Кеген ауданының жастары «Қарқара» шекара шебінде болып, әскерилердің бір күндік тыныс-тіршілігімен танысты. Аудандық ардагерлер ұйымы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру.
Шара барысында «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты кездесу өтті. Оған Кеген аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сабыр Досымбеков, Кеген және Райымбек аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Ринат Есембаев, «Қарқара» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Ғибрат Наурызұлы, Қарқара ауылдық округінің әкімі Ернұр Сабырбеков қатысып, жастарға ұлағатты сөздерін айтты.
Кездесуде сөз сөйлеген аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сабыр Досымбеков бұл күнгі шара жастарды әскерге баруға баулу, шекарашылар қызметінің маңыздылығын көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған «Қарқара» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Ғибрат Наурызұлы:
– Шекарашылардың басты қызметі – шекарамызды қорғау, ел тыныштығын күзету. Осы жолды таңдағандықтан, ел үшін аянбай қызмет ету – міндетіміз. Жастарымыз да мемлекемізге адал қызмет етер патриот азаматтар болып өссе, еліміздің болашағы жарқын болмақ, – дей келе, жастарды отансүйгіштікке шақырды.
Кеген және Райымбек аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Ринат Есембаев шекара шебінде тұрып, кірпік ілместен ел тыныштығын күзететін шекарашылар қызметі ауыр әрі аса жауапкершілікті екенін айта келіп, жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырып, әскери қызметке барудың ұтымдылығы жөнінде үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жүрген жастар нұсқаушыларына Алғыс хат табыс етті.
Кездесуден соң жастарға әскери қызметтің мақтаныш пен жауапкершілікке толы қырлары көрсетіліп, шекара сарбаздарының күнделікті өмірі мен тәртібі, қолданылатын қару-жарақтары, алып жүретін заттарынан бастап, арнайы жеңіл көліктеріне дейін таныстырылды. Сонымен қатар, шара барысында әскерилердің жаттығу жасау барысы мен иісшіл иттермен жұмыс істеу тәсілдері паш етілді.
Шара соңында жастар ақсақалдардың ақ батасын алып, естелік суретке түсті. Мұндай патриоттық тәрбиеге негізделген іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы