Облыстық білім басқармасы мен Қонаев қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында кеңсе тауарлары мен оқу құралдарының жәрмеңкесі өткізілді.
Аталған жәрмеңкеде жаңа оқу жылы қарсаңында қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары қала тұрғындарына ұсынылды. Сөреге қойылған тауарлар бағасы нарықтағыдан төмендетіліп сатылды.
– Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында өткізілетін жәрмеңкенің басты мақсаты – ата-аналардың алысқа бармай-ақ, балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден әрі төмен бағамен алу. Сол үшін облыс орталығындағы кәсіпкерлердің басын қосып, осы жәрменкені ұйымдастырып отырмыз. Биыл Қонаев қаласында 1800-ге жуық бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Біз олардың оқу құралдарын тиімді бағада сатып алып, көтеріңкі көңіл-күймен алғашқы қоңырау үнін естуіне өз үлесімізді қосқымыз келді. Сол үшін бастамамызға қолдау көрсеткен кәсіпкерлер қауымына алғыс айтамыз. Бүгінге жәрмеңкеге 35 кәсіпкер қатысып, өз тауарларын базар нарығынан әлдеқайда төмен бағада саудалап жатыр, – дейді Қонаев қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайрат Жақсылықұлы.
Жәрмеңкеге келушілердің қарасы көп болды. Олар өзіне қажетті оқу құралдарын молынан сатып алып жатты. «Оқу жылы таяғанда өткізіліп отырған жәрмеңке – өңір тұрғындары үшін игі іс. Қазіргі күні әр отбасында мектепке баратын бала бар. Базар бағасы шарықтап кеткен тұста, бұл шара бізге көп көмегін тигізді. Оқу құралдары мен мектеп формасына арналған жәрмеңке оқу басталғанша үнемі өткізіліп тұрса деген ұсынысымыз бар», – деді қала тұрғындарының бірі.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде қол ұшын созуға ниет білдірген азаматтар білім беру органдары мен ұйымдары арқылы да көмек көрсете алады.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы




