Есімін ел қадірлеген ерлерді айтқан кезде, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Нұрмұқан Әпековке тоқталмай кете алмаймыз. Ең алдымен ол кісінің өмірбаянына аз-кем назар салайық.
1922 жылы Шелек өңіріндегі Сарыбұлақ ауылында туған. Шелек орта мектебін үздік аяқтаған жас 1941 жылы Алғабас орталау мектебіне енді мұғалім болып орналасқанда, әскерге шақырылады. Әрі қарай соғысқа аттанады. Сталинград түбінде, І-Белорусь майданында ұрыстардың бел ортасынан көрінеді. Екі рет жараланыпты. Өкпесінде қадалған қорғасын өмірінің соңына дейін жүрген. 1946 жылдың шілдесінде елге оралады. Тарих пәні бойынша жоғары білім алып, ағарту саласында түрлі деңгейдегі қызметтер атқарған. Кеген мен Жалағашта жүздеген шәкірт тәрбиелеп, қанаттандырады.1982 жылы өмірден озды.
Ерлат Нұрмұқанұлының үйінде сақталған сарғайған құжаттармен танысқан кезде, майдангерге қатысты деректерге қанықтық. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталыпты. Көптеген медаль иеленген.
Аға лейтенант Нұрмұқан Әпековті «Даңқ» орденіне ұсынған марапат парағында 218-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, Кеңес одағының Батыры, гвардия полковнигі А.Евстигнеев: «1945 жылы 14 қаңтарда Висла өзені маңындағы жау бекінісін бұзған кезде Н. Әпеков ерекше ерлік көрсетті. Мина даласында өз минометімен қарсыластың сым қоршауынан өтетін жерін ашып берді. Жаудың үш пулеметін жойып, миномет батареясын талқандады. Біздің жаяу әскердің алға өтуіне мүмкіндік жасады. Ковель қаласын азат етудегі кескілескен шайқаста Н. Әпеков жаудың 2 пулеметін, 4 минометін істен шығарып, 35 әскері мен офицерін жер жастандырды. Сол үшін «Даңқ» орденінің ІІІ дәрежесіне ұсынамыз», – деп жазған. Жоғарғы қолбасшылықтан алған алғыстары да аз емес екен.
Нұрмұқан Әпеков соғыстан кейін елге оралып, жастар тәрбиесіне белсене араласып, ауыл экономикасын көтеруге де көп еңбек сіңірген. Ол Қазақ КСР Білім беру ісінің үздігі атанды.
Кеген ауданы Жалағаш ауылындағы орталық саябақтағы соғысқа қатысқандар тізімінде Нұрмұқан Әпеков пен әкесі Әпек Бейсекұлының есімдері айшықталып жазылған. Майдангерлер туралы мәліметтерді орта мектептің әскери даңқ бөлмесінен де көресіздер.
Ұлағатты ұстаз Нұрмұқан Әпековтің ісін балалары мен немерелері абыройымен жалғастыруда. Зайыбы Тұрсын Қонысбаева екеуінен тараған ұрпақтары әулет даңқына кір келтірмей, мерейін асқақтата білді. Жұрт жапырағын жайған Әпековтерге мақтанышпен қарайды.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ
Еңбекшіқазақ ауданы
