Өмірде адамға анадан артық қамқор, жақын жан жоқ. Ана – айналасына шуағын шашқан күн іспетті. Одан бүкіл адамзатқа ыстық сәуле тарайды. Ана – өмір гүлі, баласы үшін шуақ нұры. Аналарға құрмет көрсету – адамзатқа ортақ іс. Елімізде 2023 жылдан бері мамыр айының екінші жексенбісінде Аналалар күні атап өтіліп келеді. Осы орайда көпбалалы аналарды жұмыспен қамтып отырған ананың бірі – Қонаев қалалық «Ана сәулесі» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Indira» қыз жасауы цехының басшысы Жанат Қалжанова туралы сөз етпекпіз.
Жанат Медетқызы 1970 жылы 27 тамызда Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. Туған жерінде мал дәрігері мамандығын меңгерген ол 1990 жылы қазіргі Қонаев қаласына қоныс аударған. Еңбек жолын «АДК» құрылыс компаниясының филиалында бастаған. Одан кейін «Алматыгосстрой» құрылыс компаниясында абыройлы еңбек еткен. 2007 жылы «Ғибрат» атты республикалық көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалың төрағасы болып сайланады. Бұл қоғамдық қызметінде көпбалалы аналардың өтініштерін, шағымдарын тиісті орындарға жеткізіп, олардың өзекті мәселелерінің оң шешімін табуы үшін құзырлы мекмелердің табалдырығын тоздыруға тура келген. Ақпарат құралдарына жүгінген кездері де болған. Телеарнадағы кезекті бір сюжеттен кейін филиалдың кеңсесін екі бөлмелі пәтерінің бір бөлмесіне көшіруге тура келген.
2009 жылы көпбалалы аналарды жұмыспен қамту мақсатында қолөнершілер шеберханасын ашқан. Алғашқы кезде көпқабатты үйдің аядай жертөлесінде басталған істі жыл өткен сайын дамыта түсті. Бүгінде «Indira» қыз жасауы цехы 10 ықшамаудандағы жаңадан салынған арнайы ғимаратқа қоныстанған. Онда Ресейден, Чехиядан, Түркиядан келген заманауи құрылғылармен жабдықталған цехта 10-нан астам қыз-келіншек еңбек етуде. Кезінде жұмыссыз жүрген көпбалалы аналарды жұмыспен қамту ниетінен туындаған игі бастамасы осы кәсіпті дөңгелетуге себеп болған. «Ана сәулесі» қоғамдық бірлестігі мүшелері еңбек ететін қолөнершілер шеберханасының өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылуда. Сонымен қатар ішкі саясат басқармасы ҮЕҰ-дың консалтинг орталығы арқылы өткізілген «Жаңа бастамалар – жаңа мүмкіндіктер» атты әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне қатысқан «Ана сәулесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Қалжанова көпбалалы аналарға арналған «Дәмді тұшпара цехы» жобасы бойынша грантты жеңіп алды. Көпбалалы аналардың арасында түрлі саланың мамандары болғандықтан тігіншіліктен де басқа салалар бойынша қызмет түрлерін ашуды ұйғарған ол мемлекеттің қолдауымен тұшпара цехын ашты. Өнімдері «Дәмді» брендімен қалалық дүкендерде сатылады.
Жанат Медетқызы қоғамдық жұмыста да белсенділігімен көзге түсуде. Ол «Ана сәулесі» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің төрағалығымен қатар қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, қалалық деңгейдегі жер мәселесі бойынша комиссияның, грант комиссиясының, қала әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі комиссияның мүшесі болып қоғамдық қызмет атқаруда.
Әрдайым көпбалалы аналарға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, көпбалалы аналарға курстар өткізіп, олардың бизнесін бастауына себепкер болуда. Ол жетекшілік ететін «Ана сәулесі» қоғамдық бірлестігі қала көлеміндегі мерекелік және мәдени іс-шаралардың өтуіне атсалысып, қайырымдылық шараларына қатысады.
Мемлекетке масыл болмай, кәсібін дөңгелетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген Жанат Қалжанованы Аналар күнімен құттықтай отырып, көпбалалы аналарға қолдау көрсету жолындағы еселі еңбегінің жемісін көруін тілейміз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ