Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгелі мұндағы тұрғын үйді жалға алу ақысы үздіксіз өсіп келеді. Көші-қонның белең алуымен тұрғын үй жалдауға деген сұраныс барған сайын арта түскен. Үш жыл бұрын оңаша шаңырақ көтерген облыс орталығына жергілікті атқарушы органдардың 28 департаменті мен 23 ведомстволық бағынысты мекемесі қоныс аударды. Осылай 50 мың тұрғыны бар шағын шаһардың халқы қазір 70 мыңға жетіп жығылды.
Нақты деректерге зер салсақ, облыс орталығындағы 50 шаршы метр екі бөлмелі пәтерді жалға алу құны – 180000 теңгені, яғни осы қаладағы орташа жалақының 60 пайызын құраған. Қазір қызмет бабымен Қонаевқа қоныс аударған баспанаға мұқтаж мыңдаған тұрғын қымбат қаланың қиындығымен күресуге тап болды.
Бүгінде облыс орталығындағы үйді жалға алу ақысы Қазақстандағы ең қымбат қала Алматыны басып озуға шақ тұр. Құрылыстың белсенді қарқынына қарамастан, жалға берілетін сапалы тұрғын үй ұсынысы әлі де шектеулі. Жаңа пәтерге үміт артуға қалтасы көтере бермейтін халықтың орташа, төмен санатының талай жыл жөндеу көрмеген ескі үйлерді алудан басқа амалы жоқ. Сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері Қонаев қаласында мыңдаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Алайда осы оң көрсеткіштерге қарамастан, жалға берілетін үйлердің бағасын көріп, жағаңды ұстайсың. Жалға алушылар да пәтерлердің көбінде бағаға сай жағдай жасалмағанын айтады. «Бір жылда үш рет пәтер алмастырдым. Мұндағы пәтер жалдау ақысы еліміздегі ірі қалалармен бірдей, тіпті одан асып түседі. Мысалы, Алматыда 180 мың теңгеге барлық жағдайы жасалған, жақсылап жөнделген, қонақүйге ұқсайтын пәтер аласыз. Ал Қонаев қаласында Кеңес одағы тұсында салынған, жиһазы қап-қара, ескі, жуынатын бөлмесі лас пәтердің өзіне 170 мың теңге сұрайды. Ал жағдайы жақсы пәтер бағасы тіптен қымбат. Өзім секілді көптеген жас маман пәтер жалдап қиналып жүр. Оның үстіне соңғы кездері коммуналдық төлемдер ақысы да аспандап кетті», – дейді Айнұр есімді жас маман.
Қаланың қай түкпіріне барсаңыз да, салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйді көзіңіз шалады. Барып та жүрміз, жазып та жүрміз. Жолы болып, кезегі келгендер үй алып жатыр. Қоныстойын тойлап, «Өз үйім, қайран, боз үйім» деп Жиренше секілді лашығын хан сарайына балап, бақытты күй кешіп жүргендер де бар. Қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, жыл басынан бері облыс орталығында 14,213 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Әйткенмен бұл жұмыс тұрғын үй кезегінде тұрғандардың санын азайтуға, анау айтқандай, үлес қоса алмай тұр. Осы күні арнаулы 5 санат бойынша барлығы 4 мыңға жуық отбасы кезекте тұр. Олардың қатарында жеке-дара төлеуге шамасы келмегендіктен, бірнешеуі қосылып пәтер жалдайтын жастар да көп. «Қазаншының еркіне» салып, көп жағдайда келісімшарт жасамайтын, жалдау бағасын көтеріп, коммуналдық қызмет үшін қосымша ақша талап ететін, әдептен жұрдай қожайынға тап болған азаматтар кейде қорғансыз қалады. Әсіресе, көпбалалы отбасылар жалдамалы баспана табуда көптеген кедергілерге тап болады. Парасат Бекеұлы мен жары Нағима екеуі 7 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Құдай берген төрт баласы бар. Пәтер іздегенде, оның алдынан «Неше балаң бар?» деген сұрақ жиі қойылады. «Пәтер жалдағанның қиындығы көп. Қашан келіп, босат деп бұйрық береді деп алаңдап жүресің. Өз үйің болмаған соң, жалтақтаумен күн кешесің. Балаларың үйді тоздырады, қиратады деп қашады. Пәтерден-пәтерге ауысып жүргенде, балаларыңның мектебін де жақын аймаққа ауыстырасың. Олардың да үйреніп қалған ұстаздары мен достарынан ажырауы қиын. Өз үйің болғанға не жетсін?! Қазір «Отбасы банкіне» қаражат құйып жатырмыз. Жақын арада үй бұйырып қалар. Әйтеуір, қолдан келсе, әрекет етіп, алғымыз келеді. Пәтер жалдап тұру кімге ұнайды дейсіз?! Жұмыстан шығып қалмасам екен, пәтерақыны кешіктірмеуім керек деп, үнемі сары уайымға салынып жүресің», – дейді көпбалалы отағасы.
Аталған түйткілдерге байланысты тұрғын үйді жалға беру қадағаланбайтынын, меншік иелері басқа ұқсас жарнамалармен салыстыра отырып, бағаны өз бетінше белгілейтінін назарға алған Мәжіліс депутаттары былтыр пәтерлерді жалға алудың шекті бағасын анықтауды ұсынған болатын. Бастама негізінде «Respublica» партиясының мүшелері барлық жалға берілетін пәтерлерді жайлылық деңгейіне қарай жіктеу, сондай-ақ жалға берушілердің бірыңғай тізілімін құру мен жалдау шартының үлгілік жобасын бекіту қажеттігін алға тартқан еді. Алайда нарықтық экономика заңдарына қайшы келді ме, әлде азаматтардың міндеттемелері нақтыланбады ма, әйтеуір халық қалаулыларының баспана сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарды қорғауға бағытталған бастамасы аяқсыз қалды. Шындығы сол, нақты бір реттеуші тетік болмағандықтан да атқарушы органдар аспандаған бағаға тоқтау сала алмай отырған көрінеді. Біз тілдескен Қонаев қаласының әкімдігіндегі мамандар шарықтаған пәтерақысын бір арнаға түсіруге қолдан келер қайран жоқ деп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, тұрақты мүлікті жалға беру құнын реттеудің өзіндік қиындығы бар. Әсіресе, баспананы сату мен жалға беруге мемлекеттік шектеу қою – көлеңкелі экономиканың өсуі мен бюджет түсімдерінің азаюына жол ашпақ. Өз кезегінде барлық тауарлар мен қызметтердің құнына әсер ететін инфляция да жалға алушыға салмақ түсіреді. Бірақ қанша жерден қымбат, тапшы болса да жұрттың бас ауруына айналған баспана – бәрібір басты қажеттілік болып қала бермек.
Жалдамалы пәтер жанға сая болмасы анық. Әлбетте, құрқылтайдың ұясындай болса да өз үйіңе жетпес. Қай күні кім келіп қуып шығады деген қорқыныштың өзі жүрекке салмақ емес пе?! «Бәріне уақыт емші» демекші, қарашаның қалтасын қаққан жалдамалы баспананың жағдайы оңалар деген ойдамыз.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы




