Күркіреп соғыс та өтті. Қара түнектен кейін, жадырап күннің көзі көрінді. Өмір де өзгерді. Жеріне лайық ел туады, еліне лайық ер туады. Зымырап, зулап өтіп жатқан уақыт-ай! Аққан суға, зымыранша зулаған уақытқа дауа жоқ. Табиғат та таулардың тұтастана тұлғаланып, айбарланып, асқақтап көрінетіні сияқты өмірде де адамдардың қатар жүрген, қоян-қолтық араласқан өз замандастарымен заңғардай биіктен танылып, қадір-қасиеті арта түсуінде де бір заңдылық бар сияқты. Алатаудың аясында талай тау тұлға дүниеге келген. Халқының болашағы, туған елінің гүлденуі үшін адал еңбек етіп, нар жүгін көтерген нағыз атпал азамат, соғыс жылдары туған сәбилердің бірі Өмірғали Кенжебек десек, еш қателеспейміз.
Өмірғали Кенжебек 1942 жылы 16 сәуірде Шелек ауданы Таусүгір елдімекенінде туған. Әкесі Кенжебек, Қыдырбек, Алмасай есімді екі бауырымен бірге майданға аттанып, елге оралмаған. Әкесінен «қара қағаз» келгенде анасы Нұриланың жасы 30-дан енді ғана асқан екен. Тұрмыстың ауырлығынан болуы керек, 1950 жылы дүниеден өтеді. Әке-шешеден айырылған Өмекеңнің балалық шағы өте қиын жағдайда өткен. 1948-1958 жылдары орта мектепте оқыған. Бес жылдай Кеген өңіріндегі Таушелектегі орман шаруашылығында жүргізуші болып жұмыс істеген. Шаруашылықта жер аударылған шешендер, балқарлар, Қытайдан арнайы көшіріліп әкелген Дутов әскерінің қалдықтары – барлығы мыңдай адам жұмыс атқарған. Шелек өзенінің бастау алар жерінде, Көлсайдың маңынан ағаш дайындап, сал қылып буып, ағызып, қазіргі Жаңашаруа ауылында қарсы алады. «ЗИС-5», «ЗИЛ-157» маркалы автокөліктердің құлағында ойнаған.
Өмекең бағын сынап, қалаға барып құжат өткізіп, сынақтап өтіп, Алматы медициналық институтына түсіп, ойдағыдай аяқтап, дәрігер мамандығын алып, қазіргі Жетіген ауруханасына дәрігер болып орналасады. 1969 жылы Ақтеңге деген қызға үйленді. Балалы-шағалы болды. 1974-1987 жылдары Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, 1987-1989 жылдары Алматы облыстық қан құю стансасының бас дәрігері болған. 1989-1995 және 1998-1999 жылдары Еңбекшіқазақ ауданының бас дәрігері, 1995-1998 жылдары Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы болды. 1990-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты, 1999 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты ретінде елге зор еңбек сіңірді. «Құрмет» орденінің, мемлекеттік медальдардың иегері атанды.
Біреулер үшін мансап, мәртебе болып көрінсе, қоғамдық, мемлекеттік істер, халқына қалтқысыз қызмет Өмірғали үшін перзенттік парыз, азаматтық міндет тұрғысынан бағаланған. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған, білім мен біліктілікті, қажырды қажет ететін еңбек жолын бір шолып шықсаңыз, облыстың шалғай бір ауылында туып-өскен, арқасүйер ешкімі жоқ жетім бала бір Құдайға, сосын өзіне сеніп, Алматы шаһарына барып, медицина институтына түседі. Замандастары оны соғыс жылдарында туған сәби және тұл жетімдік ерте есейткен дегенді жиі айтады. Жасында жанып тұрған от болатын. Төңірегіне жарығы түсетін, жылуын таратып, жадырап жүретін. Өмірінің өршіл тұсында өзі тұтқасын ұстаған мекемелерде парызын адал атқарды, ақ халатты абзал жан талай адамды ажалдан арашалап қалды. Ешкімге лауазымын бұлдап, астамсып көрмеді. Үлкен, кіші демей, басқа ұлт демей, ізет сақтап, алаламай сыйлайтын, еңбекке іскер, қоғамда қамқор, ортада ақпейіл, озық істің ұйымдастырушысы, көргенді де көрегенді азамат атанды. Халық депутаты болған кезде Парламентте «Денсаулық сақтау жүйесі», «Азық-түлік тағамдарын йодтау», «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» туралы Заң жобаларының қабылдануына бастамашы болған. Қорғансыз 7 мыңдай бала шетел асырылғанда, балаларды шетелдiктердiң асырап алуына қатаң бақылау қоюын талап еткен.
Әрқашан білек сыбана кірісіп, қажыр-қайратыңды сарқып жұмсап тындырған істерің бір төбе болып тұрады. Оның игілігін қарапайым халықтың көргенін, одан қуаныш тапқанын көріп, мерейің өсетіні бар. Сол жақсылықтың бүгінге дейін жалғасып жатқанын сезінсең, көңілің бір сергіп қалады.
Өткен ғасырдың соңғы жылдары, аумалы-төкпелі кезде, дәрігерлер айлық ақысын ала алмай, қиындықтан базар жағалап кеткенде облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмекең Жапон Елшілігімен байланыс орнатып, Күншығыс елі азаматтарының 10 миллион доллар көлеміндегі көмегі арқасында Алматы мен Талдықорған өңірінің ауруханалары нағыз керекті медициналық жабдықтармен толыққан еді. Ауданда 12 елдімекеннен жерасты суы көтеріліп, жертөлелерді толтырғаны, іргетасының опырылып, үйлердің құлау жағдайында тұрғаны, тұрғындардың сыз, дымқыл жерде тұрмыс кешіп отырғанында шара қолдануды сұрап, Үкіметке арнайы хат жолдап, 250 млн теңге бөлінуіне себепкер болды.
Гетенің: «Майдалардың арасында жүрсең ұсақталасың. Ірілермен жүрсең, өсесің, жақсымен жанасып, өрісің өседі», – деп айтып кеткен сөзі бар. Біз осындай азаматымыз тыңғылықты ісімен абыройлы болғанын мақтаныш еттік. Азаматты ардақтау – жақсылығы мен кісілік келбетіне, еліне еткен қызметіне берілетін баға. Қиын заманда, қырсық күннен қорықпай, нендей ауыр істен де тайынбай, арлы болуды биік санап, халық қамын ойлап, өмірге келгеннен кейін адамша өмір сүру парыз. Халық қайсар жан деп өткірлігімен тайсалмай, ойындағы сөзді іркілмей айтатын жанды айтады. Ақ жарқын, ақ көңілмен айналасына шуақ шашып жүретін әрбір әрекетінде үлкен бір сыр жатқандай тереңдік бар. Өнегелі еңбекпен жетістікке жетсең, маңдай теріңмен байлыққа кенелсең ғана халқың сені нағыз азамат деп атайды.
Жүрген жеріне айшықты із қалдыру екінің бірінің маңдайына жазылған енші емес. Сексеннің сеңгірінен асқан Өмекең еңбек пен кәсіптің құндылықтарын іс жүзінде ілгерілетіп, даңғойлық, жалқаулық, немқұрайдылықтан жастарды арылту мақсатында қоғамдық жұмыстан қол үзбей, бүгінде де қауырт істердің басы-қасында жүргеніне сүйсінесің.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Өзінің балдәурен кезін өткізген, әліппені танып, білім алған алтын ұя мектебін аңсаған азаматтың ауылдың барлық тіршілігімен, хал-жағдайымен құлағдар болып тұруы перзенттік парыз деп саналады. Тіршілік жағдайында кездесетін ауыртпалықтар мен қиыншылықтармен танысып, қуанышты сәттерді жерлестерімен бөліседі. Қадірсіз жеңіл заттың су бетінде қалқып өтетіні, ал асылы, салмақтысы су түбіне шөгетіні тәрізді Өмекең ауылдастары, туыстары жүрегінің тереңінен орын алған. Қазақ ұяда көргенін ілген баланы жасынан бұлақтай мөлдір, таза болып өмір сүруге, өнегелі де инабатты, ар-ожданы жоғары, намысқойлыққа тәрбиелейді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, үлгі-өнеге арқылы адамгершілік қағидаларды бала орындауға және білуге міндетті болды. Жаны, жүрегі таза, адал ұрпақ ақиқатты ардақ тұтады. «Бекімді елді дау алмас, білекті елді жау алмас» деген, елдің тарихын, ата-баба тегін білу, ел басына қиыншылық түскен заманда туған жерін басқыншылардан қорғаған Малай, Шадай, Ескелді, Теберік, Оңтағар сынды халық батырларының ерлігін Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының Батыры атағына ие болған Төле Кенжебаев пен Төлен Қабыловты, бейбіт заманда қажырлы еңбектерімен танылған Еңбек Ерлері, құрылысшы Сәлім Жарылқасынов, темекіші Алтынбике Бертаева туралы, ел бірлігін ту қылып ұстанған Сабыншы Сәйбекұлы биді жастарымызға насихаттауда ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді.
Өмекеңнің медицина ғылымдарының кандидаты атағы бар. Бүгінде бісмілләсі аузындағы тақуа жан, дүниеде бір Жаратушы бар екеніне сенеді. Ел қатарлы жыл сайын құрбандық шалады, ата-бабалар басына барып дұға жасап, аят оқиды. Халық емшілері арасында оташыларға сеніммен қарайды. Ресми маман, әр дәрігердің қолынан келмейтінді сынықшы үй жағдайында сауықтырады. Ат сүйреп, ағасының аяғы екі-үш жерден сынғанда дәрігерлер бірнеше рет қараған аяқ ақыры қисық-қыңыр болып бітіп, ірің кеулегенде, Назым мен Мұқажан деген сынықшылар қисық біткен аяқты қайтадан сындырып, қолдарымен қайтадан жинап, жазған. Саналы өмірінің 70 жылын адамның сынған, шыққан мүшелерін үй жағдайында салып, жазған Қаражота ауылының тұрғыны Ұлтуған апа Досбергенқызының оташылдық қасиетіне де тәнті болған.
Қазақ халқы ғасырлар бойы азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылумен бірге әрдайым ұрпақ қамын да бір сәт жадынан шығармаған. Ертеңін ойламағанның болашағы жоқ. Тамыры терең ұлттық тарихымыздан басталатын ата-баба аманаты – ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу. Өмірлік жан жары Ақтеңге екеуі жарты ғасырдай қол ұстасып, дүниеге Айман, Шолпан, Әл-Фараби есімді ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп, немере сүйген жандар. Ұл-қыздары жоғары білімді, әр салада қызмет атқаруда.
Қазақ халқы «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп бекер айтпаған. Шәкірттерін бәрін тізбей, біреуін бөліп-жарып айтсақ, реніш болар. Бәрі де өз еңбегін жасап жатыр. Б.Садықов, А.Қодасбаев сынды ғалым шәкірттері – Өмекеңнің қуанышы, еңбегінің жануы. Өмірғали Кенжебекті жастар болашағы, қасиетті қара шаңырақ, ар-намыс, ұят деген ұғымдардың төмендеп бара жатқаны, қариялар үйінде қазақтың басым болып бара жатқаны қатты мазаландырады. «Бүгінде ұлттық мүдде, қазақ қазақпен өз ана тілінде сөйлемегендіктен мәңгүрт болып бара жатқаны, қазақ тілі төрден орын ала алмай, мейірімсіздік, қоғамды жайлаған жемқорлық дерті кесірінен ашкөзділік пен тоғышарлық, жарамсақтық пен немқұрайдылық басты. Пейіл тарылып, сөз қадірін аяққа басып, жүре тыңдап, майдаланып бара жатқан жай қабырғаңды қайыстырады, еңсеңді езіп, жүректі жыртып, өзекті өртейді. Кей жерде билікке деген сенім төмендеп, сөз бен іс өзара үйлесім таппағанынан халық пен билік арасы алшақтап кетті. Тойды даңғаза, ас беруді бәсекеге айналдырып, ысырапшылдыққа жол бердік. Ал қазақ болса, уақыт озған сайын ұлттық топырағы мен тамырынан ажырап барады. Қазақ тарих сахнасында өз орнын алу керек. Өзіңе қаламайтынды өзгеге жасама. Өзің, сөзің, ниетің таза болсын. Іс-әрекетті тазалыққа бағышта», – дейді Өмекең.
Тамыры терең, берер сабағы мен мол тағдыр кешкен, ғұмырының көп кезеңін денсаулық сақтау саласына арнаған, осы жолда аянбай еңбек етіп, тер төккен, сөйтіп, еліне, жұртына, жолдас-жораның жүрегіне жол тапқан Өмекеңді қазақ ұлтының айтулы тұлғалары қатарына қосар едік.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы