⚠️ Ауа райы табылмады.
Сенбі, Қаңтар 17, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    СӨЗІМІЗДІ, ӨЗІМІЗДІ ЖОҒАЛТПАЙЫҚ!

    03.09.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мемлекеттік тіл
    СӨЗІМІЗДІ, ӨЗІМІЗДІ ЖОҒАЛТПАЙЫҚ!
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

           Ұлт көсемі, рухани ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың туған күні – 5 қыркүйек тіл мерекесі болып белгіленгені баршаға мәлім. Тіл – құдірет,  тіл – қару, тіл – қорған,  тіл – қамал, тіл – қалқан, тіл – тағдыр, тіл – тұғыр, тіл – ғұмыр, тіл – қазына,  тіл – өнер,  тіл – кие,  тіл – тылсым күштің иесі, тіл – бүкіл ұлттың бейнесі, тіл – Алланың нығметі! Аспандағы жарқыраған жарық күн жердегі қара тасты қалай жылытса, тіл де жүректі солай жылытады. Жер-жаһанға жарық нұрын шашқан күн мен жүректерді жылытқан тілдің құдіреті шексіз емес пе?! Әсіресе, біздің қоғамға тілдің құдіретін түсінетін уақыт жетті, ағайын!

    Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Адам баласының бойында бір кесек ет болады. Ол ет бұзылса бүкіл денесі де бұзылады. Ол таза болса бүкіл денесі де таза болады. Ол жүрек деп аталады» деген хадисі қандай ғажап?! Данышпан Абай өзінің қырық бес қара сөзі мен бүкіл өлеңдерінің өн бойында осы бір ғана «жүрек» сөзінің қырықтан астам мағынасын қолданады. Адам баласының ең аяулы жері болған сол жүректің кілті де, пульті де – тіл. Тіл – жүректің тілмашы. Абай айтқандай, тіл жүректің қалағанын жеткізсе, айтқан сөз де жалған шықпайды.

    Біздің ана тіліміз жай ғана сөз емес, дыбыстардың дұғасы, ғасырлардың куәсі, халқымыздың мұрасы. Бабалардың тілегі, ұлтымыздың тірегі. Жай ғана тілегі емес, жетпей кеткен арманы, көрсетіп кеткен бағдары. Мен өзім жиі айтып, жиі қолданып жүрген «Піл көтермегенді тіл көтереді» деген нақылдан бөлек, «Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөз жан семіртеді», «Жақсы сөз – жан азығы», «Жақсы сөздің бәрі дұға» деген секілді қаншама қанатты сөз бен тұрақты тіркестердің астарында алты атанға жүк болатындай салмақ жатқанын ойласақ, тереңіне бойласақ деймін. Ежелден сүйегіне сөз сіңген дана халқымыздың «Тілмен түйгенді тіспен шеше алмайсың» деген даналығынан әділдікті жақтаған, қиянатшылға жақпаған, қылыштан да өткір қызыл тілдің құдіретін бағалап тұрған бекзааттықты байқау қиын емес.

    Ертеректе бір байдың ерке баласы ұр да жық, даңғазалау болып өскен екен. Әлгі жігіт есейе келе көрші ауылдың өзі сұлу, ақылды қызын алмақ болады. Тәрбиелі қыз оның ниетіне қарсылық жасап, өзін аулақ ұстап жүреді. Бір жолы оңашада қызды ұстап алып, мойнына қыл шылбырды салып, буындырмақ болады.

    – Шылбырыңды тарт әрі, мойынымның қытығы бар, – депті қыз өжеттеніп. Осы оқиға ауылға тарап кетеді. Жігіттің әкесі намысқа тырысып, Төлеге келеді. Бай қыздың қалай болған күнде де баласының тұзағына түсетінін айтады.

    – Қыз тілімен түйгенді, балаң тісімен шеше алмайды, – депті сонда шешен.

    Міне, шешендік дегеніміз көпіртіп көп сөйлеу емес, қысқа да нұсқа етіп дөп сөйлеу. Көпіртіп көзге мақтаудан кімнің болса да ұтары аз, ұтылары көп. Ондай жағымсыз мінез әдетке айналса, адам баласын жалғандық пен жалтақтыққа, жағымпаздық пен жәдігөйлікке тәрбиелеп, адамгершілік атты асқақ абыройынан айыратын айықпас дертке апарады. Сондықтан да қара қылды қақ жарған әділдігімен тура айтып,туысына жақпаса да: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деп туралықты ту еткен текті бабаларымыз ар жолынан аттамаған, әділетсізді жақтамаған.

    Ат құнына бергісіз ақыл болады,                                                                                                           

    Нар құнына бергісіз нақыл болады.                                                                                                                         

    Атадан қалған ақыл сөзді,                                                                                                                              

    Көңілге түйіп жүрген мақұл болады, – дер едім.

    Адамды кемелдендіретін де – тіл, беделдендіретін де – тіл. Адамды жаңылдырып, жаздыратын да – тіл, адастырып, ақылынан аздыратын да – тіл. Сондықтан да «Адамның тіліне аспандағы бұлт та азады» дегенді де тіл құдіретін түсінетін бабаларымыз босқа айтпаған. Қазағымның киелі сөзімен жылаған жүрек жұбанады, мұңайған жүрек қуанады. Ана тіліңдегі аталы сөзіңді алдымен ел тыңдайды, ел тыңдамаса, жер тыңдайды. Ал аруақтар болса, естиді, бірақ та жауап бере алмайды. Ана тілінде аруақтардың демі бар екендігі еш дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Осы орайда атақты ғалым, академик Мұхтар Өтелбаев ағамыздың мына бір сөзі кімге де болса ой салары анық: «Маған бірінші кезекте қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға! Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғалыммын. Мен үшін ғалымдығымнан бұрын ата дәстүрім маңызды. Ата-бабамның аруағын сыйламасам, мыңдаған жыл өмір сүрген ана тілімде сөйлемесем, ата салтымды сақтамасам мен ешкім емеспін».

    Бұл – бүгінгі таңда әр ұрпақтың санасында сақталып, зердесінде жатталып жүретін нағыз зиялы адамның сөзі! Бұл сөзді өзінің ана тілінің қадіріне жете алмай, ұл-қыздарын орысша оқытып, орыс сыныптары мен аралас мектептің санын арттыруға атсалысып жүрген әрбір қазақ ата-аналар мен Қазақстанды өзімнің елім, жерім, Отаным дейтін әртүрлі этнос өкілдері ұғып, түсініп, ойлануы керек. Тіл – ұлттың, мемлекеттің тұтастығын біріктіретін бірден-бір құрал. Әсіресе, Алматы мен Астана қалаларының жастары орысша сөйлеп, шүлдірлегенде алдарына жан салмайды. Оларды айдың-күннің аманында жадынан жаңылған адасушылар демеске амалың жоқ. Өз тарихын білмегендіктен тамырынан ажыраған тал сияқты. Осы орайда ұлт көсемі, рухани ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөздің ең ұлысы – тарих.Елдің сақталуы үшін оның тілі, діні, ділі мен дәстүрі жоғалмауы керек», – деген қанатты сөзі қашанда жадымызда жүруі керек. Өз тамырын балталап, шауып жатқан қазақты көргенде, Абайшаласақ, «ашиды жаның, тасиды қаның». Бір жағынан жаның ашып, аяйсың. Бірақ та олар өз анасының тілін өздері аяп жатқан жоқ. Қазақ тіліне көбінесе өзге ұлттар қарсы емес, қазақ тіліне қазақ қарсы. Бұл, әрине, қасірет. Жеке бастың емес, тұтастай ұлттың, қазақ деген халықтың қасіреті! Бұл қасіреттің қайдан және қалай пайда болған себебін кезінде Алаш арыстары ашып, соқырға таяқ ұстатқандай айтып беріп кетті. Ұлттық педагогикамызды жазып, басын бәйгеге тіккен ақын Мағжан Жұмабаев:

    «Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,                                                                                        

    Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.                                                                                        

    Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,                                                                                              

    Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың», – деп ұрандаса, халқымыздың тұңғыш психология оқулығын жазған Жүсіпбек Аймауытовтың: «Қара халықтың мәдениетті болуынан да мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын. Сондықтан балаға осы бастан  ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», – деген сөзіне қашан құлақ асар екенбіз?! «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп өткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың дәл осыдан бір ғасыр бұрын, 1925 жылы «Аралас мектептің санын арттыру – ұлтты жоюдың тиімді әрі төте жолы» деп айтып кеткенін ескеріп, елемейтін де болдық. Күні бүгінге дейін ұлтжанды қазақтың ашуын келтіріп, тілімізді білдірмей, тұншықтыра өлтіріп бара жатқан осы аралас мектеп екенін білсек, оның ұлт болашағы үшін зиянды екенін құлаққа ілсек, тіліміздің тарылған тынысы кеңейіп, көшіміздің түзелеріне еш күмәніңіз болмасын! Аралас мектептер мен балабақшалардың санын азайтып, бір тілдегі, яғни қазақ тілді мектеп пен мектепке дейінгі мекемелердің санын арттыру – кезек күттірмейтін мәселе. «Адамның аузына бір емес, бірнеше тіл сыяды. Ал ана тілің сыймаса, онда қазақ болмай-ақ қой» деген ақын ұстазымыз Қадыр Мырза Әлінің қайрау сөзін баршаңызға жеткізе отырып, аралас мектеп азаймай, тіліміз оңалмайтынын баса айтқым келеді. Әр ата-ана ана тілінде аруақтардың демі барын, рух барын сезініп, балаларын мемлекеттік тілде оқытуды қолға алуы керек. Сонда біз ел келешегіне сеніммен қараймыз.

    Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ,

    ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері,

    Талғар ауданының Құрметті азаматы

    Ұсынымдар

    Ұлттық мереке ұлықталды

    Ұлттық мереке ұлықталды

    3 months ago
    «Ауыл Аманаты»: ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар

    «Ауыл Аманаты»: ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар

    5 months ago
    Жаңа нысандар бой көтеруде

    Жаңа нысандар бой көтеруде

    12 months ago
    “Жер аманаты”: Жыл соңына дейін 200 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылады

    “Жер аманаты”: Жыл соңына дейін 200 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылады

    3 years ago
    ХАЛЫҚ – ҚАЗЫ, ЕҢБЕК – ТАРАЗЫ

    ХАЛЫҚ – ҚАЗЫ, ЕҢБЕК – ТАРАЗЫ

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>