-13 °c
Qonaev
Sunday, August 17, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ЖЫЛ БАСЫ КӨРІСУДЕН БАСТАЛАДЫ

    12.03.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Мереке
    Ағайын құшақ ашқан күн

    Көрісу күніндегі әжелер. Автор: Болат Мәжит

    0
    SHARES
    8
    VIEWS

    Көрісу күні немесе Амал мерекесі 14 наурызда Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында, сонымен қатар Қарақалпақстан мен Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор өңірінде кеңінен тойланады. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы пайда болып, оған «Наурызнама» онкүндігі деген атау берілді. Әрбір күн белгілі бір тақырыпқа негізделген.  Онкүндіктің алғашқы күні Көрісу күні – Амал мерекесі болып белгіленіп, жалпыхалықтық сипат алды.

    Көрісу күнінің шығу тарихы жөнінде мамандардың пікірі әзірше бір арнаға тоғыспай тұр. Олардың бірқатары «Наурызнама» жоралғысының бірі десе, бірсыпырасы мұндай мерекенің бұрыннан бар екенін айтады. Кейбіреулер бұл дәстүрді өңірдің географиялық ерекшелігімен байланыстырады.  Батыс Қазақстан аймағының тұрғындары  негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан қар еріп, жер жіби бастағанда, туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болғанын алға тартады. 2002 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясында  Көрісу күні Батыс Қазақстан аймағында ғана сақталған ежелгі дәстүр екені аталған. Алайда батыста ғана мал бағып, басқа облыстар егіншілікпен айналысты деген жөн болмас.

    Ол кезде қазіргідей қар тазалайтын техника болмағандықтан, бір-бірін қыстай көрмеген ағайынның есен-саулық сұрасып, көрісуі барлық  өңірде де болғаны жайлы деректер кездеседі. Мәселен, Абай Құнанбайұлының «Жазғұтыры» өлеңіндегі «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,  Күлімдесіп, көрісіп, кұшақтасып» деген жолдары еліміздің шығысында да қыстан шыққан жұрттың арқа-жарқа болып көрісетінін айғақтап тұр емес пе?

    Кеңес одағы тұсында Наурызды тойлауға тыйым салынғандықтан атауын өзгертіп, жергілікті халық ұлттық мейрамда жасалатын жоралғының атымен Көрісу күні деп атауы да мүмкін. Мәселен, 1973 жылы Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің мұрындық болуымен «Проводы русской зимы» атаумен Наурыз мерекесі тойланғаны жайлы «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының 107-108- беттерінде баяндалған. Сол секілді қазақы аудандар мен ауыл халқының өткен ғасырдың орта шенінде Наурыз деп атамаса да, мейрамды шама-шарқынша мерекелегенін қазіргі қариялар еске алып отырады.

    Көптеген жылдар бойы Наурыз мерекесін зерттеп жүрген мәдениеттанушы Серік Ерғали ютуб арнасы мен әлеуметтік желіде 14 наурызды «Көрісу күні», «Амал»  деп атау дұрыс емес екенін, бұл күннің мәні мен мәртебесі түркінің, қазақтың мүшелдік жыл басы, жаңа жыл болып саналатынын  тілге тиек етіп жүр. «Қазақ тарихында, этнографиясында Көрісу күні деген жоқ, көрісу ғұрпы бар. Көрісу қазақта екі жағдайда болады. Біреуі, туысы қаза тапқан кезде бір-бірімен көрісіп, құшақтасып жылайды. Екіншісі – мүшелдік жаңа жылдың кіруіне байланысты көрісу ғұрпы», – дейді.

    Серік Ерғалидың пікіріне сүйенсек, биыл 14 наурызда  Ұлу жылы Жылан жылына орын босатады. Ғалым 10 жылдан астам уақыттан бері Наурыз мейрамы «14-нен бастап 8 күн тойлану керек» деген ұсыныс айтып келеді.   Тарихқа жүгінсек, Кеңес одағында 1918 жылы Григориан күнтізбесі қолданысқа енгізілген. Екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күн болып қалғанын ескерсек, юлиан күнтізбесі көктемнің алғашқы күні болған 1 наурыз – қазіргі 14 наурызға сәйкес келеді.

    Шәкәрімнің ұлы Ахат­тың күнделігінде: Әкей айтты: «Бүгін ескіше – 1 март. Қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қал­ды­рамыз» деп құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар», – деп жазылыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында арқадағы дәулетті Тәтидің наурызнама ойынын өткізіп, соған 100 кісі болып келген Арғынның атақты биі Едігеге: «Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі наурызнама қылдыра келдіңіз, – деп 8 күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті» деген дерек келтірілген. Алашқа аты мәлім әулиенің шығармаларының 8-томында оның 29 жасында  Бұқара шаһарында Ғабдалахыт хан ұйымдастырған 8 күндік наурызнама тойында болғаны жазылған. Ақтөбе облысы Ойыл аудандық «Ойыл» газетінің 2019 жылы 14 наурыздағы №11 санындағы Серікбай Қойбағаров деген азаматтың  «Наурызыңызбен!» атты мақаласында  халық арасында Наурыз мейрамының 14 наурыздан басталатынын, көрісудің Ойылда кеңес дәуірінде де тамыры үзілмегенін жазған екен.

    Көрісу күнінің шығу төркіні жайлы  мәліметтерді жүйелейтін болсақ, 14 наурыз қазақтың ескі Жаңа жылы деуге толық негіз бар. Халық арасындағы «Амал келді – жыл келді»  деген сөздің байыбына барсақ,  бұл – қазақтың Жаңа жылы 14 наурызда табалдырықты аттайтынының айғағы. Қазақта бұрын туған күн тойлау дәстүрі болмағанын көнекөз қариялардан еститінбіз.  Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын дүниеге келген адамдардың көпшілігінің кеңестік қызыл төлқұжатында туған күні көрсетілмеген. Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақтар жасты мүшелдік жыл санаумен есептеген. Әрбір жылы Наурыз айы туғанда, яғни жаңа жылда бір жасқа толған болып саналған. Ол Жаңа жыл  қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп тұр. Оған бүгінде батыс облыстардағы жұртшылықтың 14 наурызда бір-бірімен көрісіп, «Бір жасыңмен!», «Жаңа жасың құтты болсын!» деп құттықтап жататындары дәлел бола алады.

    Сайып келгенде,  елімізде былтыр енгізілген «Наурызнама» онкүндігі Орта Азия мен Қазақстанда Наурызды тойлаудың көмескіленіп бара жатқан форматын қайта жаңғыртты десек, ақиқаттың ауылынан  алыстай қоймаспыз. Өйткені Ұлыстың ұлы күні  14 наурыздан бастап тойланатын болды. Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Жасы кішілері үлкендерге сәлем беріп, жаңа жасымен құттықтап, бір-бірінің шаңырағынан дәм ауыз тиіп, өкпе-ренішін ұмытып, құшақтасып көрісетін мұндай атаулы күннің ендігі жерде «Наурызнама» онкүндігі шеңберінде өтуі елді бірлікке шақырып, ынтымаққа бастайды. Бұл мереке қазақтың салт-дәстүрін,  әдет-ғұрпын насихаттап,  ұлттық құндылықтарды өскелең  ұрпақтың санасына сіңіруге септігін тигізетіні сөзсіз.

    Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

    Ұсынымдар

    Әдемі ойын өрнегі

    Әдемі ойын өрнегі

    5 months ago
    Экология – ел амандығы

    Экология – ел амандығы

    12 months ago
    Болсайшы ағалардың бәрі осындай!

    Болсайшы ағалардың бәрі осындай!

    3 weeks ago
    Өңір оқушылары халықаралық байқаудан жүлде алды

    Өңір оқушылары халықаралық байқаудан жүлде алды

    4 months ago
    Серпіліс сыйлады

    Көше атауы кезең-кезеңімен өзгереді

    2 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>