Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурызда Ұлттық киім күні атап өтіледі. Қазақтың ұлттық киімі — халықтың мәдениеті, тарихы мен дәстүрінің айқын көрінісі. Әр бөлшегінің мән-мағынасы бола тұра, әсемдігімен ерекшеленген. Ол дала климатына сай ыңғайлы, қолайлы әрі әдемі болған.
Ұлттық киімді дәріптеу – дәстүрге құрмет әрі оны қазіргі шынайылыққа бейімдеу арқылы мәдени бірегейлікті сақтау.
Наурыз мейрамында еліміздің бірнеше өңірінде ұлттық киімді ұлықтауға бағытталған мерекелік іс- шаралар өткізіледі.
Көкшетау қаласында 1000-нан астам әйел қатысатын «Кимешек шеруіне» дайындық жүріп жатыр.
Ақтау да Гиннестің рекордтар кітабына енуді көздеп отыр, онда 5 мыңнан астам адам «Қазақ ұлттық киімін киген ең көп адам» номинациясы бойынша рекорд орнатпақ.
