[um_weather city="Қонаев"]
Сәрсенбі, Қаңтар 21, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Ауыл шаруашылығы

    ЖОЛСЕЙІТ ӘКЕ

    (Әңгіме)

    02.08.2025
    in Ауыл шаруашылығы, Барлық жаңалықтар
    ЖОЛСЕЙІТ ӘКЕ
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

    1. «Мал баққанға бітеді,
    жатқанға жуымайды»
    Әкемнің құла биесіне мініп, сақман кезінде Құмтекейге бардым. Кештете жетіп, қондым. Таңертең күн шықпай тұрып, қой қораны аралап жүрмін. Тым-тырыс. Тек қойлардың, қозылардың дем алғаны ғана естіледі. Жаңа туған қозыларға арналған қоршауларды көріп келе жатырмын. Екі-үштен қозы. Астылары жаңа себілген бопыр, құп-құрғақ. Кейбірі бірінің бауырына бірі тығылып алған. Алдымдағы қоршаудың ішінде бір адам қозының аузына дәрі салып жатыр. Жақындасам, Жолсейіт әке екен.
    – Ассалаумағалейкум!
    – Уағалейкумассалам! Елден бұрын тұрып алыпсың ғой?
    – Менен де бұрын тұрғандар бар…
    – Ол қайсысы?
    – Сіз ғой, – деп едім әкей күліп жіберді.
    – Сақманшылардан біреу ерте тұрды ма десем…
    Есімі бүкіл Кеңес одағына әйгілі бұл кісі сонау Кремльдің төрінде бірнеше рет КПСС съезіне делегат ретінде қатысқан, КПСС Орталық комитеті тексеру комиссиясының мүшесі болған. Мұнтаздай таза қара сым-кәстүм, ақ жейде, қара галстугімен биікте отырып, мемлекеттік деңгейде ойланатын, ауылға келсе, мемлекеттік мақсатта қой бағатын қайраткер шопан өз тәжірибесін айтып жатыр.
    – Біреулер қозының іші өтіп кеткеннен кейін барып дәрілеп жатады. Аурудың алдын алу керек. Қозының астын жылылаған жөн. Шамадан тыс ембесін енесін. Енесінің уызын артық ішсе, көтере алмайды. Іші өтеді. Кіндігінен суық өткен қозы еңсесін көтере алмай қалады. Сондықтан жылы ұстау қажет, – деп қозы күту жөнінде айта жүріп, барлық қоршауды тазалап, құрғақ бопыр төсеп болғанда, күн көтеріліп қалыпты.
    – Сағат, мен саған айтайын, біздің Сары атамыз өз заманында Албан тайпасының төбе биі болған. Сен сол кісі туралы білетін үлкен кісілердің көзі тірісінде жазып алып қал, – деді. Мен ол кісінің бұл тапсырмасын бұрын да естігенмін.
    – Басқа ағайын «Өз атасын өзі жазып жатыр» деп сөз етеді ғой…
    – Ой, қарағым, сен жазбасаң, сен үшін Кіші жүзден не Орта жүзден біреу келіп, жазып бере ме? Олар сенің Сары би атаңды қайдан білсін? Ол кісі Төле бидің замандасы болыпты. Тәуке ханның тұсында өмір сүріпті. Күлтөбенің басында алты Алаштың басы қосылған алқалы жиында Албанның атынан сол кісі сөйлепті. Тәуке алыс сапарларға шыққанда, қасына Сарыны ертіп жүреді екен. Елшілікке де Сарыны жібереді екен. Ханның қасында екінің бірі жүрмейді. Ақылы асқан, айбаты тасқандар ғана жүреді. Мен айтсам, елдің бәрі «Өзін-өзі мақтады» дейді. Саған сөгіс жоқ. Жаз. Ойлап қарашы, осыншама ұлан-байтақ жерге шашырай орналасқан қазақты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға үндеп отырған әр тайпаның Сары атамыз секілді билері болған. Әйтпесе Кіші жүзден Әйтеке би, Орта жүзден Қазыбек би арнайы келіп, біздің Албанның ортасына жиналыс ашып, үгіт жүргізді дейсің бе? Олар да біздің Сары би атамыз секілді алдымен өз тайпаларына қызмет еткен. Әр тайпаның өзінің ішінен суырылып шыққан Сары би секілді мықтылары ғой ел бірлігінің мызғымастығына еңбек сіңірген.
    Жолсейіт әке осылай деп, біразға дейін үнсіз қалды. Сірә, менің жауабым­ды күткен секілді. Бірақ мен жазамын деп уәде бере алмадым. Олай болатыны – дерек аз еді. Аталардан естіп жүрген аңыздар мен әңгімелерден, қанатты сөздерден басқа ресми дерегім жоқ болған соң, ештеңе демедім. Мен үндемеген соң ол кісі әңгімесін әрі жалғады.
    – Меніңше, Сары би атамыз бала күнінде төрт түлік баққан. Ол заманда әр әке баласын ең алдымен мал бағуға дағдыландырады. Төрт түлікті қалай бағу керек, ауа райын қалай болжау керек, жердің қыртысын, шөптің түр-түсін, ем-дом жасауды үйретеді. Зерек бала көзімен көріп жүріп-ақ, көкейіне тоқып өседі. Әр қазақ малсақ. Сары атамыздың да малсақтығы кейінгі ұрпақтарына берілген. Мына Ұзынбұлақтағы Іңкәрбек Жұмағұлов ағаң – Социалистік Еңбек Ері, ана Нарынқолдағы Әлімбай Мекебаев ағаң – екі мәрте Ленин орденді шопан. Олар менен мықты. Соған қарағанда, Сары би атамыз: «Мал баққанға бітеді, жатқанға жуымайды», – дегенді өзінің өмірлік тәжірибесінен алған-ау, – деді Жолсейіт әке.

    2. Сары бидің қара судың дауын ишарамен шешкені
    – Сары би атамыз туралы үлкен­дерден естіген бір әңгіме есімде. Мына Жалайыр елінде Ескелді, Балпық деген ірі билер болған. Солардың елінде екі ауыл Құдайдың құдіретімен ағып жатқан бір қара суға өзара таласып қалыпты. Бірі «Бұл су біздікі» десе, екіншісі «Жоқ, су біздікі» деп таласыпты. Ақыры ауыл жігіттері жанжалдасып, арты үлкен дауға айналыпты. Екі ауылдың үлкендері не Ескелді елінің биін, не Балпық елінің биіне теңдік бермепті. Дау ұзаққа созылып бара жатқан соң, ара ағайыннан төрелік айту үшін сол заманда есімі Ұлы жүзге ғана емес, иісі қазаққа белгілі Тәуке ханның сенімді серіктерінің бірі Сары биді шақыртыпты. Оған арнап арнайы алты қанат ақбоз үй тігіліпті. Түстік жерден қарсы алыпты Сары атамызды. Дауласқан екі ауылдың да игі жақсылары жиналыпты. Ата баласы Сары бидің тісіне жұмсақ, бойына қуат болсын деп арнайы құлын сойыпты.
    Сары би келгенде, жігіттер қол­тығынан демеп, аттан түсіріпті. Жаппай жамырай амандасып, жөн сұрасқаннан кейін, үйге кіргізер алдында жасы үлкен болса керек, Ескелді елінің биі: «Сыйлы қонақтың қолына суды өзім құямын», – депті. Депті де қолындағы құмғанның суын шүмегінен сорғалатқан бойы Сары би атамыздың алдынан шығыпты. Сонда би атамыз сәл кідіріп, әлгі бидің қолындағы құмған шүмегінің ұшынан оң қолының сұқ саусағымен көтеріп, суын тоқтатыпты да екі алақанын тосыпты. Қолын жуып болғанда, Балпық елінің биі екі қолына көлденең жайған аппақ орамалды ұсыныпты. Орамал ұзын әрі аппақ екен. Сары би атамыз бидің екі қолының екі жағынан салбырап тұрған аппақ орамалдың екі ұшының алдымен бір жағына, сонсоң екінші жағына сүртіпті де, ортасын ұмаждап-ұмаждап қолына беріп, үйге беттепті. Арнайы тігілген алты қанат ақбоз үйде бұрынғылардың әңгімесі сөз болыпты да, бүгінгі су дауы туралы ештеңе қозғалмапты. Есесіне ән де айтылады, күй де тартылады. Әр алуан әңгіме айтысып, көп отырыпты. Кетераяқ беріліп, бата жасалыпты. Бірақ судың дауы туралы не Ескелді елінің биі, не Балпық елінің биі, не Сары би ештеңе айтпапты. Жиын біткен соң, Сары бидің үстіне шапан жауып, астына ат мінгізіп: «Төрелігіңізге мың алғыс, би аға! Жігіттер күндік жерге дейін шығарып салады», – деп аттандырыпты.
    Екі ауылдың игі жақсылары: «Әй, билер, әлгі судың дауы айтылмады ғой?!» – деп шу көтеріпті. Сонда Ескелді елінің биі: «Сары би:
    «Құдай берген қара су,
    Керек емес таласу.
    Бірің оң жағынан ішіңдер,
    Бірің сол жағынан ішіңдер,
    Бәріңе керек жарасу!
    Әйтпесе, орталарың ойран болады!» – деп кетті», – дейді.
    Жұрт: «Оны қашан айтты? Қас­тарыңда біз де болдық, ондай ештеңе айтпаған еді ғой», – дегенде, Балпық елінің биі:
    – Ей, жарандар! Қонақтың қолына су құятын бала таппай қалған жоқпыз. Біздің Сары бидің алдына құмғанның суын сорғалатып шыққанымыз «Би аға, мына су секілді сорғалаған дауды кім тоқтатады?» дегеніміз еді. Оны бірден түсінген Сары би: «Оны мен тоқтатамын», – деп сұқ саусағымен шүмекті көтеріп, құмғанның суын тоқтатты. Тоқтатқаннан соң ғана алақанын тосып қолын жуды. Содан кейін екі қолдың алақанына салып, аппақ орамалды тостық. Ондағымыз «Би аға, мына аппақ орамалдай ниетіміз ақ еді, даудың төрелігін өзіңіз айтыңыз» дегеніміз еді. Сонда Сары би екі қолын орамалдың оң жағына бір, сол жағына бір сүртті де, ортасын умаждап-умаждап, бере салды. Сондағысы «Босқа даурықпай, Құдай берген қара судың бірің оң жағынан ішіңдер, енді бірің сол жағынан ішіңдер. Өйтпесеңдер, орталарың ойран болады» дегені еді, – дейді.
    Жиналған жұрт «Апырмай, неткен сұңғыла жан едіңдер, шіркін!» деп Сары биге де, екі елдің биіне де дән разы болыпты.
    Жолсейіт әке осы әңгімеден кейінгі үнсіздіктен соң:
    – Осында менен де ерте тұратын бір адам бар. Ол – Дүйсенбек қария, – деді.

    3. «Қазанаттың жақсысы
    шапсаң – тұлпар, сатсаң – пұл,
    азаматтың жақсысы түзде – мырза, үйде – құл»
    Дүйсенбек қарияны іздеп кеттім. Дүйсенбек Байсеркенов қария – Жолсейіт ағаның көмекшісі. Руы – Ысты, біздің елге әрі нағашы әрі жиен екен. Олардың Қымқап деген әпкесін менің Рысқұл атам алыпты. Екінші жағынан өзі Рысқұл атамның қызынан туған жиен екен. Қымқап әжеміз өте ақылды, ісмер және батыл, ержүрек болыпты. Батылдығының бір айғағы – ауыл жайлауға жаңа көшіп келіп, үй тігіп жатқанда, қылыштарын жарқылдатып патшаның екі солдаты шауып келеді екен. Сонда әжеміз еркек кіндіктілерге:
    – Тезірек кетіңдер көздеріне көрін­бей. Тығылыңдар! – депті де, өзі шаңырақ көтеретін ұзын сырықты ала сала, тұра ұмтылып барып, аттың үстінде шауып келе жатқан екі солдаттың екеуін екі жаққа ұшырып түсіріпті. Мұндайды күтпеген екі солдат атынан айырылып, Қымқап әжеміздің қолындағы сырығынан қорқып, қайырылуға шамалары келмей, тұра қашыпты.
    Ақылдылығы сол, өзі бәйбіше болған соң жасы келгенде Рысқұл атамызға өзі таңдап жүріп, жас тоқал әперіп, жеке отау тіктіріп, атамызды бөлек шығарып, өзі қара шаңырақта қалыпты. Содан әлгі отау үй Рысқұл бай атамыз тұратын болғандықтан, «Байдың үйі» аталыпты да, Қымқап әжеміз отырған қара шаңырақ «Үлкен үй» аталып кетіпті. Ал ісмерлігі енесі­нен ауысқан екен.
    Сол Қымқап әжемізден туған қыздың перзенті Дүйсенбек қарт өрісте қоздап қалған қойларды қозысымен қораға тасып әкелу үшін жершананы сүйретіп, сыртқа беттеп барады екен.
    – Ассалаумағалейкум! – дедім дауы­сымды көтере.
    Езуіндегі темекісін алып, жерге бір түкіріп тастап, жайбырақат:
    – Уағалейкумассалам, – деп дауы­сын көмейінің түкпірінен кекете шығарғандай болды. Мені менсінбей тұрған сыңайлы. «Қаладан келген ақсаусақ» деп тұрғанын түсіндім. Менің сөзімді күтпей, тісінің арасынан сыздықтата, қырылы бар үнмен:
    – Сен осы жорналыс емес пе едің? Жазайын деп келдің ғой. Мен туралы жазып қайтесің, мына Жолсейіт туралы жаз. Бір қарасам, ақ жейде, қара сым-кәстүмін киіп, қызыл ала гәлстүгін тағып алып, бұл өңірде ешкімде жоқ жасыл «Волгасымен» ауданға немесе облысқа, болмаса астанаға кетіп бара жатады. Барған жерінде шіреніп төрде отырады. Бүкіл республикаға сыйлы да құрметті. Тіпті бүкіл одақ біледі оны. Мәскеуге қаншама рет барып келді. Сиезде отырады қасқайып. Бірақ адамның алдында шікірейгенін көрген емеспін. Үйге келген соң, әлгі сыртқа киген киімінің бәрін сыпырып тастап, малшы киімін киіп алып, әр қойдың тұяғын тазалап, қозысын ауыздандырып кетеді. Міне, нағыз азамат, кешегі Сары би бабаңның сарқыты осы Жолсейіт! Сары биден қалған сөз бар: «Қазанаттың жақсысы шапсаң – тұлпар, сатсаң – пұл, азаматтың жақсысы түзде – мырза, үйде – құл». Ол мына Жолсейітке қатысты дәл айтылған, – деді.

    4. «Қолда жүзік барында Сүлеймен де Сүлеймен, қолдан жүзік кеткен соң сілейген де сілейген»
    – Қарағым, мен не көрмедім? Бір кісідей көрдім тағдырдың маңдайға жазғанын. Талай мансаптыны да, небір байды да көрдім. Мансабы барда, байлығы тұрғанда жандайшаптар мен жағымпаздар құрдай жорғалап, айналасынан шықпай, құлдық ұрып жүреді де, әлгі мансапты мансабынан түсіп, ал бай байлығынан айырылғанда, тым-тырақай безіп, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Кейбір мансапты мансабынан кетсе, кейбір бай байлығынан айырылып қалса, өзінен-өзі түңіліп, жүнжіп, мына өмірден баз кешіп кетеді. Сондайларды көргенде, Сары бидің «Қолда жүзік барында Сүлеймен де Сүлеймен, Қолдан жүзік кеткен соң сілейген де сілейген» дегені есіме түседі. Бұл сөзі Жолсейітке қатысты айтылмаған. Жолсейіт – қолында жүзік барында да, жоғында да Жолсейіт қалпынан айырылмаған нағыз азамат, – деді тағы да Дүйсенбек қарт.
    Сол Жолсейіт әке сексеннен асқанда, шопандық-фермерлік ақ таяғын ұлы Қанатқа аманаттап, 2015 жылы 85 жасында қайтпас сапарға аттанып кетті.
    Менің мойнымда Сары би бабамыз туралы жазу аманаты қалды.

    Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ

    Ұсынымдар

    Адалдық – ең басты құндылық

    Адалдық – ең басты құндылық

    9 months ago
    Жаңа көшедегі жаңа нысан

    Жаңа көшедегі жаңа нысан

    6 months ago
    Реформаның үштағаны: жасампаздық пен жаңғыру жолы

    Реформаның үштағаны: жасампаздық пен жаңғыру жолы

    2 years ago
    Тарихи сәтте – тарихи таңдау

    Тарихи сәтте – тарихи таңдау

    1 year ago
    Бірлескен іс нәтижелі

    Бірлескен іс нәтижелі

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>