❄️
-16°C
Қонаев
Сенбі, Ақпан 28, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Ауыл шаруашылығы

    Қарқарадағы қымыз мерекесі

    23.06.2025
    in Ауыл шаруашылығы, Әлеумет, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Мереке, Өңір тынысы
    Қарқарадағы қымыз мерекесі
    0
    SHARES
    14
    VIEWS

          Кеген ауданы Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық – 2025» этнофестивалі мен «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі ұйымдастырылып, жайлау төсі мереке мен берекеге ұласты. Қымызмұрындық жоралғысына тоғыз мыңға жуық адам қатысты. Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында келушілерді ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қарсы алды. Қонақтарға 100 күбі қымыз ұсынылды.

    Жиналған көпшіліктің назары ашық аспан астындағы сахнаға ауды. Театрландырылған көрініс қойылып, көш­керуенді ақбоз атқа мінген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Омар Қиқым ақ батасымен бастады.
    Қымызмұрындықтың ашылу салта­натында сөз алған облыс әкімі­нің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым:
    – Қымыз мерекесі – бірліктің, тату тірліктің, молшылық пен қонақжай­лықтың керемет көрінісі. Елдігімізді танытатын, рухани кодымызды жағыр­татын мазмұнды бастама. Бие байлау, қымыз ашыту, оны келген қонаққа ұсыну – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Осынау фольклорлық-этнографиялық шара аясында ұлттық дәстүріміз кеңінен дәріптеледі. Сондай­-ақ Жолан Омаровты еске алуға арналған «Жолан жүйрігі» бәйгесінің, алыптар сайысы мен күрес жарысы аталған фестивальдің көркін одан әрі аша түседі. Мейірім мен ізгілікті дәріптейтін бұл іс-­шара әрқайсыңызға көтеріңкі көңіл­-күй сыйлап, мол шабыт берсін! Еліміздің егемендігі еңселі, болашағы баянды болсын! – дей келе, облыстың әлеуметтік­-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков пен «ASK Capital» ЖШС өкілі Сырым Көлбаевты облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасымен марапаттады.
    Ұлттық фестивальға көршілес қырғыз ағайындар да ортақтасты. Қырғызстандағы Ыстықкөл облысы Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев бауырлас екі елдің ынтымағын паш етті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов, республикалық аналар кеңесінің төрағасы Назипа Ыдырысқызы ізгі тілектерін жеткізді.
    – Қарқараның көк жайлауында киіз үйлер тігіп, қымызмұрындық беріп жатқан, Жолан баламды еске алып, оның атында бәйге ұйымдастырған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа ризашылығым шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген Жолан Омаровтың әкесі Ыбырайақын ақсақал көпшілікке жылы лебізін жеткізді.
    Бұл күні Кеген ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, этноауыл ұйымдастырып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жиналған көпшілік ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татты. Жылқыны төрт түліктің төресі санаған ата-бабамыз алғаш бие байлағанын ырым еткен. Осылайша, күбіде піскен қымызды жалғыз емес, жұртпен бөлісіп ішуді дәстүрге айналдырған. Бұл жөнінде ақ жаулықты Оралхан әже кеңінен тоқталып, қымыздан «Ауыз тию» рәсімін жүргізді. Ауылдың қариясы Жетен ата биебаудың басында жиналған жұртқа ақ батасын берсе, келіні Айнара бие сауудың тәсілдерін көрсетті.
    Қонақтар айтулы іс-шарада Қазақстан Этнодизайнерлер одағы мүшелерінің шеберлік сабақтарымен танысып, ауыл шаруашылығы техникаларының, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесін тамашалады. Шара барысында Нұрлан Әбдірахым шаруа қожалығының иелеріне жаңа тракторлардың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Солардың бірі, ақтастылық «Ерген» шаруа қожалығының төрағасы Рақымжан Әбдрахманов:
    – Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің алатын орны ерекше. Бұл дегеніміз – ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Осы мерекеде жаңа трактордың кілтін қолыма алып отырмын, қуаныштымын! Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын!» деп тілек айтысқан, – деді ол.
    Келі-келсаппен дән түйген, тас диірменмен талқан тартқан, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен, киіз басып, сырмақ тігіп, алаша, басып, ши тоқып, құрақ құраған ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді. Ат әбзелдері, қолөнер туындылары да ұшырасты. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін күбінің бірнеше түрін жасап, келушілердің назарына ұсынды. Құлындар желіге байланып, ауылдың қыз-келіншектері күбіде қымыз пісіріп, бір тонна қымыз тегін таратылды. Ұлттық сусынның түр-түрі таныстырылып, піспекті тобылғыға ыстап, қымыз жасау технологиясы көрсетілді.
    – Жалаулы ауылында жайлауымыз бар, 12 бие байлап, сауып отырмыз. Арнайы қымызмұрындық болып жатқаннан кейін, тойға 150 литр қымыз дайындап келдім. Газды сусындар ішкенше, қымыз ішкен дұрыс. Қымыз – ұлттық сусын, оның құнары көп, дәрумендерге өте бай, – дейді Жалаулы ауылының тұрғыны Толқын Қалдыбайқызы.
    Қырмызыдай құлпырған Қарқара жайлауында ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, Қазақстан халық әртісі, композитор, әнші Алтынбек Қоразбаев, дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев, «Алатау серілері», «Абырой» топтары, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ Сүйінбай атындағы облыстық филармония және дәстүрлі әншілер даланы думанға бөледі.
    Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев: – «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бұл шара да – бірліктің көрінісі. Облыс әкімі Марат Елеусізұлының қолдауымен ұйымдастырылған қымызмұрындық мерекесінде елуге жуық киіз үй тігіліп, оған аудан әкімдері, мекеме өкілдері мен инвесторлар атсалысып, халықты қарсы алып жатыр, – дей келе, көпшілікке ризашылығын білдірді.
    Қымызмұрындық аясында қыз қуу, қошқар көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» алыптар сайысы, «Топжарған» этно­өнер орталығының шоу бағдар­ламалары, салмағы 15 кг ыдыс­пен қымыз ішу сайысы сынды ұлттық ойындарымызды тамашалады.
    Жетісу облысының Қызылмұрынды жайлауынан келген Айдын Нұғыманов 120 кг қошқарды көтеруде бұл күні алдына жан салмай, жеңімпаз атанды. Қазақ күресінен өткен түйе балуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек, Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қаласынан барлығы 20 спортшы қатысты. Білек күшін сынға салған балуандар жүлдесіз қайтпады.
    Түс ауа дүйім жұрт «Жолан жүй­рігі» ат бәйгесін қызықтады. Мың­жылқы атшабарында құнан бәйге – 9 шақырымға, топ бәйге 18 шақырымға және аламан бәйге 31 шақырымға созылды. Бас жүлдеге екі автокөлік тігілсе, кейінгі орындарға 5 000 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар қарастырылды. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, жүйріктерін бәйгеге қосқандар тақым қысып, жанкүйер жандардың арқасы қозды.
    Сонымен, аламан бәйгеде бірінші орын Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген «Айбалта» атты сәйгүлікке бұйырды. Ат иесі – Айдар Нұрмағанбетов, бапкері – Еркебұлан Мүсілімхан, шабандозы – Мейір Дәулетбай. Бәйге жеңімпазына «Changan» автокөлігінің кілтін Жоланның әкесі Ыбырайақын ақсақал табыстады.
    Екінші орынды қырғызстандық бауырлардың «Қарагер» аты жеңіп алды. Ат иесі – Шабиден Токторсатов, бапкері – Манас Егембердиев, шабандозы – Манас Замирбеков. Үшінші орынды Балқаш ауданынан келген Сапарғали Сәтпаевтың «Отырар» атты сәйгүлігі еншіледі. Бапкері – Жамбыл Бөбекбай, шабандозы – Аңсар Арыстанбек. Төртінші орын Жетісу облысынан келген Арыстан Нұрланұлының «Жетісу» сәйгүлігіне бұйырды. Бапкері – Марлан Бектенов, шабандозы – Хамза Амангелді.
    Осылайша, салтымыз сақталып, халқымыз мақтанып жүретін «Қымыз­мұрындық» мерекесі жоғары деңгейде өтті. Қарқара жайлауына жиналған қауым ұлттық сусыннан дәм татып, әсем табиғаттың сұлулығынан ерекше әсерге бөленіп қайтты.

    Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

    Кеген ауданы

    Қарқара жайлауында өткен Қымызмұрындық

    1 of 18
    - +

    1.

    2.

    3.

    4.

    5.

    6.

    7.

    8.

    9.

    10.

    11.

    12.

    13.

    14.

    15.

    16.

    17.

    18.

    Ұсынымдар

    Облыста жылыту маусымы кезінде 102 өрт болды

    Облыста жылыту маусымы кезінде 102 өрт болды

    2 years ago
    Жауапкершілік  жүктеген атау

    Жауапкершілік жүктеген атау

    4 months ago
    Ардагер: Аудан болашағы үшін маңызды сәт

    Ардагер: Аудан болашағы үшін маңызды сәт

    7 months ago
    Шекара шебінде

    Шекара шебінде

    2 years ago
    Облыстағы білім саласына қатысты мәселелер талқыланды

    Облыстағы білім саласына қатысты мәселелер талқыланды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>