Балқаш ауданы Көктал ауылында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Құрмет белгісі», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Отан соғысы» ордендері мен көптеген медальдің иегері атанған, 1969-1984 жылдары Балқаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Әниятулла Ахметовтің 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Осыған орай, Әниятулла Ахметов атындағы орта мектепте волейболдан турнир ұйымдастырылып, «Таңбалы тарих – таңдаулы тұлға» тақырыбында мәдени іс-шара өткізілді. Алыс-жақыннан келген қонақтар ең алдымен білім шаңырағындағы музейде ардагерге қатысты жәдігерлермен танысты.
Кеште алғашқы сөз кезегін алған орта мектеп директоры Айбек Ләмбеков: «Әниятулла атамыздың мерейтойына мектеп ұжымы мен оқушылары «100 жылдыққа – 100 шара» тақырыбында арнайы жоспар құрып, бағдарламалар әзірледік. Соның бірі – өздеріңіз куә болып отырған бүгінгі кеш. Майдангердің өмір жолы – ұрпаққа өнеге», – деді. Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Алматы облысының Құрметті азаматы Бақыт Сқабаев пен Көктал ауылының ақсақалы Ізбасар Жинақбаев және аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров естеліктерімен бөлісіп, туған жердің ардақ тұтар перзентінің іскерлігі мен адамгершілігін кеңінен сөз етті. Аталмыш білім шаңырағында кезінде директор қызметін атқарған Зинат Қойшыбаева тойға құралақан келмепті. Волейбол турниріне қомақты қаражатын табыстап, мектеп оқушыларына классик жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының бірнеше кітабын сыйға тартты. Зейнеткер-ұстаз Гүлжамал Халықова ардагер атындағы музейдің ашылу тарихынан сыр шертті.
Майдангердің ұрпақтары – қыздары Гүлмира Ахметова мен Алмаш Ардабаева, жиені – Серік Сейілханов, келіндері – Халифа Жаппарова мен Аққайша Есбаева, Ғалия Ардабаева және немерелері Нүсіпжан мен Алмас Хамидоллаұлы шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, атасының портретін музейге табыстады. Мектеп оқушылары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертіп, өлең оқып, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Мәдениет үйінде марқұмның рухына Құран бағышталып, ас берілді. «Бірлік» кәсіподақ ұйымының төрағасы, Балқаш ауданының Құрметті азаматы Сайран Смағұлов бастаған қонақтар өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан айтулы азамат туралы тебірене әңгімеледі. Ал танымал журналист, Балқаш ауданы мен Қонаев қаласының Құрметті азаматы Зарыққан Әбілқасымұлы мерейтой аясында майдангер өмірі туралы «Тұғыры биік тұлға» атты кітаптың жарық көретінін айтып, көкталдықтарды бір қуантып тастады.
Бұдан кейін білім шаңырағының спорт залында 11 команда бас қосқан волейболдан турнир өтті. Сайыс қорытындысы бойынша, Іле ауданынан келген спортшылар бас жүлде алып, 500 мың теңге еншілесе, ІІ орын Ж.Бәрібаев атындағы орта мектеп спортшыларына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Береке орта мектебі қанжығалады.
Марапаттау барысында жеңіс тұғырынан көрінген командалар мен үздік спортшыларға ақшалай сый-сияпаттар, грамоталар мен медальдар табысталды. Өз командаларының тасын өрге домалатқан Шәмшия Сыздықбаева «Ардагер ойыншы», Нұрлан Деңгелбаев «Үздік төреші», Манара Құманбекова «Үздік қорғаушы», Мұхтар Сауытбай «Үздік доп беруші», Меруерт Жекебаева мен Баршам Берікбай «Үздік ойыншы» номинациясының иегерлері атанды. Осылайша Әниятулла Ахметовтің 100 жылдығына арналған мерейтойдың тұсаукесері өзінің кіндік қаны тамған ауылда дүркіреп өтті.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы