Жамбыл ауданы Ақтерек ауылында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік шара өтіп, Қоңыртөбе тауының етегі ән мен жырға, күмбірлеген күйге бөленді. Жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлерде жыл басының басты дәмі – наурызкөже таратылды. Жастар жағы алтыбақан теуіп, көпшілік шат-шадыман күй кешті.
Шараның салтанатты ашылуында аудан әкімі Нұрлан Ертастың мерекеге арнаған құттықтауын орынбасары Әділбек Қамбарұлы жеткізді. Ауыл ақсақалы Самужан Бадамбеков көпшілікке ақ батасын берді. Сондай-ақ Ақтерек ауылдық округінің әкімі Ғани Шортанбаев, ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ауылдың жомарт жүректі азаматы Темірлан Шайнүсіпов ізгі тілектерін білдірді.
Мерекеге сай безендірілген дала сахнасында аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасы тамашаланды. Сонымен қатар арнайы шақырылған танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, Ақтерек аспанында ән-жыр қалықтады. Ұлттық ойындар мен бұқаралық спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Жүлделі орын алғандар бағалы сыйлықтармен марапатталып жатты. Бәсекені алдымен желаяқтар бастады. Бозкілемдегі балуандар белдесуі де тартысты өтті. Сол сияқты арқан тартыс, қошқар көтеруден де мықтылар анықталды. Жарыста басым түскен барлық жүлдегерге ақшалай сыйақы берілді.
Ұлттық ат спорты ойындарын көрермен тіптен қызыға тамашалады. Аударыспақ, қыз қуу, теңге ілуден кейін көпшілік тағатсыздана күткен ат жарысы болды. Тай, құнан, аламан бәйгеге алыс-жақыннан атбегілер небір жүйріктерін әкеліп қосты. Алдымен 3 шақырымдық жарыс жолына шыққан тай жарысында Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін ауылынан «Ақмоншақ» деген жирен тай бірінші болып келді. Одан соң аш күзендей шиыршық атқан құнандар 9 шақырымға тізгін босатты. Соңғы айналымда Балқаш ауданы Бақанас ауылынан Алтынбай Назардың «Мулан» деген жүйрігі сөреге алдымен жетті, оны Мерей есімді шабандоз бала тізгіндеді, бапкері – Жамбыл Бөбекбай. Тай мен құнан жарысында 1-орын алғандарға жүлдеге жабу жабылған бір-бір тайдан тапсырылды.
Аламан бәйгеде құйрық-жалы сүзілген 107 сәйгүлік 18 шақырымға бауыр жаза көсілді. Нәтижесінде Жаркент қаласынан Мағруф Қадыровтың қара тұлпары жеке-дара келіп, ат иесі бас бәйгеге – үстіне кілем жабылған түйеге ие болды. Ат жарысының үш түрінен алғашқы 5 орынға бәйге тағайындалып, жүлдеге тай, тоңазытқыш, теледидар, электрлі самокат, қой сияқты сыйлықтар табысталды. Соңынан білекті де жүректі жігіттер жаппай көкпар тартысты.
Жалпы бұл ауылда жыл басы осылай тойланатын. Тек кейінгі бес жылда ғана әлемді жайлаған індеттен кейін саябырсып қалған еді. Енді, міне, ақтеректіктер жақсы дәстүрін қайта жаңғыртты. Аудан орталығынан шалғайдағы жұрттың көңіл-күйін көтеретін осындай шараға көпшілік риза. Солардың бірнешеуін сөзге тартқанымызда, ауыл тұрғыны Талғат Әбдіманап мұндағы ағайын өте қонақжай екенін айтты. Ал осы маңдағы Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Шилібастау бекетінің тұрғыны Төлеукелді Барлыбаев мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп:
– Ауыл жұрты үй тігіп, қазан көтеріп, келушілерге дастарқан жайыпты. Ішке кіріп, дәм татып, батамызды бердік. Өзім теміржол саласында 44 жыл жұмыс істегенмін, қазір зейнеткермін. Осында бұрынғы тамыр-таныстарымды кездестіріп, мәре-сәре болып қуанысып жатырмыз. Наурыз – жаңару, тазару, ізгілік мерекесі. Жыл басының халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жарқырата көрсете отырып тойланғанына ризамын. Бұл, әсіресе, жастарымызға үлгі-өнеге болмақ, – деген пікірін жанындағы әріптесі, Отар бекетінің тұрғыны Тілек Мәлібеков те қостады. Атқа мінген Зәуреш Рахметқожаева өз әсерін былайша жеткізді:
– Мен Қарасай ауданына қарасты Үштерек ауылында тұрамын. Ақтерек ауылының тумасымын, төркіндеп келген жайым бар. Өзім бес баланың анасымын. Туған жеріме келгенде осындай тойдың үстінен түсіп, туыстармен, жерлестеріммен көрісіп, қуанышым қойныма сыймай тұр. Інілерімнен ат сұрап мініп, таныс маң табиғатының сұлулығына тағы бір тамсанып қайттым. Неткен әсемдік, кеңдік десеңізші! Тіршілік қарбаласын бір сәтке ұмыттыратын осындай көпшілік іс-шара адамға керек-ақ, – дейді.
Ақтеректіктердің ұйымшылдығына біз де куә болып қайттық.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Ақтерек ауылы,
Жамбыл ауданы