Қазақстандағы тұңғыш құрылған «Ақ әжелер» халық ансамблінің жетекшісі Күміс Пармашқызы 85 жасқа толды. Мен кейде осынау ақжарқын келбетті, жүзінен күн күліп тұратын әпкеме қарап, бұл кісінің бойындағы қажымас қуатқа қайран қалатынмын. Қашан көрсек те көпшіліктің алдында, ақ кимешекті әжелердің ортасында жақсылыққа жанашыр болып жүргені. Қашан көрсек үміт-сенімнің жетегінде, жаңа бір идеялар бастап, қазақтың тілі мен дәстүр-салтын дамыту жолында пәруана тіршілік кешіп жүргені. Шіркін, есті әйелдің бәрі осындай болсашы дейсің! Шіркін, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздардың бәрі осы Күміс әпкемізден үлгі алса дейсің!
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында… жоқ, одан да ертерек екен ғой, иә, сексен алтыншы жылғы тарихи оқиғадан кейінгі кезеңде ұлттық намысы ширыққан Күміс Пармашқызы Кемелбекова ауданда тұңғыш рет әжелер ансамблін құрды. Қазір айтуға ғана оңай, болмаса, бұл ұжымды біріктіріп ұйымдастыру, оның түрлі орталарда халықтың алдына шығуына күш салу, мәртебесін бекіту, салт-санамызды насихаттайтын осындай ақ ниетті әжелер ансамблінің қажеттілігін билік орындары алдында дәлелдеу, арнайы киім тіктіруден бастап, шығармашылық бағдарламасын жасау, бәрі-бәрі қыруар қажырлы еңбек, кәдімгідей қаржыны да талап еткенін енді кім ескеріп жатыр? Соның бәрін үлкен жігермен, тың ізденіспен атқарды Күміс әпкеміз. Бұл қоғамдық жүктеме алдына, одан тыс мектептегі сабағы, үйдегі әйел, ана ретіндегі айнымас міндеті тағы бар. Соның бәріне уақыт табу, бәрін рет-ретіне келтіру кез келген әйелдің, ананың, ұстаздың қолынан келе бермес еді. Күміс Пармашқызының қолынан келді.
Бір күні қарасам, Ұзынағашқа кіреберіс көшенің көрнекі бір тұсына ақшаңқан киіз үй тігіліпті. Сұрастырсам, Күміс әпкеміз жазда ары-бері өткен жолаушы сусындайтын қымызхана ашыпты. Дастарқан толы ұлттық тағам, сары тоқаш, құрт-майы, ірімшік, женті тіл үйіреді. Саба толы сары қымызды бабымен сапыр-е-е-п отыр ортада. Көргеннің көзі қуанады, ішкеннің мейірі қанады.
Біреулер нарықтың жетегіне ілескен елдің іскерлік әрекеттеріне сай пайда табу мақсатымен жасалған жұмыс шығар деп ойлайтын шығар?! Тіпті олай емес. Кәдімгі ұлттық болмыс. Кәдімгі ұлттық дүниемізді жаңғырту, ұмытпай есте сақтау, бір адамның болса да зердесіне бұрынғы ата-бабаларымыздың бие байлап, қымыз ашытып, кереге көзінен береке шалқыған киіз үйінде малдас құрып отырып, мәслихат құратын кейпін тағы бір елестету үшін жасалған ұмтылыс еді бұл. Қазағым деп соғатын жүрегі қандай бұл әпкеміздің. Кейін өзі айтады ғой, «Содан түк пайда таппадым, қайта кейбіреулер өзіме күліп кетті» деп. Расында солай. Біз қазақтық қалпымызға қайта оралғанша әлі талай су ағатын шығар. Сол кезде Күміс сияқты қазақы мінезді қажымас қайсар әпкелеріміз алдымыздан тұрса, қане?!
Ұйытқы дейтін дүниені аққа жақын жүретіндер жақсы білсе керек. Ол болмаса сүттің – айранға, саумалдың қымызға айналуы неғайбыл. Және ұйытқан осы екен деп, кез келген ақты ашытқы ретінде албаты пайдаланбайды қазақ. Ол ұйытқы болып мандымайды, ұйытқының да ұйытқысы болады. Білетін адамдар оның ең маңыздысын ғана таңдайды. Бір қарасам, Күміс әпкеміз тура осы ең маңызды ұйытқы тәріздес. Қашан болсын көпшілікті жақсылыққа үндеп, ісімен де, сөзімен де бәрін бір мәмілеге келтіріп, айналасына шұғыла шашып жүргені.
«Көп білген кемеңгер емес, білгені еліне көп пайда келтірген кісі кемеңгер» деген екен көне грек данышпаны, сол айтпақшы, көріп-біліп, көкейге түйгенін көпшілікке алғаусыз ұсынып жүрген осындай адамдар болмаса, мына өмірдің қаншалықты көңілсіздік басарын көз алдыңызға бір елестетіңізші.
Біздің Күміс әпкеміздің ұстаздығы ғой осының бәріне бастап жүрген. Білгенін үйретсем дейді, шәкірттерім өзімнен де білімдірек, өзімнен де биік, жігерлі болса екен дейді. Сол үшін бүкіл өмірінің 50 жылын мектепте өткізді. Кейінгі 40 жылда ауданның барлық қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, ұлттық келбетіміздің жарқырай түсуі жолында өлшеусіз тер төкті. Біз келтірген бірді-екілі мысал шет жағасы ғана. Бұл адамның жарқын нұрлы жан дүниесіне үңілу үшін ол мүлдем аздық етеді.
Екеуміздің бір әңгімеміз байыған тұста: «Тәте, сіз көп адамның өмірін ұзартуға өлшеусіз үлес қосқан адамсыз», – дедім мен төтесінен.
Қапелімде естіген тосын тіркес болған соң ба, бұл кісі сәл ойланып қалды. Қалт түсінбегені бет әлпетінен байқалды. «Дәрігер емеспін, емші емеспін, мұнысы қай айтқаны» деп абдыраған да болар. Ал менікі сәл астарлы болса да негізі шындық сөз еді.
Расында, әжелер ансамблін құруға ұйытқы болуының арқасында Күміс Пармашқызы егделік жасын еңсерген талай адамның жанына шуақ, бойына қуат құйды. Алдағы болашаққа деген сенімін сергітті, кейбір адамдардың алтын толы сандықтай асыл кеудесінің кілтін ашты, әлі де берері мен көрері көп екеніне көзін жеткізді. Олар өзінің қоғамға әлі де қажет екенін сезінді, сөйтіп көңілі көтерілді, өмірі ұзарды.
Ұлттық педагогиканың ұлағатын әріден пайымдаған оның ең алғаш әжелер ансамблін қалай құрғанын біз әрине, көргеміз жоқ. Оңай болды деп ойламаймыз. Ол туралы өзі де «Өмір өткелдері» атты кітабында жіктеп, жіліктеп жазды. Бірақ біз басы-қасында жүрмеген соң сол кездегі ұжым құрудың ұңғыл-шұңғылына терең бойлай алмаймыз. Дегенмен бір білетініміз, осы кісінің батасымен күллі Қазақстан бойынша тұңғыш рет біздің Дегерес ауылында құрылған әжелер ұйымының кейін күллі Қазақстан бойынша кең қанат жайғаны. Оны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы, осы күні қай жерде қандай ұжым бар екеніне көпшілік күнделікті ақпарат құралдары арқылы қанық. Қазір еліміздегі аудандар былай тұрсын, тіпті әжелер ансамблі жоқ ауылдық округ бар ма екен өзі деп қайран қаламыз. Демек, біздің Күміс әпкеміздің бір кездегі бастамасы ел үшін аса қажетті, әрі өміршең болды деп білген дұрыс.
Иә, кері тартып үйренген кейбір ағайыннан: «Қартайғанда кәрібоз жорға дегендей, осы кемпірлер сахнада секектеп қайтеді. Жатпай ма үйінде немере бағып…» деген пікірді де естіген құлақта жазық жоқ. Кейін солардың өзі әжелер өнеріне сүйсіне зер салып, залда дуылдата қол шапалақтап отырғанын да талай рет көрдік. Өйткені отбасында ұлы мен қызын аялап өсіріп, өнегелі тәрбие берген Күміс тәріздес әрбір ананың кеудесінен шыққан күмбір үнге тебіренбеу мүмкін емес еді. Олар өз кеудесінде ұлт мәдениеті мен өнерінің алауын өшірмей сақтағандар болатын. Сол алауды қисынын келтіріп одан әрі лаулатып жіберген Күмістің өлшеусіз еңбегінің нәтижесі осы сахна төріне көтерілген әрбір әженің қимыл әрекетінен, сөзінен, үнінен, үстіндегі ұлттық кимінен байқалды. Осыны кезінде ұлт мәдениетінің шынайы бірлігі, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, асыл текті ағамыз марқұм Өзбекәлі Жәнібековтей терең пайымдай алғандар қаншалықты еді деп кейде қазір ойға шомылатынымыз бар.
Жамбыл ауданында «Ақ әжелер» фольклорлы-этнографиялық халық ансамблін құрып, кейінгі жыл- дарында еліміздің өнегелі ұлағатын талмай дәріптеген біздің Күміс әпкеміз қазақтың тілі мен дәстүрін өрістету үшін жанын сала күресті. Ол жетекшілік еткен ұжым мүшелері де уақыт өткен сайын тұлғалана түсті. Олар әлеуметке жеткізген кешегінің өсиет нақылы, ауыз әдебиетінің інжу-маржан қазынасы, халықтық салт-дәстүр сипатынан сахна арқылы көрсеткен әрекет көріністері үнемі іріктеліп, сұрыпталып тұрды, елге тек өнегелі, ең озық нұсқаларды ұсыну көзделді. Өзінің мамандығы филолог болғандықтан да шығар, фольклордың қаншалықты құнды екенін жақсы білетін Күміс Пармашқызы осы тұрғыдан да ізденісті жұмыстар атқарды. Ел арасында сақталып қалған ескі әуендер мен мақамдарды жаңғыртты, этнология мен әдебиеттану саласының мамандары назар аударар болса – аса маңызды саналатын аңыздар мен әпсаналардың, қара өлеңнің қаншама нұсқасын тапқаны да өз алдына бір тарау әңгіме. Бұл кісіге деген елдің ықылас-ілтипатын, еншілеген марапат-атақтарын тізімдеп тізер болсақ, сөз ұзара береді. Сондықтан осы арадан нүктелеуге мәжбүрміз.
Жасай беріңіз, жақсы әпке! Сізге зор денсаулық тілейміз. Аппақ шыңдай сеңгірлі сексен бес жасыңызда Алланың рақым-шапағатына, табиғаттың рисалат нұрына бөленіп, еліңіздің ортасында мархабат кешіп жүре беріңіз. Сіздің үлгі-өнегеңіз енді кейінгі немере-шөберелеріңізге жұғысты болсын!
Рәтбек Терлікбаев,
ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі
Жамбыл ауданы