Мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев 1993 жылдың 22 тамызында мәңгілік сапарға аттанған еді. Осы күні барша қазақ халқы дара тұлғаның рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған.
Қазақтың біртуар перзентін еске алу мақсатында Балқаш ауданының жұртшылығы Бақанас ауылына кіреберісте орналасқан Д.Қонаев саябағының алдына жиналды. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асқар Кәдірұлы бастаған мекеме-ұйым басшылары қатысты. Қайраткердің тұғырлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әруағына тағзым етті. Осылайша Алаштың ардақтысы, өз дәуірінің кемеңгері, дана халықтың дара перзентін еске алып, есімін ұлықтады.
Кие қонып, бақ дарыған қасиетті Балқаш тарихында Дінмұхамед Ахметұлының есімі алтын әріптермен жазылғаны ақиқат. Ол кісі көзі тірісінде еңбекқорлық пен адалдықтың символына айналып, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін көрсетті. Оның ішінде, атамекені Балқаш өңірін дамытуға сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Димекеңнің елі үшін атқарған ерен еңбектерін бүгінгі жастарға насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізу – бәріміздің ортақ парызымыз!
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы


