Күндей күркіреп өте шыққан Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына да 80 жыл! Бүгінде сол жеңімпаз жауынгер аталарымыз бен апаларымыздың қатары сиреп қалды. Өзіңіз ойлаңызшы, соғысқа 18 жасында аттанған сондағы жас жігіттің өзі қазір 102-де… Осындайда Мұқағали ақынның:
Неменеге жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнекей, жағада тұр, – дейтін өлеңі еске түседі.
Қазіргі таңда ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінде қызмет еткен көзі тірі екі соғыс ардагері ғана қалыпты. Олар – Николай Таратунин мен Михаил Уколов. Осыдан екі жыл бұрын, 28 сәуірде 100 жасқа толған Николай Александровичтің тарихын шекарашылармен қатар, республика жұртшылығы жақсы біледі. Бүгінгі әңгіме Михаил Иванович туралы болмақ.
Биыл 100 жасқа келетін Михаил Иванович 18 жасқа толысымен әскерге алынып, өзінің азаматтық борышын шекара шебінде өтейді. Мұнда ол өзі секілді жауынгерлермен бірге шекаралық бағандарды қайта қалпына келтірумен айналысады.
Он бес жасында басталған соғыстың қиындығын бір кісідей көрген ардагер 1945 жылдың 9 мамырын аспанға оқ атып қарсы алғанын мақтанышпен айтады. 1951 жылы әскерден босап, Алматыға оралған майдангер зейнетке шыққанша ішкі істер саласында қызмет атқарды.
Қазір ардагер өзінің зайыбы Валентина Ивановнамен бірге Алматы қаласында тұрады. Екеуінің шаңырақ көтеріп, бірге тұрып келе жатқандарына биыл 71 жыл толады.
Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Қарғалы» шекара бөлімшесі ардагер Михаил Уколовты өздерінің қамқорлығына алған болатын. Олар ардагерге тұрақты түрде материалдық көмек көрсетіп, азық-түлік, қажетті заттарын алып беріп, үй тұрмысына да қолғабыс етеді.
Шекара қызметкерлерінің бұл бастамасы өзгелерге үлгі етуге тұрарлық. Жалпы ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Ұлы Жеңістің 80 жылдығына – 80 игі шара» акциясы өтуде. Соның аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі