Соңғы уақытта телефон арқылы жасалатын алаяқтық белең алуда. Мәселен, ұялы телефонға қоңырау шалып, байланыс операторы болып танысып, SIM картаның пайдалану мерзімі бітуге таяғанын, оны ұзарту үшін ұялы телефонға жіберілген SMS кодты айтуды сұрайды. Сол секілді пошта қызметкері ретінде хабарласып, сәлемдеме келіп тұрғанын, немесе су есептегішті ауыстыру қажеттігін, соған кезекке қою үшін код жіберілгенін айтады. Кодты айтып қойған жағдайда әлгі адамның атынан ірі көлемде несие рәсімдеп немесе банк шоттарының дерегін алып алады. Мұндай алаяқтықтың құрығына іліккендердің дені орта жастағылар мен зейнеткерлер
екен.
Кейінгі кезде дүниежүзі бойынша өршіп тұрған интернет-алаяқтық біздің елімізде де өзекті мәселенің бірі болып отыр. Қазіргі таңда алаяқтықтың да түр-түрі бар. Атап айтар болсақ, «фишинг» қылмыскерлер банк және сервис атынан жалған хат, сілтеме, хабарлама жіберу арқылы немесе әлеуметтік желіде жалған парақшалар ашып, сыйлық ұтысы деген сылтаумен азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізеді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің 2024 жылғы дереккөзі бойынша елімізде алаяқтық жалпы қылмыстың 34 пайызын құраған. Былтыр интернет-алаяқтық бойынша 22870 оқиға тіркелсе, биыл 5 айда олардың саны 17909 адамға жеткен. Олардың 1131-і зейнеткер, 50-і кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Ал рейтинг бойынша қарастырсақ, Астанада 1548, Алматы қаласында 1141, Қарағанды облысында 868, Павлодар облысында 861, Ақмола облысында 792 адам алаяқтардың тұзағына түскен. Осы орайда Алматы облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Кеңесханұлына жолығып, облыста интернет алаяқтықты ауыздықтау мақсатында қандай жұмыстардың жүзеге асып жатқанын сұраған болатынбыз.
– Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен аудандық алаяқ бөлім қызметкерлерінің бірлескен жұмыстары өз нәтижесін беруде. Мәселен, Іле ауданында 20 адамнан тұратын ірі дропперлер тобы әшкереленді. Олар алаяқтық жолмен алынған ақшаны криптовалютаға аударумен айналысқан. Қылмыстық топ құрықталып, уақытша ұстау изоляторына 8 адам қамалды. Жамбыл ауданында 2 алаяқ ұсталды. Олар Kaspi қосымшасын пайдалану арқылы тұтынушыларды алдаған. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданында 7 және 9 адамнан тұратын, Жамбыл ауданында 4 адамнан тұратын дропперлер тобы құрықталды. Интернет-алаяқтықтың алдын алу және ашу бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында былтырдан бастап полиция департаменті бастығының №351 бұйрығымен киберқылмысқа, оның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ҚР ІІМ бағдарламасы аясында жұмыс атқарылуда. Соған сәйкес департамент дербес басқармаларымен облыс әкімдігінің киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді. Оның шеңберінде өзекті мәселелер бойынша жұмыс кеңесі өткізілді. «Контрафакт» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде құқық бұзушылықтың барлық түрлерін анықтау бойынша рейд жүргізеді. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» еріктілерімен бірлесіп Қонаев қаласында халық көп шоғырланған орындарда «Алаяқтықтан қалай қорғанамыз» тақырыбында кең ауқымды түсіндіру жұмысы қолға алынып, 15 000 данаға жуық жадынама таратылды. Сонымен қатар мектептер мен колледж студенттеріне ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» деректерінің қылмыстық жауаптылығы және интернет-алаяқтардан қалай қорғану туралы мағлұмат берілді. Адамдар көп жиналатын орындарда қалалық, аудандық полиция басқармасы мен бөлім қызметкерлері 12 акция өткізіп, 25 000 дана брошюра мен мозаика таратылды, – деген басқарма бастығы қоғамдық орындарда 11 билборд, стенд және 11 LED-экран орнатылғанын, 125 мектепте «Кибергигиена» тақырыбында сабақтар өткізіліп, 25 мешітте, аудандық орталық базарларда, сауда орталықтарында, ойын-сауық мекемелерінде, дүкендерде ақпараттар ілінгенін тілге тиек етті.
Алаяқтықты ауыздықтау мақсатында құқық қорғау органдары тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатқанымен, әзірге бұл қылмыс жүгенделмей тұр. Оған қаржылық және интернет-алаяқтық деректері дәлел болады. Уақыт талабына сай технологияның дамуы мен интернетке қолжетімділік артқан сайын алаяқтар да алдап-арбаудың түрлі тәсілдерін ойлап тауып, қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыруда. Алайда алаяқтарға алданғандардың көбі құқық қорғау орындарына хабарлай бермейтіні жасырын емес. Осыны ескерсек, алаяқтықтың құрбаны болғандардың нақты саны ресми деректерден әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Соңғы уақытта телефон арқылы жасалатын алаяқтық белең алуда. Мәселен, ұялы телефонға қоңырау шалып, байланыс операторы болып танысып, SIM картаның пайдалану мерзімі бітуге таяғанын, оны ұзарту үшін ұялы телефонға жіберілген SMS кодты айтуды сұрайды. Сол секілді пошта қызметкері ретінде хабарласып, сәлемдеме келіп тұрғанын, немесе су есептегішті ауыстыру қажеттігін, соған кезекке қою үшін код жіберілгенін айтады. Кодты айтып қойған жағдайда әлгі адамның атынан ірі көлемде несие рәсімдеп немесе банк шоттарының дерегін алып алады. Мұндай алаяқтықтың құрығына іліккендердің дені орта жастағылар мен зейнеткерлер екен.
Әлеуметтік желі арқылы «Үйде отырып ақша тауып, бай болыңыз» деген сияқты түрлі постар мен стористер жариялайтын алаяқтардың тұзағына түскендер аз емес. Солардың бірі – бала күтіміне байланысты демалыста отырған Гауһар есімді апайдың басынан өткен жағдай.
– Instagram желісінде отыр едім, бір жарнама көзіме түсті. Кіріп қарасам, ұйым секілді ашылған парақша екен. Постары мен стористерінде инвестиция арқылы көп ақша табуға болатыны көрсетіліпті. Қызығып кетіп, хабарлама жазып көріп едім, бірден жауап беріп, өздері берген WhatsApp нөміріне хабарласуымды сұрады. Аудиожазба арқылы жұмыс тәсілін түсіндірді. Кейіннен бейнеқоңыраумен хабарласты. Түрін көрсетіп, жеке куәлігінің суретін де жіберді. 50 000 теңгелік Kaspi-RED қарызымды жауып берген соң оларға деген сенімім одан арта түсті. Әбден сеніміме кіріп алған менің атымнан бірнеше банктен көп мөлшерде несие рәсімдеп үлгеріпті. Оны несиенің ай сайын төлейтін мерзімнен өтіп кеткені жайлы банктерден хабарламалар келе бастағаннан кейін бір-ақ білдім. Осылайша аңғалдығымнан алаяқтарға алданып, санымды соғып қалдым. Полиция қызметкерлері алаяқтың WhatsApp арқылы жіберген жеке куәлігінің жоқ екенін, видеоқоңыраудағы кескіні жасанды интеллектпен жасалғанын айтты, – дейді Гауһар апайымыз.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне адамдардың жұмыс іздеу, табысын арттыру немесе жеңіл жолмен ақша табу ниетін пайдаланады. Сондықтан кез келген онлайн ұсыныстың растығына көз жеткізіп алу керек. Осы орайда киберқылмыстан қалай қорғануға болатыны жөніндегі облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы келесідей кеңес береді. Бейтаныс сілтемелерді ашпаңыз. Әлеуметтік желіде, мессенджерде немесе электрондық поштада келген күмәнді сілтемеге өтпеңіз. Күдікті файлдарды жүктемеңіз. Белгісіз адам жіберген сурет, видео немесе бағдарлама – дропер болуы мүмкін. Антивирусты және жүйені жаңартып отырыңыз. Уақытылы жаңарту зиянды бағдарламаларды анықтау мүмкіндігін арттырады. Қос факторлы аутентификацияны қолданыңыз. Әлеуметтік желілер мен банктік қосымшаларға кіру үшін қосымша қорғау орнатыңыз. Жеке деректерді жарияламаңыз. Жеке куәлік нөмірі, банк картасының деректері, СМС-кодтарды ешкімге бермеңіз. Құпиясөздеріңізді күрделі етіңіз. Әр аккаунтқа әртүрлі және кемінде 8–12 таңбалы құпиясөз қойыңыз. Интернеттегі «оңай табыс» ұсыныстарына сенбеңіз. Дроперлер мен алаяқтар көбіне жылдам пайда әкеледі деп уәде береді.
Қазіргі уақытта интернеттегі қылмыстардың түрі көбейіп, алаяқтардың әдістері де жетіліп келеді. Киберқылмыстың басты мақсаты – сіздің деректеріңіз бен ақшаңызды иемдену. Алаяқтар бір қадам алда жүруге тырысады, олардың басты қаруы – сенім. Бүгінгі таңда қырағылық пен күдікшілдік – әр азаматтың жеке қорғаны. Әр күмәнді қоңырау мен хабарламада «Бұл шын ба?» деген сұрақ туындауы тиіс. Алаяқтардан өзімізді де, айналамызды да қорғайық. Сақтық – ең тиімді қорғаныс.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
