Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Талғар ауданының тұрғындарымен есепті кездесуі өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.
Дәстүрлі кездесудің алдында аймақ әкімі мен басқарма басшылары аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, ондаған азаматтың өтініш-тілектері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Одан соң ине шаншар орын жоқ үлкен залда облыс және аудан басшыларының баяндамалары тыңдалды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың төрағасы алғашқы сөзді аудан әкімі Таңат Айдарбековке берді.
Өңір басшысының баяндауынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы аудан экономикасының тұрақты дамуын көрсетеді. Мемлекеттік бюджетке түсімдер көлемі 53,0 млрд теңгеге жетіп, белгіленген жоспар 117,2 % орындалған. Оның ішінде республикалық бюджет – 25,7 млрд теңге, жергілікті бюджет 25,2 млрд теңгені құрайды. Аудандық бюджетке 6,7 млрд теңге түсіп, болжам 115,8 % атқарылған. Шығын көлемі 14,3 млрд теңгені құрап, 82,6 % игерілген.
Биыл ауданда 19,1 мың гектар алқапқа әртүрлі егін түрі, соның ішінде 7973,6 гектар – дәнді дақылдар, 2510,7 гектар – майлы дақылдар, 689,3 гектар – картоп, 916,4 гектар – көкөніс, 101,1 гектар – бақша, 6863,7 гектар жем-шөптік дақылдар егілген. Қазірге дейін 4235 гектар жердегі дәнді дақылдар орылып, 6353 тонна өнім жиналыпты, орташа түсім гектарына 15 центнерді құрайды. Бөліп айтатын бір жайт, аудандағы 19,6 мың гектар суармалы жердің 7,9 мың гектары немесе 40,3%-ы су үнемдейтін заманауи технологиямен суарылады.
Бүгінгі күні ауданда 25 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оларда жалпы саны 45,5 адам жұмыспен қамтылған. Жарты жылда бұл салада 231,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өсім 163,8%-ды құрапты, ал бюджетке 26,3 млрд теңге салық түскен.
Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі де едәуір ұлғайып, 58,5 млрд теңгеге жеткен. Нақты көлем индексі 114,7 % болса, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 86,7 %-ды құрап отыр. Ауданға келетін туристер саны да 8,1%-ға өсіп, 29,5 мың адамға жеткен. Оларға көрсетілген қызметтер 106,9%-ға өсіп, 1,0 млрд теңге болған. Негізгі капиталға тартылатын инвестицияның көлемі 62,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 117,9%-ды көрсеткен. Сондай-ақ биылғы жылы инвестиция көлемі 521,4 млрд.теңгені құрайтын 23 жоба іске асырылып, соның нәтижесінде 3061 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
– Ауданда тұрғындарды сапалы ауызсумен, электр қуатымен қамту, көшелерді жөндеу, жарық орнату, көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету және басқа да жұмыстар жақсы жүргізілуде. Жалпы жергілікті атқарушы органдар жұмысының ең басты міндеті – қойылған тапсырмаларды сапалы орындау, сонымен қатар өңір тұрғындарының тұрмысын жақсарту десек, бұл мәселе күн тәртібінен түспейді, – деді Таңат Есенгелдіұлы.
Одан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алды.
– Біз сіздермен бірге ауданның даму барысы, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жайында ашық пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. Халықтың қолдауы мен бірлескен еңбектің нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңіріміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты өсімге қол жеткізді. Осы кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,8%-ды құрады. Жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7,6%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Соңғы үш жыл ішінде облыс республика бойынша 10-орыннан 5-орынға дейін көтерілді. Мұндай өсім өңіріміздің экономикалық әлеуетінің артқанын және даму қарқынының айтарлықтай ілгерілегенін көрсетеді, – деді аймақ басшысы.
Аймақта өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,4%-ға артып, 1 трлн 152 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3% өсіммен 224,2 млрд теңгені құрапты.
Сауда қызметтері 19,4%-ға ұлғайып, 856,6 млрд теңге көлеміне шыққан. Әсіресе құрылыс саласындағы өсім өте жоғары, ол 30,6%-ға артып, 146,3 млрд теңге болған. Тұрғын үйді қолданысқа беру көлемі де 5,6%-ға артып, 621,9 мың шаршы метрді құраған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін экономиканы 7%-ға өсіру – басты міндет. Жыл соңына дейін жалпы өңірлік өнім көлемі 6,4 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде, – деді алда тұрған негізгі мақсатты бөліп айтқан Марат Елеусізұлы.
Оның түсіндіруінше, Алматы облысы – инвестиция тарту үшін еліміздегі ең қолайлы өңірлердің бірі. Кәсіпкерлік саласындағы серіктестікті нығайту мақсатында бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, 2023 жылдан бері жалпы құны 2,4 трлн теңгеге 52 меморандумға қол қойылған. Бүгінде облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелі 6,6 трлн теңгені құрайтын 229 жобадан тұрады. Бұл жобалар аясында 68,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Олардың ішінен биыл 111,2 млрд теңгеге 540 жұмыс орнын құрумен 4 жоба енгізілген. Бұл жобалардың нәтижесінде облыс экономикасы әртараптандырылып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы тағы да арта түсетіні анық. Сонымен бірге өнеркәсіптік және логистикалық инфрақұрылымдары айтарлықтай нығайып, экспорттық әлеуеті жоғарылайды. Болашақта Алматы маңындағы индустриялық аймақ инновациялық және экспорттық компанияларды тартудың маңызды орталығына айналмақ.
– Талғар ауданының аумағында «Тасқарасу», «Сұңқар» индустриалды аймақтарын құру үшін жергілікті органдармен жер телімдерін тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Өнеркәсіп саласын дамыту мен әлеуетін арттыру мақсатында облыс көлемінде тағы 9 жаңа индустриялық аймақ құрылды. Нәтижесінде, биылғы жылдың алғашқы 6 айында инвестиция көлемі 24,7%-ға өсіп, 421,6 млрд теңгеге жетті. Соның есебінен облыс ел бойынша 9-орынға шықты. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі
1,3 трлн-нан асады деп жоспарлануда.
Ал Талғар ауданында жыл басынан бері 62,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, облыстағы аудандар арасында 14,9% үлесімен 3-орынға ие болды. Қазір ауданның инвестициялық портфелінде 585,4 млрд теңге болатын 30 жоба бар, олар 4261 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылы 5 жоба жүзеге асырылады.
Жалпы облыстың инвестициялық портфеліндегі жобалардың шамамен 40%-ы (85 жоба) өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл жобалар облыстың индустриялық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаруда. Айта кетерлігі, облыстың жалпы өңірлік өніміндегі өнеркәсіп саласының үлесі шамамен 30%-ды, яғни үштен бір бөлігін құрайды. Оның ішінде 89,8%-ы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. 2025 жылы облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Талғар ауданы өнеркәсіп өнімі көлемі бойынша облыста 4-орында, – деп атап өтті облыс әкімі.
Әрине, аймақ экономикасын дамытудың негізгі қозғаушы күші агроөнеркәсіптік кешен екені анық. Бұл салада біздің облысымыз республикада 12,5% үлеспен Түркістан облысынан кейінгі екінші орынды иеленіп тұр. Сонымен қатар облыс ет өндіру бойынша көш бастап тұр, құс басы бойынша – 2, қой мен ешкі басы бойынша – 3, жұмыртқа өндіруден 4-ші, сүт өндіру және ірі қара мал басы бойынша 5-орындарда. Оның ішінде, Талғар сүт өндірісінен аудандар арасында 2-орыннан түспей келеді.
Бұл саладағы аудан әкімдігінің басты міндеттерінің бірі – ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын әртараптандыру және тиімді дақылдардың көлемін төмендетпеу.
– Облыста астықты жинау жұмыстары 5 шілдеден басталып, бүгінде дәнді дақылдардың 32,1%-ы немесе 98,8 мың тонна астық жиналды, орташа өнімділік гектарына 17,9 центнерден тура келеді. Сонымен бірге, картоп пен көкөніс-бақша дақылдары да жиналуда. Фермерлердің басты міндеті – астықты толық көлемде және уақытылы жинап алу, – деді Марат Елеусізұлы.
Алматы облысы еліміздегі туристік әлеуеті жоғары өңірлердің қатарына жатады. Аймақ басшысының мәліметінше, жыл басынан бері облысқа келген туристер саны табиғи ұлттық парктерге келушілерді қосқанда 27,0%-ға өсіп, 949,1 мың адамды құраған. Оның ішінде 80 мыңнан астамы шетел азаматы екен, олардың саны 9,3%-ға артқан. Облыс шетелдік азаматтардың туристік ағыны бойынша Алматы мен Астана сияқты ірі қалалардан кейін үшінші орында. Бүгінгі таңда саланы дамытудағы басты назар экологиялық, этно және агротуризмді дамытуға бағытталған. Алматы таулы кластері жақын болашақта халықаралық тау шаңғысы және экотуризм орталығына айналады. Бұл ретте 2025-2029 жылдарға арналған таулы кластерді кешенді дамыту жоспары әзірленуде.
Талғар ауданы – Алматы қаласының маңында орналасқан табиғаты әсем, бірегей туризм аймағы. Мұнда экотуризм, этнотуризм, тау шаңғысы, сауықтыру және отбасылық демалыс бағыттары белсенді түрде дамып келеді. Биыл Рысқұлов ауылында «TAL RESORT Aqua & SPA» атты жаңа заманауи туристік кешен ашылды. 1,4 га аумақта орналасқан нысан отбасылық және белсенді демалысқа бағытталған. Кешенге 7 млрд теңге инвестиция тартылып, 45 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар қазіргі таңда «Aqua Asia» туристік кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аумағы 8,5 га, тәулігіне 1 000 турист қабылдайтын, жылына 300 мың келушіге есептелген бұл нысанға 5 млрд теңге инвестиция тартылып, 153 жаңа жұмыс орны ашылады. Кешенде аквапарк, ойын-сауық, мейрамхана мен қонақүй бар. Жоба ішкі және шетелдік туризмді дамытады деп көзделуде. Ауданда туризм саласын әрі қарай дамыту мақсатында Алатау, Бесқайнар және Бесағаш ауылдық округтерінен жалпы аумағы 44 гектар жерді құрайтын 14 жер учаскесін туристік кластерге беру үшін нысаналы мақсаттары өзгертілген.
Облыс әкімінің аудан тұрғындарымен есепті кездесуі еркін және ашық пікір алмасу жағдайында өтті. Марат Елеусізұлы тек атқарылған жұмыс, жеткен жетістіктер, нақты экономикалық көрсеткіштер мен алдағы міндеттер жайлы ғана айтып қоймай, сонымен бірге жіберілген кемшіліктер, кейбір жұмыстардың өте баяу жүріп жатқанын да жасырмады. Солардың бірі – пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерін анықтап, мемлекет меншігіне қайтару болса, биылғы жылы облыста осындай 366 мың гектар жер анықталып, оның тек 49,7 мың гектары (13,6%), ал Талғар ауданында 33,9 мың гектар жердің 123 гектары (0,4%) ғана қайтарылыпты. Сондай-ақ ол Алматының түбінде орналасқан табиғаты тартымды, туристік әлеуеті зор өңір үшін жыл басынан бері ауданға келген 30 мыңдай туристің тым аз екенін де атап көрсетті.
Есепті кездесудің соңы тұрғындардың жеке және жалпы мәселелер бойынша сұрақтарымен жалғасты. Белсенді азаматтар тек өз басына қатысты түйткілдерді айтып қоймай, бүкіл қоғам үшін маңызды мәселелерді көтерді. Оларға аймақ және аудан басшысы, тиісті басқармалардың жетекшілері тікелей сол жерде жауап берді. Кейбір сұрақтар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Соның ішінде тұрғындар саны 50 мыңнан асқан Бесағаш ауылдық округі әкімдігінің өз ғимараты және халыққа қызмет көрсететін кітапхана мен оған тиесілі штаттың, ауданда өлкетану музейінің, шаруалар үшін жайылым жердің жоқтығы, аудан орталығындағы «Жастар» стадионының мүшкіл халі және басқа да әлеуметтік маңызы зор мәселелер сөз болды. Әсіресе қай нысан болсын, жобалау-сметалық құжаттама өте ұзақ дайындалатыны, бұл өз кезегінде жақсы жобалардың уақытылы жүзеге асырылуына кері әсер ететіні айтылып: «Бұл не деген бітпейтін жобалау құжаттамасы?» – деген орынды сұрақ қойылды. Шынында да осы мәселе өте өзекті. Өйткені, кез келген жоба осы құжаттамадан басталады. Одан кейін ол мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұған тым көп уақыт кетеді. Содан соң ғана жобаға мемлекет немесе инвестор тарапынан қаржы бөлінеді. Сондықтан бұл екі үдерісті барлық жұмысты жеделдетудің негізгі кілті деуге болады.
Марат Елеусізұлы жыл сайын әр ауылда жағымды жаңалық, жақсы өзгеріс болуы қажеттігін айтып, бұл тұрғыда жоба құжаты кезінде және барлық жағдай ескеріліп, дұрыс жасалуы керектігін ерекше ескертті. Сондай-ақ ол азаматтардың мәдени деңгейі де біраз көтерілгенін атап өтті.
– Үш жыл бұрын дәл осы залдағы кездесу үлкен айғай-шу, біреуді біреу тыңдамайтындай жағдайда өткен болатын. Бүгін мүлде басқаша, бәріңіз бір-біріңізді құрметтеп, ретпен сұрақ қойып жатырсыздар. Бұл да жақсы жетістік, қоғамдық мәдениеттің дамып келе жатқандығының белгісі. Осылай өзара құрмет пен түсіністік, халықтың қолдауы мен бірлескен еңбек нәтижесінде жақсы жетістіктерге жете берейік, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Тұрғындармен кездесуден соң аймақ басшысы Қазақ тамақтану академиясының Шымбұлақ ауылындағы «АМИРАН» ЖШС зауыты, Рысқұлов ауылындағы «AYKAN RESORT» және «TAL RESORT Aqua & SPA» демалыс орталықтарының жұмыстарымен танысты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы