-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Көне өркениеттің киелі ордасы

    05.06.2025
    in Барлық жаңалықтар, Тарих
    Көне өркениеттің киелі ордасы
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

         Алматыдай алып қаладан шыққан бойда үлкен бетонды жолмен зуылдап, барар жерімізге жылдам-ақ келдік. Келе жатқанымызда телефоныма бір хабарлама түсті. Әлгі хабарламада «Көне Құяс қаласы. Үйсіндер. «Алтын адам» деген тақырыппен бірнеше шумақ өлең жазылыпты. Авторы – белгілі ақын Мақсат Ережеп. «Үйсіндермен үндесер жалпы далаң, Көне қорым – жәдігер жарқыраған! Оған куә таңбалы қара тастар, Оған куә табылған «Алтын адам», – деп жырлаған Мақсат інім біздің көне қала орнына бара жатқанымызды мүлде білмейтін еді. Оның шабыты аяқасты құйылып, бұл өлең жолдары қалай өріле кетті екен? Әрі қандай жыр жолдары десеңізші?! Құтты арғы әлемнен құйылғандай. Мен тек бір шумағын ғана келтіріп отырмын. Әрі көптен хабарласпаған маған әлеуметтік «Whatsapp» желісі  арқылы жолдаған. Бұл не деген сәйкестік?! Бабалар рухы жан дүниесін қозғатып, көне қала орнына жол жүріп бара жатқан маған жібергенінде бір тылсым байланыс жатыр-ау, сірә?! Санам осылай қабылдады.

    Жол тартуымыздың басты себепкері – тарихшы Дүйсенбай Сығаев деген азамат. Бұрынғы Алматы облыстық «Алатау» газетінің 2022 жылғы №32 санында «Үйсіннің астанасы Шығу қаласы қайда?» атты  мақаласы шыққан. Осы мақаладан соң хабарласып, сол жерді көрсетсеңіз деп өтініш білдірген едім. Жеке жолығып, өзара әңгімелескенімізде, біраз қызықты жайтты айтты. Ол жердегі қала аумағы 300 гектарға жуық. Ал төбедегі адам жерлеген қорған обалар мыңнан асады. Бұл жер кезінде үлкен қала орны болған. Ол жерден қыш ыдыстар табылған және де темір қорытатын пештердің орны бар. Шығу қаласының екінші атауы кей ақпараттарда «Қызыл аңғар» деп жазылған. Қызыл аңғарың, міне, Шарынның қызылға боялған шатқалдарының ортасында жатыр. Осы кездесуден кейін үш жыл уақыт өтті. Әлкей Марғұлан атындағы институт ғалымдарымен бірге баруды жоспарлағанымызбен, сәті түспей жүрген. Сөйтіп жүргенде Дүйсенбай атты інім хабарласып: «Қазақ ұлттық университетінің деканы, профессор Досбол Байқонақов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан Еркін Стамшаловпен бірге көне қала орнына барып, бір күндік экспедиция жасамақшымыз. Бірге сіз де жүріңіз», – деді. Қуана құп алып, ертесі таңғы сағат 6-да жолға шықтық. Сапарымыздың жайы осылай басталып еді.

    Ұйғыр ауданы деген белгіден өтіп, Шарынның көпірінен кейін біраз жүргеннен соң, жолбасшы кісі күтіп алды. Осы жерде туып, өмірі осы жерде  өткен, «Шарын» ұлттық паркінде инспектор болып істеп, бүгінде зейнетке шыққан, көпті көрген, зерделі азамат Мәкен Әлдибековпен осылай таныстық. Ол кісі жол бастады. Әке жолын қуған азаматтың ұлы да осы ұлттық парктің инспекторы екен. Тарихи орынға негізі арнайы рұқсатпен ғана кіргізеді. Біз рұқсат алу үшін бір сағаттай уақыт жұмсадық.

    Су орып кеткен аңғар ізіне келген кезде Мәкен аға:

    – Міне, осы жерде жаңбыр жауған соң су шайып, құмыра, тостағандар табылған. Немерелерім осы жерде ойнап жүрген. Кенет шуылдап, айғайлап мені шақырды. Барсам, осы қыш ыдыстардың үштен бір бөлігі топырақ қабатынан су шайған соң көрініп қалыпты. Содан күрек әкеліп, ақырындап төңірегін қазып, топырақтан босатып, үш ыдысты сау күйінде шығарып алдық. Мұнда көне пештер бар. Тұрмысқа пайдаланған қыш ыдыстар, құмыра, тостаған, табақ, тағы басқалары кездеседі. Жоғары температурада  күйдіру үшін жасалған. Бұл бүгінге жеткен көне жәдігерлердің бірегейі. Оны қалай сақтап қалуға болады? Ашық күннің астында жатқан осы тарихи жәдігерді сақтап қалудың жолы шатыр салу. Бірақ ол қашан жасалады, белгісіз. Шеңберлі қазандықтың астындағы тесіктерден арнайы жерасты каналымен жаққан оттың қызуы келіп, шұңқырдағы жасалып қойылған ыдыстарды ыстық пеште күйдірген. Бұлар жар шетінде тұрған соң бұзылып, қопарудан аман қалған, – деп жер бетіндегі жәдігерлердің орнын көрсетті.

    Әңгімеге араласқан Досбол Байқонақов: «Бұл жердің үстіңгі мәдени қабатын  аяусыз жоқ қылған екен», – деді. Қызбаланған Дүйсенбай: «Кеңес өкіметіне, Мәскеуге Үйсін мемлекетінің мүлде жоқ болғаны қажет еді.  Қазақта өркениет болмаған. Қала болмаған. Олар осы бағдарламаны басшылыққа алып, осы бойынша жұмыс жүргізген. Жоғары билікте отырғандардың тапсырмасына жергілікті басшылар бас шұлғыды. Бұл әрекеттерінің ғасырлық қылмыс екенін көбі мүлде ұқпай кетті», – деді.

    Мәкен аға әңгімесін одан әрі былай жалғастырды: «1970 жылдары осы жерге археолог орыстар келді. Біреуі Мәскеу қаласынан екен. Біреуі қазақстандық археолог екен. Келіп, аралап көріп, арасында біздерге қарап-қарап  қояды. Бір кезде шыдамы жетпеді ме: «Мен сіздерге қарап, таң қаламын. Сіздер неге осыған бей-жай, қалай болса, солай қарайсыздар? Бұл деген Үйсіннің қалашығы, сіздердің тарихтарыңыз ғой!» – деді. «Мүмкін бізге рақметтерін де айтатын шығар. Бұл – Үйсіннің қаласы, тіпті астанасы болуы әбден мүмкін», – деген екіншісінің сөзінен кейін нені меңзегендерін түсіндім. Археологтардың бірі осы жерде ауырып, осыған байланысты көп аялдамай, біраз жерлерді көріп, қағаздарына түртіп, фотоаппаратқа суретке түсіріп, кетіп қалыпты. Осы кісілердің әңгімелері есімнен еш шықпады. Олардың сөзінен кейін бұл жердің жай емес, үлкен тарихи орда екенін түсіндім».

    Мәкен аға осындай тағылымды оқиға жайлы әңгіме тиегін ағытып: «1977 жылдары басқа ауылдардан шынжыр табанды тракторлар келіп, осы жерді тегістеп, талқанын шығарды. Сұрастырсақ, бидай себетін егістік керек екен. Арасында бір келсем, әр тракторшының қолдарында бір-бір темір қылышты көтеріп алыпты. Арасында қылыштасып, ойнап жүр. Қайран жерді теп-тегіс етіп, жаймалап тастады. Тарихи орынға бидайдың тұқымын әкеліп , сеуіп тастады. Оған кейбір білетіндер бидай шығушы ма еді деп күлді. Бидай ақыры шықпады. Күйіп кетті. Одан кейін қарағаш екті, оның да шыққаны шамалы. Біз Кеңес өкіметіне имандай сендік. «Ой, олар біздің қамымызды ойлап жатыр. Не істесе де, ел игілігіне жұмыс істейді» деп ойладық. Ал шын мәнінде олар біздің барымызды, тарихымызды көз алдымызда жоқ жасап жатыпты», – деп ашынды.

    Қаланың ортасынан төмен қарай жер бетінде қыштың сынықтары  қаптап жатыр. Мәкен ағаның айтуынша, келген туристер қыш сынықтарын пакеттерге салып, алып кетуде. Сонда да әр жерден көрініп, кей жерлерде әлі шашылған күйі қалған. Тас диірменнің бір кесек сынығы да кездеседі. Жыпырлап шашылған қыш кесектері шынжыр табанды тракторлардың тырмаларымен уатылып, ұсақталып кеткен. Беті осылай, ал астында небір жәдігерлер қалғаны да ақиқат.

    Аяққа басқан топырағымыз жұп-жұмсақ. Көтеріліп жатқан шаң да, үп еткен жел де жоқ. Қасиетті бабаларымыздың рухы жебеп, ақ мамыққа салып, мейіріммен аялап келе жатқандай күй кештім. Не деген іңкәр сезім?! Осы ойыма оралған сезімімді Мәкен ағаға айтсам, ол кісі үнсіз жымиды.

    Қызыл аңғар ішіндегі Сарытоғайдағы қала орнынан шығыс жағындағы қыратқа шықтық. Бұл төбедегі жазық көне Үйсіннің қорған, үйілген обалары. Биіктен қарағанда шеті-шегі көрінбейді. Кеңес өкіметі бұл қорған-бейіттерді талқандап, тегістеуге Құдайдан қорықса керек. Шетсіз мыңдаған қорған жатыр. Осыдан артық қандай дәлел керек? Осының өзі бұл жердің үлкен қала болғанын  айғақтап отыр.

    Бір күн аралап, көне қала орнынан алған, көрген әсеріміз көп болды. Бұл қала орны туралы Дүйсенбай Сығаевтың жазған зерттеу мақаласы өте құнды деп есептеймін. Үйсіннің астанасы Шығу жөнінде біршама болжам бар. Оның бірі – Кегендегі, Құмтекейдегі құм басқан орын. Кеген жазығында Үйсін дәуіріне жататын патша қорымы тобына тиесілі алып обалар жеткілікті. Осыған қарап, Үйсін билеушілері осы маңайда тұрған деген қорытынды жасауға болады. Қарқараның Мыңжылқысындағы Қағанның балбал мүсіні, Кегендегі Үйсін жазуы, Құмтекейдегі ұзындығы 2200 метр,  ені 1000 метр болатын құмды жер – бәрі осының дәлелі.

    Құмтекейді Шығу қаласы деген пікірдегі ғалымдар да көп. Мәселен, ғалымдар Ғ.Мұсабаев, Қ.Сәтбаев, Б.Албанилар осы пікірді ұстанған. Енді біраз адам Шарын өзенінің оң жағынан табылған көне қала орнын Шығу осында деген пікір айтады. Бұларға қарап, аталған орын туралы біраз тарихшылардың хабардар болғанын білуге болады. Шығыс зерттеушісі Н.Бичуриннің Қытай жазбаларынан түпнұсқадан жасаған аудармасында «Іле бойындағы Үйсін иелігіндегі астана» деп жазылған. Саяхатшы Чжан Цянь жазбасында (б.з.б екінші ғасырда) «Қызыл аңғар қаласы» деп көрсетілген. Бұл туралы Матсуда Хисао деген жапон тарихшысы «Үйсіннің Чекух қаласының орны Тәңіртаудың оңтүстігі мен солтүстігіндегі ең маңызды сауда жолының үстінде дегенге қосыламын» депті. Енді осы үш деректің де сәйкестігін байқаймыз. Бірінші Іле бойындағы қалаға осы, біз келген жер дөп келеді. Ілеге құятын Шарын өзенінің бойындағы қала орны Іле өзеніне жобамен 48 шақырымдай ғана жер. Екінші деректегі «Қызыл аңғар» қаласының  атауы,  Шарынның табиғи рельефіне толық сәйкес. Шарынның қызылды-сарылы түсті шатқалдары оның «Қызыл аңғар» деп атауына дәл келіп тұр.

    Шарындағы көне қала үшінші деректегі сауда жолы бойында дегенге де сай келеді. Сауда жолы ертеден Іле өзенінің оңтүстік жағалауын басты негізге алған. Енді келесі Қытай жылнамаларында жазылып қалған деректерге көз жүгіртсек, Үйсін мемлекетінің негізін қалаған Елжау күнбиі біздің заманымыздан бұрынғы 160-104 жылдары билік жасады. Шығу қаласы ірге көтерді. Қытай жазбалары арқылы болған деректерді тізсек, Елжаудың немересі Жөнші күнби б.з.б 104-93 жылдары, Елжаудың немересі Дулудың баласы Оңқай күнби б.з.б 93-60 жылдары, Жөншінің баласы Най күнби б.з.б 60- 53 жылдары билік жасаған. Осы Най күнби биліктен кеткен соң, Үйсін екіге – Ұлы күнби және Кіші күнби болып бөлінеді. Елдің ауызбірлігіне осы тұста нұсқан келеді. Ұлы күнби болып Оңқай күнбидің баласы Янғұй б.з.б 53-51 жылдары билік жасаса, Кіші күнби болып Оңқай күнбидің баласы Өжет б.з.б 53-33 жылдары тақта отырған. Кейін Ұлы күнби болып Янғұй баласы Шын басқарған.

    Ұлы күнби жері Ыстықкөл, Іле өзенінің бойы, Кіші күнби жері Алатау, Жетісу жазығы болған. Осы екіге бөлінген екі күнби – Шын ұлы күнби мен Өжет кіші күнби кезінде, яғни б.з.б 44 жылы, ғұндардың тәңірқұты Шөже қаңлы елімен бірігіп, шабуыл жасап, Үйсіннің Шығу қаласын қиратады. Халқын тонап, көптеген қоныс бос қалады. Б.з.б 36 жылы Шөжеден қауіптенген ханның батыс өкілі Ган Манчу мен Чин Таң әскерлерімен ғұндарға жорыққа шығады. Үйсіндер осы сәтті пайдаланып, шабуылға аттанады. Осы соғыста ғұн әскері талқандалып, Шөже тәңірқұты өлтіріледі. Ел іргесі қайта орнығады.

    Шығу қаласы жобамен б.з.б 130 жылы ірге көтеріп, нақты б.з.б 44 жылы қиратылды. Шығу астана ретінде 86 жыл тұрған. Үйсін екі билікке  бөлінген соң, 9 жылдан кейін қирады. Екі күнбидің екі жерде астанасы болатыны ақиқат. Шығу ана жерде, мына жерде деген талас сөздерді естіген кезде осы деректерді де ұмытпай назарда ұстаған жөн.

    Үйсін мемлекеті біздің заманымыздың V ғасырының соңына дейін дәуірледі. Жан-жақтағы елдермен қарым-қатынас жасады. Оған Солтүстік Қытай императоры Тхай-ву-ди 435 жылы Үйсін мемлекетіне Елші жібергені дәлел. Өз тарапынан Үйсін мемлекетінің билеушісі де өз Елшілерін сый-сияпаттармен Қытайға жіберген деген деректер бар. Кейін Үйсін мемлекеті жойылып кетпеді, одан әрі Түркеш, Сары Үйсін қағанаты, Түрік қағанатына ұласып, үлкен ұлыстарға айналды. Ал Құмтекей жөніне келсек, ол да үлкен орда. Б.з.б 108 жылдың көкек айында Уди патша Шижун ханшайымды Үйсін күнбиі Елжауға ұзатады. Қызметкер, нөкер, күтушілері, жеке күзеті, тамақшысы, тағы басқа қызметкерлермен шамамен 300-дей адамымен ұзатады. Бұдан бұрын ханшаларды ұзатқан кезде қызметкерлерді 30-дан асырмайтын. Шижунды осынша адаммен ұзатуы оның елден ерекше болғанын аңғартады. Ханшайымға патшаларға арналған самұрық суреті бар күйме жасалды. Елден аттанарда қоштасу күйін тарту үшін алтындалған Ханзу музыкалық аспабы пипаңды Уди патша өз қолымен Шижунға береді. Астанасы Чаң-аннан шыққан Шижун ханшайымның алтын-күміс, торғын- торқа, киім-кешек, жасау-жиһаз артқан көші екі шақырымға созылған деседі.

    Елжау ойлана келе, Шижун ханшайымды Шығу қаласына әкелмей, жақын жерден ханшаға бөлек сарай салып береді. Оған ханша ренжігенімен, Хан патшалығы мойынсыну керек деген ақылдарын жеткізді. Елжаудың даналығы расында шындыққа айналғанын, кейінгі ханшалардың іс-әрекеттерінен көрінді. Қытай ханшалары біріншіден, тыңшылықпен айналысты. Елде болып жатқан барлық саяси-әлеуметтік жағдайларды, әскери қорғаныс салалары бойынша деректерді жинап, Қытайға жеткізіп отырды. Екіншіден, олар бала туып, оларды патша мұрагерліктеріне ұсынды. Елге ықпалды тұлғаларды дайындады. Үшіншіден, өздерінің балаларының бойына қытайлық салт-дәстүр, салт-сананы қалыптастыруға күш салды. Елжау тегі алыс қытайдан гөрі туыстас ғұн ханшасынан туған балаларына сенім артты. Осы Шижун ханшаның сарайы Құмтекей орнында болған. Осы жердегі қазба кезінде Қытайдың сүйегі кезіккені осындай оқиғалармен байланысты. Оның үстіне көп уақыт өткен соң, Үйсін жерінде тұрып, Үйсіннің тамағын жеп, суын ішіп жүріп, тыңшылық істерін еркін жасап жүрген Қытай ханшаларының әрекет-пиғылдары Көк Тәңірінің қаһарына ұшырап, бір түнде құмның астында жұтылуында да заңдылық бар ма деп те ойлайсың. Өйткені жалпы түркі халқы ат жалында жүрсе де, жан дүниесі таза, ар ілімін алдыға тартқан, адамзаттың мейірім, адамшылық қасиеттерін көкке көтерген ел еді. Түркі жұрты, Үйсін мемлекеті баяғыдан Тәңір қолдаған ел еді. Құмтекейдің құмға жұтылуы да тегін емес. Әйтеуір жұмбақ көп. Біз деректерді салыстыра отырып қана бір шешімге келтіреміз, мұның өзі де болжам. Шарынның Сарытоғайдағы көне қала орны, барлық жағынан Шығу қаласына ұқсайды. Әбілғазы шежіресінде жазылған Нүкіс пен Қияттың ел болғанына тән нышандар осы жердің батысында 15 шақырым жерде ғана тұр. Ұлы бабаларымыздың дүбірлеп өткен осы бір қасиетті топырағын басып тұрып, осы ойлар сенімімді бекемдеді.

    Нақата Юко деген жапон түркітанушысы: «Қазақтар – адасқан тарихынан ажырап, не істерін білмей жүрген халық. Қазақтар тарихқа немқұрайды қараған соң, тіліне де солай салғырттық танытады. Біздегі үлкен миф – «Жапон императоры Құдайдан туған» деген миф. Бірақ біз оған тиіспейміз. Өйткені, ол – рухани тірегіміз. Жапония осымен киелі. Сіздер, қазақтар, тарихқа бей-берекет қарамаңыздар. Тарихи шындық қалпына келсе, тіл де уақыты келе ұлтты ұйыстыратын факторға айналады», – деп айтыпты. Қытай елінде арнайы үйсінтанушы 19 ғалым бар екен. Қазақстанда бірде-бір үйсінтанушы ғалымның болмауы біздің тарихымызға қалай қарайтынымызды көрсетіп отыр. Үлкен ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының  былай деп айтқаны бар: «Қазақта бес ұлы мемлекет болған: Ғұн мемлекеті, Үйсін мемлекеті, Қаңлы мемлекеті, Керей мемлекеті, Найман мемлекеті. Біз осыны әлі күнге айта алмай жүрміз. Осы ісіміз ұят! Әйтсе де алдымыздағы күндерге үмітпен, сеніммен қаралық!»

    Бір күн бұрын ғана жел күшейіп, қара топырақ аспанға көтеріліп, шаңнан айнала көрінбей тұрған. Ауа райының толассыз жаңбырға ұласқаны және бар. Ал көне қала орнына арналған сапар кезінде бізді тек ашық аспан, сәулелі күн жетелеп қана отырды. Ертесі күн қайта бұзылып, бұлттанып, көп жерде жаңбырлы ауа райы сақталды. Мұны да біздің игі сапарымызды Алланың қолдағаны деп түсіндік.

    Болат СӘРСЕНБАЙ,

    өлкетанушы,

    Кеген ауданы

    Ұсынымдар

    Алматы облысына Мәжіліс депутаттары келді

    Алматы облысына Мәжіліс депутаттары келді

    2 years ago
    Тарихқа тағзым

    Тарихқа тағзым

    2 months ago
    Қонаевта науқастың қолына бірегей ота жасалды

    Қонаевта науқастың қолына бірегей ота жасалды

    2 years ago
    Дайын құжатты ХҚКО-дан үйге жеткізуге болады

    Дайын құжатты ХҚКО-дан үйге жеткізуге болады

    1 year ago
    Абзал жандар ардақталды

    Абзал жандар ардақталды

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.