Көк жайлаудың төресі Шалкөдеде жылдар бойы ұмыт болған шопандар тойы биыл екінші рет өтті. Өткен жылы Қарадаладағы ағайын ұзақ уақыт ұлықталмай, ұрпақ жадынан өшіп бара жатқан нағыз еңбеккер шопандардың тойын қайта жаңғыртқан болатын. Міне, биыл сол әдемі үрдіс тағы да жалғасын тапты.
Атшаптырым жазық алаңға ақшаңқан қазақ үйлер бір-бірімен жарыса бой көтерген. Сән-салтанаты жарасқан бозүйлерде қайнаған қазан, пісілген күбі, бір-бірімен әзіл-қалжыңы жарасқан қыз-бозбала. Бәрі де дүбірлі тойдың сәнін кіргізіп, нағыз қазақылықтың иісін аңқытып-ақ тұр. Алтыбақанның басында ойынның көрігін қыздырған балапандар. Бұл күні ұлттық өнер ұлықталды. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі болмысы насихатталды. Бұл тойдың басты мақсаты да осы еді.
Жолдың алыстығын елемей, осындай ұлы тойды көруге ауданның игі-жақсысы, баталы ақсақалдары, ақ жаулықты аналары, үлкен-кіші көптеп жиналған. Одан бөлек, Шалкөдені жайлаған малшы қауым да осы тойдың куәсі болуға арнайы келген.
Алғашқы құттықтау сөзді Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова алып, ел экономикасының іргелі болуына өз күш-жігерлерін салып, атсалысып отырған шопандар қауымын, сондай-ақ биыл екінші рет аталып өткен ветеринария саласы мамандарының және су шаруашылығы саласының қызметкерлерін де кәсіби мерекелерімен құттықтады. Шопандар тойының Жерұйық мекен Шалкөдеде өтуінің өзіндік сыры бар екенін, ата-бабадан мирас болып, осы күнге жеткен ұлан-ғайыр даланың әсемдігі мен сұлулығын көпке көрсетіп, ұрпаққа насихаттау да осы тойдың бір міндеті екенін айта келе, «Бұл мерекені қайта жаңғырту арқылы біз Мемлекет басшысының биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау бастамасын қолдап отырмыз. Сонымен катар, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өңір экономикасындағы маңызды рөлін көрсетуді көздедік. Биылғы мерекеге халықтың белсенді қатысуы бұл шараның халыққа керек, өміршең жоба екенін айғақтайды», – деді аудан басшысы. Мұнан соң еңбегі бағаланған ауыл еңбеккерлері марапатталды. Көп жылдық тәжірибесі бар ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласының мамандары да сый-сияпаттан құр қалмады. Бұл күннің басты сыйы Үлкен Ақсу ауылдық округіндегі ветеринар мамандарына берілген «Нива» автокөлігі болды.
Мінбеге көтерілген Тиірмен ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Нұралым Кибиров та әріптестерін мерекемен құттықтап, ветеринария саласына мемлекетіміздің назар аударып, көңіл бөлуі бұл сала қызметінің маңызы мен жауапкершілігінің зор екенін көрсететінін айтты. Мал саулығы – адам денсаулығының кепілі.
Сондықтан ветеринар дәрігерлердің еңбегі ел ішінде еленіп, үлкен құрметке ие болуы қажет деген ойын да ашық айтты. Мұнан соң ел ағалары атынан Ноғайбек Хасенұлы, Мамытхан Құдайбергенов пен жігітбасы Нұрахмет Арипов пікірлерін айтып, батамен сөз қайырды.
Тойдың сәні ән мен жыр ғой. Бұл күні жайлаудың төрінде аудан өнерпаздары бар өнерін көрсетті. Қазақтың киелі домбырасының қос ішегі күмбірлеп, кең даланы тербетті. Ән әлдилеген жерұйық мекеннің қойнауы бұл күні қыз-бозбаланың ән-жырына, сыңғырлаған күлкісіне масайрап жатты. Боз кілемде балуандар белдесті. «Сен тұр, мен атайын» деген мықтылар күресті. Намысын қайрап, қазақы батылдықты бойына сіңірген азаматтар арасында оқ бойы озып Ақназар Мұханалин атты Кетпен ауылының тумасы шықты. Ақназармен ақтық сында белдескен қырғызсайлық Дулат Әсемқожа екінші орынды иеленді. Ал кетпендік Қастер Шәйімбек болса, үшінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар тұлпар үстінде мықтылығын дәлелдеп, аударыспаққа шыққан оғландар да нағыз мықтының кім екенін осы күні анықтады. Ат құлағында ойнаған қазақтың ұрпағы намысты қолдан бермеді. Бұл жарыста Жанарыс Икетаев – бірінші, Төремұрат Жүнісхан – екінші, ал Дархан Кекілбай үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздардың барлығы да ақшалай сый-сияпатқа ие болды.
Үшкір сәукелелі Үйсінтаулардың етегіндегі шөбі шүйгін Шалкөде жайлауы – Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарына ортақ. Осы мекендегі ұлы той ұлттығымызды ұлықтады. Дала төсін дүбірлеткен, маңдайын күн сүйген, ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарының мерейін үстем етті.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы