Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жеткізіп, сала қызметкерлерінің еліміздің рухани және мәдени дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
– Сіздердің ел үшін жасап жатқан еңбектеріңіз ерекше құрметке ие. Мемлекетіміздің, оның ішінде өңіріміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттауға өлшеусіз үлес қосып, өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге зор алғыс айта отырып, алдағы уақытта да ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға бағытталған жаңа, жарқын жобаларды жүзеге асыратындарыңызға кәміл сенемін, – деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде Данияр Абзалиденұлы үздік мәдениет қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатын табыстады. Сондайақ номинациялар бойынша үздік деп танылған мәдениет мекемелері мен жеке өнер иелерін марапаттады. Атап айтар болсақ, Райымбек ауданы Қақпақ ауылдық Мәдениет үйінің директоры Нұрмұханбет Сатымбаев, облыстық орталық әмбебап кітапханасының «Кітап қорын сақтау» бөлімінің меңгерушісі Мақпал Андас «Үздік мәдениет қызметкері» атанды. Талғар аудандық кітапханасы, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы, «Қарадала» театры мен Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйі «Үздік мәдениет мекемелері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, оларға 500 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сонымен қатар жеке номинациялар бойынша үздік қызметкерлерге де арнайы сыйақылар берілді. Ал «Ең үздік мәдениет мекемесі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған «Үшқоңыр» этнофольклорлық ансамбліне «JAC S3 PRO» көлігінің кілті табысталды. Аталған шарада бірқатар өнер майталмандарына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетсек, қазіргі таңда облыста 293 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Бұл қатарда 144 кітапхана, 119 Мәдениет үйі, 15 музей, 11 архив және Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, «Алатау әуендері» МКҚК, облыстық халық шығармашылығы орталығы, тарихи мәдени мұраны қорғау орталығы сынды 4 облыстық мекеме бар. Аталмыш мекемелерде аймақ мәдениетін көтеру, өнерін өрістету жолында рухани сала мамандары талмай еңбек етуде.
Ермұрат МҰҚЫРБАЙ