Жасанды интеллект саласын немесе мысал ретінде ChatGPT-ны алайықшы. Бұл өте қуатты құралға айналып үлгерді. Ол ақпарат іздеуге, мәтін жазуға, тіл үйренуге, бағдарламалауға, күнделікті мәселелерді шешуге көп көмектеседі. Оны оқу, жұмыс, шығармашылық және тұрмыстық салада да кеңінен қолдануға болады.
Өкінішке қарай, бұл саланың теріс жағы да жоқ емес. Мәселен, бүгінде көптеген адам діни сұрақтарға жауап алу үшін жасанды интеллектіге жүгінуді әдетке айналдыра бастады. Бұлай көмек сұрау, әрине, тез әрі ыңғайлы. Бір қарағанда, барлық сауалға көңілге қонымды жауап бар сияқты көрінеді. Осы ретте біз ChatGPT тек қана адам қолымен құрастырылған бағдарлама екенін бір сәтке де ұмытпауымыз қажет.
Иә, ол түрлі діннің көзқарастары туралы айтып бере алады, дәйексөздер келтіре алады, жалпы шолулар жасайды. Бірақ жасанды интеллектіден діни ақпарат алған кезде адам үстірт, жалпылама немесе тіпті бұрмаланған деректерге тап болуы мүмкін. Ақпараттың молдығы мен сенімді көрінуіне қарамастан, жасанды интеллект дін мәселесінде нақты әрі шынайы дереккөз болып саналмайды. ChatGPT біздің көңілімізге қарап, дәл естігіміз келген сөзді айтуы мүмкін. Сондықтан әсіресе ақида мен пәтуаға қатысты мәселелерде жасанды интеллектіге сену өте қауіпті!
Бүгінде елімізде дінге қызығушылық танытқан әрбір азамат үшін білім алуға барлық жағдай жасалған. Жалған ақпараттың алдын алу үшін міндетті түрде білікті мамандарға жүгіну қажет. Бұл – деструктивті діни ағымдардан қорғанудың ең маңызды жолдарының бірі.
Діни білімді сенімді әрі тексерілген дереккөздерден алу маңызды. Ондай сенімді дереккөздерге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің сараптамасынан өткен діни кітаптар мен материалдар, лицензиясы бар діни және теологиялық оқу орындары, мешіт жанындағы курстар, тіркелген діни бірлестіктердің ресми интернет ресурстары жатады.
Сөз соңында ChatGPT рухани ұстаз емес екенін, ол бар болғаны қолданбалы құрал ретінде ғана жұмыс істейтінін, кез келген құралды игілікке де, зиянға да қолдануға болатынын естеріңізге саламыз.
Тұрсынғали ӘЛІП,
дінтанушы




