Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы саланы меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға көп көмегін тигізуде.
Маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еселі еңбектерін жоғары бағалап, олардың бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеу – еңбек адамдарына деген көрсетіліп жатқан құрметтің бір парасы. Он екі ай тынымсыз тер төгіп, атақ пен абыройға емес, өз ісіне деген шынайы құрмет пен жауапкершілік үшін жұмыс істеп жүрген жандарға қандай ілтипат көрсетсек те, көптік етпейді. Еңбексүйгіш қасиетті өн бойында сақтап, қарапайымдылықты өмірлік қағидаға айналдырған азаматтардың бірі – Балқаш желілік-техникалық цехының кабель дәнекерлеушісі Ерлан Рақышев.
Әңгіме кейіпкері 1981 жылы Бақанас ауылында дүниеге келген. Кеңпейіл қазақ ауылының тыныс-тіршілігін бойына сіңіріп, еңбекке ерте араласып, адалдықты ту етіп өскен Ерлан Рақымұлы – бүгінгі таңда бір баланың асқар таудай әкесі, отбасына қорған, қоғамға пайдалы азамат ретінде үлкендерге сыйлы, өзінен кейінгі ізбасарларына үлгі-өнеге көрсетіп жүрген нағыз еңбексүйгіш азамат.
Ерлан Рақымұлы 1999-2001 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін аудан орталығындағы Бақанас аграрлы-индустриялдық колледжіне оқуға түскен. Аталмыш оқу орнын 2002 жылы электр мамандығы бойынша тәмамдап, аудандық «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзетші болып еңбек жолын бастаған. Ал 2005 жылы Балқаш желілік-техникалық цехының кабель дәнекерлеушісі болып жұмысқа орналасқан. Табаны күректей 20 жыл бойы бір мекемеде жұмысшы болып еңбек ету Ерланның бойындағы өзгелерден табыла бермейтін ерекше қасиет десек болады.
Ерлан Рақышев 2003 жылы Жазира Басарғалиқызымен шаңырақ көтеріп, Данияр есімді ұлға өмір сыйлап, өздерінің бойындағы еңбексүйгіш асыл қасиеттерін ұрпағына үлгі етіп, адал еңбекпен тапқан нанның бойға сіңімді болатынын айтып келеді. Аталған шаңырақта өнегелі отбасы қағидасы да қаз-қалпында сақталған. Бұл – атадан балаға берілетін ерекше қасиеттердің бірі.
Дана халқымызда «Еңбек еткен –мұратқа жеткен» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі әңгіме кейіпкері де еңбегімен елге сыйлы, адал да абзал азамат. Оның өнегелі өмірі мен еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ерлан әріптестерінің ортасында сыйлы. Сондықтан да оны әріптестері өз ісіне мығым және еңбекқор адам ретінде сипаттайды.
Қандай да болсын мамандық иесі өз ісінің майталманы болуды басты мақсат етеді. Ізденуді, оқуды, маңдай терін төгуді негізгі ұстанымына айналдырады. Халқына адал қызмет еткен жанның еңбегі еленіп, түрлі жетістіктерге жетеді.
Тынымсыз тер төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу – елдігіміздің ерен көрінісі. Өйткені, олар мемлекеттің іргесін берік етіп тұрған мызғымас тірек саналады.
Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ
Балқаш ауданы




