Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Райымбек ауданында болды. Сүмбе ауылдық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектеріне ден қойды. Таулы аймақта жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың барысына назар аударды.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын облыстық маңызы бар «Нарынқол-Сүмбе» автожолын жөндеу барысымен танысудан бастады. Мәселенің мән-жайын «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғани Мырзаханов пен облыстық жол басқармасының басшысы Ермек Баймұханбетов баяндады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Нарынқол-Сүмбе» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмысы өткен жылдың жазында басталған. Жоба құны 1 млрд 790 млн теңгені құрайтын 35,9 шақырымдық жол жұмысын жүргізуді «L-VESA» ЖШС міндетіне алған болатын. Мердігер компания күзге дейін аталған жолдың 12 шақырымын күреп, құм-таспен тегістеп, асфальт төсеп шықты. Сөйтіп, бөлінген қаражаттың 581 млн теңгесін игерді. Қалған 24 шақырымы 2025 жылға ауыспалы нысан ретінде қалдырылған. Биыл аталған нысанды жаз ортасынан қайта жалғастырған олар қыркүйек айының алғашқы онкүндігіне дейін қалған жолдың орташа жөндеу жұмысын тең жартысынан асырды. Жол жөндеуге тартылған түрлі деңгейдегі техникалар толық қуатында жұмыс істеуде. Қол күші де жеткілікті. Жолға төселетін құм-тас, асфальт Талғар ауданындағы зауыттан тасымалдануда. Жолдың қашықтығы заманауи техникалардың күш-қуатының арқасында онша сезіліп отырған жоқ. Мұның өзі жауапты жұмыстың кідіріссіз жүруіне өзіндік пайдасын тигізуде. Жолшылар екі жолақты, ені 6 метрлік автожолдың орташа жөндеу жұмысына қаралған қаражаттың қалған 1 млрд 199 млн теңгесін төкпей-шашпай игеруді, жұмысты қыркүйектің соңына дейін толығымен әрі сапалы аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Демек, Сүмбе, Қызылшекара, Қостөбе ауылдары тұрғындарының да, былайғы жолаушылардың да күрежолдың игілігін көретін күндері алыс емес. Жолға жауапты басшылар сондай-ақ қазір қолға алынып, қарқынды жүргізіліп жатқан 74 шақырымдық «Текес-Кеген» күрежолындағы жұмыс барысынан да хабардар етті.
Бұдан соң облыс әкімі Сүмбе ауылдық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев 7 айдың қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55,8 пайызға артып, 817,3 млн теңгені құрады. 2592 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нақты көлем индексі 115,9 пайызға орындалды. Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 15,7 млрд теңгені құраса, құрылыс жұмыстары 2 млрд 853 млн теңгеге жетті. 4 млрд 748,2 млн теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мал мен құс етін, сиыр сүтін өндіру едәуір артып отыр. Ірі қара мал 66,6 мың басқа өссе, қой-ешкі керісінше 267 бас болып, 7,6 пайызға кеміді. Ал жылқы саны 42,4 мың басқа жеткен. Жыл басынан бері 570 млн теңгеге 40 жаңа ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы несие алса, «Ауыл аманаты» аясында 81 тұрғын өтініш беріп, 3 кооператив, 25 жеке кәсіпкер қажетті қаржыға қол жеткізді.
Аудан үшін су өңдеу технологиясының да маңызы зор. 2552 гектар жерге аталмыш технология қолданылуда. Егіс алқаптары үшін 6 су қоймасы, 8 магистральдық және 12 ішкі шаруашылық каналдарын қалпына келтіру бойынша жобалар әзірленіп, жөндеу жұмыстары басталды. Жыл басынан бері өз мақсатында пайдаланылмай жатқан 8445 га ауылшаруашылық жерлері анықталып, 3942 гектары мемлекетке қайтарылды.
Ауданда туризм саласын дамыту мақсатында облыстық туризм басқармасы және «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының мамандарымен бірлесе отырып, Кеген ауданындағы Саты ауылының моделіне пилоттық жоба ретінде Қарасаз, Жамбыл, Қақпақ ауылдарынан жеке тұрғындар есебінен қонақүйлер мен жол бойындағы қызмет көрсету алаңдарын ұйымдастырып, жақын маңдағы көрікті жерлерге турлар ұйымдастыру қарастырылуда. Осыған орай, Шалкөде, Көккемер жайлауы, Шұбартал және Байынқол локациялары бойынша жол салуға құжаттар даярланып, туристік-рекреациялық аумақтар картасы әзірленуде. Бұл жұмыстардың жобалық сметалық құжаттарын дайындауға 25 млн теңге қажет.
Аудан бойынша құрылысы жүріп жатқан Қақпақ ауылдық округі әкімінің, Нарынқол ауылындағы ветеринариялық зертхананың, 250 орынды емхананың, Тегістік ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыстарының 90 пайызы аяқталды.
Биыл әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 60 тұрғын үй сатып алу үшін 964,8 млн теңге бөлініп, аудан аумағынан 88 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Нарынқолдан салынатын 30, Сарыжаздан салынатын 4 пәтерлі 10 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысын жобалау жұмысы аяқталып, сараптама қорытындысы шықты. Қазіргі уақытта аудан бойынша 536 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жоғарыда көрсетілген жобалар іске асса, тұрғын үй мәселесі біршама шешімін табатыны анық.
Аудан әкімі баяндамасына бұдан басқа салық түсімдері, абаттандыру, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, ауыл ішіндегі жолдар мен көше жарық шамдары, қылмыспен күрес мәселелерін де арқау етті. Жетістіктер мен қатар кемшіліктерді де жіпке тізіп, өзекті мәселенің шешілу жолдарын көпшіліктің назарына ұсынды.
Өз кезегінде мінбеге көтерілген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндамасын жуырда ғана Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерден бастады. Онда айтылған жасанды интеллекттің маңыздылығы, өмір ағымындағы тиімділігіне қысқаша тоқталды. Тұрғындардың талап-тілектеріне назар аударып, сұрақтарына жауап берді.
Нарынқол ауылының түрғыны Медетқан Әбиіров шекара ішіндегі ауылшаруашылық жерлеріне мемлекет тарапынан қолдау-көмектердің қажеттігін, Тегістік ауылының тұрғыны Тұрсынбек Байбалаев ауылда жерасты суының көтеріліп келе жатқанын, тұрғын үйлер мен қызметтік нысандарға қауіп тудырып отырғанын, Қайнар ауылының тұрғыны Советқан Мекебаева ауылдағы емхананың тозығы жеткенін, күрделі жөндеуді қажет ететінін, Текес ауылының тұрғыны Нұрмұқанбет Мұқаметжанов ауызсу құбырының ескіргенін, нарынқолдық Еркебұлан Тұрбеков аудандық спорт кешенінің бүгінгі жай-күйі мен көше жарық шамдарының толыққанды жұмыс істемейтінін, ауыл ішіндегі жолдардың жөндеуді күтіп тұрғанын аймақ басшысының назарына ұсынып, облыс тарапынан қолдау көрсетілсе деген ұсыныстарын айтты. Марат Елеусізұлы тұрғындар талап-тілектерінің өзектілігін айтып, аудан басшылары мен осы мәселелерге жауапты облыстық сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.
Аудандағы 1227 шаруа қожалығына тиесілі 23,4 мың гектар суармалы алқаптың тек 1488 гектары ғана жаңбырлату әдісімен суарылады. Бұл әдісті шаруа қожалықтарының 15-і ғана қолдануда. Солардың бірі – «Аltyn Dan-1» атты ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Жұмыс істеп келе жатқанына үш жылдың жүзі болған кооператив ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде айтулы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Егіс алқабына қажетті суды тамшылату жолымен үнемдеуді өткен жылдан бері ауданда алғаш қолға алған да осы кооператив. Облыс әкімі осы жолғы сапарында Сүмбе ауылдық округінің «Ұш» аталатын егістік алқабындағы осы «Altyn Dan-1» кооперативіне арнайы атбасын бұрды. Кооперативте қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыс барысы және тамшылатып суарудың тиімділігі мен осы әдіс арқылы қол жеткен көрсеткіштерді кооператив төрағасы Дулат Құлмамыров баяндады.
«Аltyn Dan-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 200 га егіс алаңына жаңбырлатып суару әдісін іске қосты. Мақсатты іс үшін Zimmatis фирмасынан 3 жаңбырлатқыш құрылғы сатып әкеліп, алаңға орнатқан. Құрылғылар жаңбырлату тәсілімен аптасына 100-120 гектар алқапты суғара алады. Кооператив былтыр Голландиядан 40 тонна «Артемис» картоп тұқымын сатып әкеліп отырғызып, жаңбырлатып суарудың нәтижесінде 400 тонна өнім алды. 2025 жылы облыс әкімінің қолдауымен 150 гектар егіс алқабына 3 жаңбырлатып суару қондырғысымен қатар толықтай инфрақұрылымдық жүйе орнатылды. 80 га жерге «Артемис», 70 га жерге PepsiCo Central Asia халықаралық компаниясымен келісімшарт жасасып, ауданға тұқымдық бағытта супер элита VR 808 фри және чипсы өндірісіне арналған германиялық «Леди Клэр» сортты картоп тұқымын әкеліп, жерсіндірді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігі бүгінде тиісті нәтиже беруде. Атап айтқанда, аталған картоп тұқымы себілген алқаптың әр гектарынан 40-50 тоннаға дейін өнім алынуда. Сонымен қатар, жаңбырлата суару әдісі дәнді егіске де қолданылып отыр. Өткен жылы «Любава-5» аталатын жаздық бидайдың әр гектарынан 35 центнерге дейін астық алынған. Осы өнімнің молшылығы 1000 тонна бидай экспорттауға жол ашты. Ендігі бір мәселе, ауданда сыйымдылығы жоғары картоп қоймасының жоқтығы. Соның салдарынан картопты қысқа сақтамай күзде өткізіп жіберуге мәжбүрлік туып келеді. Бұл картопты көп алдық дегенмен базарда арзан бағада сатылып кетуге соқтыруда. Жұмыс барысын осылайша өрбіткен Дулат Құлмамыров, облыс басшысынан алдағы уақытта ауданда, тіпті қалаға жақын жерде болсын, мыңдаған тонна картоп еркін сиятын сақтау қоймасын салуға көмектесуін өтінді. Кооперативтің жұмысына қанағаттанған аймақ басшысы жауапты мамандарға картоп сақтау қоймасының жобалық сметалық құжатын жасауды тапсырды.
Аудан аумағында тарихы бір ғасырдан асатын Байынқол атты шекара бөлімшесі бар. Шекара қауіпсіздігін сақтап, елдің тыныштығын нығайтуда аталған бөлімнің атқарып келе жатқан міндеті зор. Сондықтан шекарашыларға жасалынар қамқорлықтың да айрықша назарда болуы заңдылық. Осы мақсатта облыс әкімінің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен шекара бөлімшесінің әскери қызметшілеріне арналып өткен жылы 3 модульді, әрқайсысының ауданы 70 шаршы метрлік 2 пәтерден тұратын 6 үйдің құрылысы басталған болатын. Салыну құны 124,3 миллион теңгелік заманауи үйлер бүгінгі уақыт талабын толығымен қанағаттандыра алады. Құрылысты жүргізген «ШымСтрой сервис» ЖШС белгіленген мерзімде сапалы бітіріп шықты. Облыс басшысы сапар барысында Байынқол шекара бөлімшесіне арнайы барып, қоныстой иелерінің қуанышына ортақтасты. Шекарашылар алдында сөз сөйлеп, ыстық ықыласқа толы ақжарма тілегін жеткізді. Байынқол шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Ерасын Сәуірбаевқа, бөлімше бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Бақдәулет Ордабекке, бөлімше бастығының орынбасары, лейтенант Нұрдәулет Ахатаевқа, бөлімшенің бірінші мобильді тобының бастығы, кіші сержант Мұзарт Бөшенге, барлаушы ефрейтор Рауан Қалибекке жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстады. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті бастығы Әлібек Каюповты қасына алып, жаңа тұрғын үйлердің лентасын қиды. Үйдің ішкі сән-салтанатымен танысып, баспана иелеріне құтты болсын айтты. Ауылдан қуанышқа арнайы шақырылған ақ әжелер шара табақтан шашуларын шашты.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы