Іле ауданы Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектепте «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» атты мұғалімдер арасында дәстүрлі «Шабыт» байқауы өтті.
Аудандық әдістемелік орталығы жанынан құрылған «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы мен №15 орта мектеп ұжымы бірлесе ұйымдастырған шараның мақсаты – қазақтың халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтің шығармашылығын насихаттау, мұғалімдердің өлең-жырға, ән-күйге деген қабілет-қарымын, өнерге деген құштарлығын арттыру.
Шараның ашылу салтанатында облыстық әдістемелік орталығының әдіскері Гүлмира Бейсембаева, Іле аудандық әдістемелік кабинетінің әдіскері Ақмарал Молдағұлова қатысушыларға жылы лебіздері арнап, сәттілік тіледі. Байқау шартына сәйкес қатысушылар Кенен Әзірбаевтің өнегелі өмірін, рухты жырларын өз шығармашылығына арқау етсе, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу және жатқа айту сайысында да үміткерлер барын салды. Ән байқауында әр мектептің үкілеп қосқан мұғалімдері Кенен ақынның әндерін әуелете шырқады. Байқаудың ең күрделі бағыты – ақындар айтысы да тартысты өтті.
Сайыстың қорытынды бөлімінде тәжірибелі ұстаздардан құралған қазылар алқасы әр номинация бойынша өз пікірлерін ортаға салып, қатысушылардың өнері мен дайындық деңгейін саралап, ой қорытты. Өнерімен алға озған жүлдегерлер арасында Іле ауданындағы №15 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Айнұр Күлбатырова да бар. Ол Кенен атамыздың «Туған жер» әнін тамылжыта орындап, қазылар алқасының да, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленді. Айнұр – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Осыған дейін «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет еткен. Бүгінде №15 орта мектепте оқушыларды ән-күйге баулып жүр.
«Кенен атамыздың әндері – халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы. Дала дарынының туындылары туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, алға қарай жетелейді. Әйгілі сазгердің әндерін шырқаған сайын ерекше шабыт аласың. Көрермендердің тебірене тыңдайтыны сондықтан. Бүгінгі байқауда бірінші орын алғаным – мектебімнің ортақ қуанышы. Әлия Жұбанова жетекшілік ететін ұжымымызда өнерге жақын ұстаздар аз емес. Аталған байқау мұғалімдердің сол ерекшеліктерін паш етуге мүмкіндік берді», – дейді ән байқауының жеңімпазы Айнұр Болатбекқызы.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, білікті де білімді маманнан тәлім алу бір бақыт. Шәкірттері өнер байқауларында топ жарып, мектебінің мәртебесін асырып жатса, ұстаз мерейінің де үстем болатыны анық.
Гүлмира Бектайқызы өнер додасында оза шапқан мұғалімдерді жеңісімен құттықтап, Іле аудандық білім бөлімі басшысының дипломдарымен марапаттады. Асылдың сынығы Төрткен Кененқызы байқауға қатысқан барша ұстазға ақ батасын берді. Жиналған көпшілік аталған байқаудың аясы одан сайын кеңейе түсіп, үлкен өнер додасына айналсын деп тарқасты.
Өз тілшіміз,
Іле ауданы