткені ұрпақ тәрбиесі – ұлттың өзегі. Ұлттық құндылықтарды, ұлттық код пен ұлттық рухты бойымыздан жоғалтпай жалғастыру – әрқайсымыздың парызымыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, тәрбие талбесіктен, отбасынан басталуы, әрі ол ұлттық құндылықтармен қоса берілуі маңызды.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы