☀️
3°C
Қонаев
Сенбі, Наурыз 28, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Жұмағали Исмайылов, «International Academy of Medicine&Sciences» ЖШС бас директоры: Ел сенімі – ең маңызды өлшем

    20.09.2025
    in Барлық жаңалықтар, Денсаулық, Сұхбат
    Жұмағали Исмайылов, «International Academy of Medicine&Sciences» ЖШС бас директоры: Ел сенімі – ең маңызды өлшем
    0
    SHARES
    16
    VIEWS

         Алпыс жылдық тарихы бар Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасы бір жарым миллионнан астам аймақ тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Соңғы жылдары аталған аурухананың медициналық әлеуеті күннен-күнге арта түсуде. Соның бір айғағы бұрын тек республикалық орталықтарда жасала­тын күрделі оталар осы аурханада да қолға алына бастады. Осы орайда аталған аурухана қыз­метін жаңа белеске көтерген «International Academy of Medicine&Sciences» ЖШС бас дирек­торы, профессор, дәрігер-хирург Жұмағали Исмайыловпен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыру, емдеудің заманауи тәсілдеріне қол жеткізу жайында әңгімелескен едік.

    – Жұмағали Қазыбайұлы, бүгінде «International Academy of Medicine & Sciences» атауы­на ие болған аурухананы аралап көрдік. Жан-жақты жұмыстар қолға алынып жатқаны аңғарылады. Мұндағы ауқымды жобалар жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асып отыр. Сіздіңше бұл модельдің қандай артықшылығы мен қиындығы бар?
    – 2020 жылы аурухана жұмысын жаңа бағытта үйлестіру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі конкурсқа қатысып, жеңіп алдық. Осылайша тиісті келісімшартқа қол қойдық. Облыстық ауруханаға инвентаризация жасап қарасақ, мәсе­ лелері шашетектен екен. Ең басты мәселе – кәсіпорынның 891 млн теңге қарызы бар болып шықты. Қарыздан құтылудың төте жолы шетелдік инвесторларды тарту болды және табысты көтеру үшін бірінші кезекте негізсіз шығындарды азайтуды көздедік. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, біздің инвестор шақыруға мүмкіндігіміз болды. Алайда бұл істен инвесторларға түстетін айтарлықтай пайда жоқ. Осы орайда аурухананы клиникалық база әрі халықаралық медициналық мектеп ретінде жұмыс жүргізуге негіз болатын ұйымға айналдыруды жөн деп таптық. Біздің мақсатымыз да – сол. Екінші жағынан, кәсіби деңгейімізге сенім арттық. Менеджментті жолға қойып, аурухана сапасын ұлттық стандарттарға сай етсек, қалған қиындықтарды жеңуге болатынын түсіндік. Ең алдымен, аурухана халықаралық стандарттарға сай болуы үшін ескі құрал-жабдықтарды жаңарту маңызды болды. Сондықтан біз ғимараттың жобалық құрылымын қайта жасадық. Шетелден арнайы кеңесшілер шақырып, болашақта халықаралық стандарттар үдесінен шығу үшін аккредитациядан өтуді жоспарладық. Әзірге дайындық жұмысы жүріп жатыр. Осының арқасында соңғы төрт-бес жылдың айналасында біз барлық мемлекеттік стандартқа сай жұмыс істей алатын жоғары санатты ауруханаға айналдық.
    Шын мәнінде біздің емхана – мемлекеттік кәсіпорын. Ол екіжақты келісімшарт негізінде белгілі бір мерзімге инвесторларға берілді. Бірақ онда түрлі заңнамаларды негізге алған қос тараптың өзіндік міндеттемесі бар. Халықаралық тәжірибеде бюджет тапшылығы жағдайында инвестиция тарту, жеке менеджмент енгізу – тиімді шешімдердің бірі. Бірақ Қазақстанда мұның толық зерделеніп, қандай нәтижеге жеткені жайында ақпарат жоқ. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық деңгейде өз дәрежесінде сараланбаған. Жекеменшік медициналық ұйымдарда менеджмент жақсы жолға қойылған. Олар қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға ұмтылады. Соның нәтижесінде жақсы кадр таңдауға және олардың әрі қарай дамуына қажетті деңгейде жақсы жағдай жасап отыр. Біліктілік тестінен жиі өтеді. Шетелдерге тәжірибе алмасуға барады. Сондықтан олар пациенттерге де жақсы қарайды, дұрыс емдейді. Ал мемлекеттік медициналық ұйымдарға шағым неге көп? Оған себеп – дәрігерлердің біліктілігі мен науқастардың көптігі. АҚШ-та жасалған бір зерттеуді мысалға келтірейін. Құрылымы, науқастардың саны, кадрлық құрамы бірдей екі аурухананы салыстырып көріпті. Бір клиникада арыз-шағым деңгейі екіншісіне қарағанда жоғары. Неге? Олар зерттей келе, бір нәрсеге тоқталыпты. Сөйтсе, арыз-шағымы аз аурухананың дәрігерлері науқастармен қарым-қатынас жасауға көбірек уақыт бөледі екен. Көрдіңіз бе? Емделушімен жұмыс істеуде коммуникацияның да әсері мол. Сондықтан науқас пен дәрігердің арасында жақсы қарым-қатынас маңызды рөл атқарады.
    Жоғарыда айтқанымдай, 2020 жылы біз осы конкурсқа қатысқанымызда кәсіпорынның жағдайы қағаз жүзінде көрсетілгенінен басқаша еді. Ал мұнда келіп бәрін көзбен көргенде инфрақұрылымның тозығы жеткеніне куә болдық. Қарапайым сумен қамту жүйесі істен шығып, электр желілері ескіріпті. Қазір осы мәселелердің шешімін табуға күш салып жатырмыз. Бұл тұрғыда бізге жергілікті әкімдіктің қолдауы да аса қажет екенін айтқым келеді. Осындай қиындықтарға қарамастан оң өзгерістер жасап, ел сеніміне ие бола бастадық.
    – Алғашында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келгендеріңізді айтып өттіңіз. Алматы сияқты мегаполистің іргесінде тұрған бұрынғы облыстық аурухана қалайша мүшкіл халге түсті деп ойлайсыз?
    – Аурухана 2018-2020 жылдары қарызға батқан. Дәрі-дәрмек, медициналық аппараттар тапшы, тағы басқа да қарызы өте көп болды. Әрі қарай осы деңгейде кете берсе, банкроттық деңгейге жететін еді. 400-ден аса орынға арналған аурухананың жағдайы тіпті мүшкіл халге түскен. Көпсалалы аурухананың жұмысын алға ілгерілету, жұмыскерлеріне жалақы беру, оны әрі қарай дамыту оңай шаруа емес. Бастысы, біз бүгінде бұл аурухананың қарызын өтедік. Қиындықтан қалай шықтық дегенге келсек, біріншіден, дұрыс менеджмент қалыптастыра білдік. Екіншіден, қызмет сапасын көтердік. Тағы бір атап айтарлығы, аурухана бұған дейін ұлттық аккредитациядан өтпеген. Ол дегеніңіз – медициналық қызметі ұлттық стандарттарға сай емес деген сөз. Қазір ол өз тарихында тұңғыш рет 1 категориялы санатқа көтерілді. Санатқа сай бізде күрделі оталар жасалып, өте білікті мамандар қызмет ете бастады. Осылайша біртіндеп өз орнымызды нығайта түстік.
    – Серіктестік аясында мем­лекеттің де өз міндеттемесі бар екенін айтып қалдыңыз. Аурухана, емдеу мекемелерінің өзін әлеуметтік жоба деп қарайтын болсақ, мұндай жағдайда мемлекет қандай стандартқа сай жұмыс істегені дұрыс?
    – Мемлекет Конституцияда көр­сетілген өзінің әлеуметтік функция­сын атқаруға тиіс болғанымен, нарықтық экономика болған соң, оның өз заңдары болады. Қазір елімізде медициналық қызметтің жүйелі жұмыс істеуіне бағытталған МӘМС бар. Бірақ бұл жағдайда да түйткілді дүниелер бар­шылық. Жекеменшік мекемелердің көбі қордан қаражат алып отыр. Мысалы, біз басқаратын облыстық көпсалалы аурухана 2020 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қызмет көрсетеді. Біздің міндет – осы аурухана жұмысын жаңартып, уақытылы іске қосу. Сонымен қатар тиісті деңгейде менеджментті қалыптастырып, халыққа қолжетімді, сапалы медициналық қызмет көрсету. Ал сапа озық басқару әдісі, жаңа медициналық технологияларды меңгеру мен білікті мамандар қызметіне тікелей байланысты.
    – Медицина саласында білікті мамандар қосынын қалыптастыру аса маңызды. Осы тұрғыда қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?
    – Өткен жылы Президент
    Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығын нығайтуға және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жандандыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру міндетін қойды. Онда денсаулық сақтау жүйесінде кадрлық мәселелерді шешу жағы баса айтылды. Енді мына бір дерекке жүгінейік. Егер тәжірибе жинақтап келе жатқан 10 дәрігерді қайта даярлағанда оның 7-8-і қабілетін, жаңа технологияларды игергенін және оны практикада қолдана алатынын дәлелдей алса, денсаулық сақтау саласы да алға жылжиды. Керісінше, 10 дәрігердің 2-3-еуі ғана білікті болса, ол елдің билігі де медицинасы да ойлануға тиіс. Әрине, пандемия ушығып тұрған кезде кадр жетіспеушілігін айтпағанның өзінде, мамандығынан бас тартқан дәрігерлер де болды. Қазір де медицина саласының нағыз майталмандары, аса білікті дәрігерлер аз. Ең алдымен кадр даярлайтын мамандардың сапасын арттыру маңызды. Жоғары оқу орындарында медициналық білім беретін оқытушылар кімдер? Олардың деңгейі қандай? Олар сапалы кадр даярлауға әзір ме? Осы жағына көп көңіл бөлуіміз керек. Сапасы, деңгейі, қабілеті, тәжірибе алмасудағы құзыреті, ғылыми жұмысының деңгейі, педагогикалық әдістемесі қандай? Осының бәрін зерделеген жөн. Мықты маман жоқ десек, онда сапалы кадрлар даярлайтын білікті адамдар жоқ деген сөз. Біздің клиникалық аурухана кадрлық әлеуетті арттыруға, жас мамандарды қолдауға және ғылыми қызметке жағдай жасауға басымдық береді. Өйткені дәрігерлердің білім алуына салынған инвестиция – мыңдаған пациенттің денсаулығы мен өмірінің кепілі. Оған нақты мысал, биыл бірден 7 дәрігер оқуларын сәтті аяқтап, магистр дипломдарын иеленді. Сонымен қатар кейбір бөлім меңгерушілері медицина ғылымдарының докторы атанды. Бұл жетістік – дәрігерлер үшін де, бүкіл ұжым үшін де үлкен мақтаныш. Сонымен қоса, Жапония мен Үндістаннан келген жетекші мамандардың қатысуымен халықаралық шеберлік сыныбы өтті. Іс-шара барысында шетелдік дәрігерлер науқастарды аралап, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Қазір бізде жас мамандар көп. Олардың біліктілігін арттыру үшін шетелден білікті дәрігерлерді тартып, тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар атқарудамыз. Ол бір жағынан науқастарға сапалы көмек көрсету болса, екінші жағынан біздің кадрлардың кәсіби деңгейінің жоғарылауына негіз қалау. Мұның барлығы кадрлық әлеуетіміздің артуына жол ашады деп ойлаймын.
    – Бүгінде жоғары техно­логиялық ота жасауға қол жеткізіп отырсыздар. Нақты қанша ота жасауға мүмкін­діктеріңіз бар?
    – Бұрын ауруханада жоғары технологиялық екі ота жасалып келген. Қазір бізде травматология-ортопедия, нейрохирургия, кардиология-кардио­хирургия, лор, урология бағытында 29 түрлі жоғары технологиялық ота жасалады. Атап айтар болсақ, биыл мамыр айында Братислава университеті ауруханасы медицина факультетінің оториноларингология бас және мойын хирургиясы кафедрасының меңгерушісі Милан Профант клиникамызға келді. Бұл Алматы облысындағы медициналық тәжірибе үшін маңызды оқиғалардың бірі болды. Профессор Профант құлаққа күрделі ота жасаудағы шеберлігімен және кәсібилігімен танымал. Ол бірқатар кохлеарлық имплантация жасады. Осындай көрсеткішпен ауруханамыз республикада алдыңғы қатарға шықты. Келешекте біздің аурухана ультразаманауи клиника болатынына сенемін.
    – Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жайына да тоқталып өтсеңіз. Бұл жүйенің енгізілуі аурухана жұмысына қалай әсер етті?
    – Бірде-бір мемлекет денсаулық сақтау жүйесі толық қаржыландырылды деп айта алмайды. Алайда қаражат қаншалықты тиімді пайдаланылады, мәселе сонда. Ақиқатын айту керек, мемлекет тарапынан біздің саланың қаржыландырылуы жаман емес. Мұндағы басты мәселе, бюджеттен бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану дер едім. Бір ғана мысал, туберкулез турасында айтар болсақ, скринингпен қамту деңгейі 100 пайыздан асады, ал анықталуы өте төмен, басқа скринигтердің жағдайы шамалас. Фокустық топтар құрылымы, сапасы, статистиканың растығы, дәрі-құралдар шығындарының негізі, тариф саясаты, мамандандырылған қызметтердің қаржыландыру құрылымы, осының бәрі – көзге көрініп тұрған, бейжай қарауға болмайтын мәселелер. Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндігін толық пайдалануға күш салудамыз. Қазір аудандық емханалармен тығыз байланыстамыз. Олар күрделі ота жасау қажет науқастарды бізге жібереді. Ал біз ем іздеген жандарға жан-жақты қызмет істеуге дайынбыз. Бізге жыл сайын 12 мың адамға арналған қаржы бөлінсе де, 36 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсетіп келеміз. Ең бастысы – бағдарымыз айқын. Ойға алған маңызды стратегиялық жоспарымыз бар, соны жүзеге асырудамыз.
    – Алдағы 5-10 жылға ар­налған стратегиялық мақсат­тарыңыз қандай?
    – Шетелдік инвесторлардың қол­дауымен ауруханамыз­дың аумағына инфекциялық бөлім мен көпсалалы жаңа емхана корпустары салынды. Бүгінде коммуникация тарту, жарық, су мен жылу жүйесін қосу сынды инженерлік инфрақұрылым жұмыстары ғана қалды. Сондықтан облыс әкімдігі сол нысанды су, жарық және жылумен қамтамасыз етуге баса назар аударса деген өтінішіміз бар. Сонымен қоса, қос дипломды бағдарлама аясында Үндістан-Қазақстан халықаралық академиясын ашу көзделген. Бұл енді болашақтың еншісіндегі дүние. Қазір біз республикадағы ең үздік клиникалық ауруханалардың біріміз. Бұл деңгейге жеткеніміз облыстың денсаулық саласының беделінің арта түскенін айғақтайды. Ең бастысы, елге қызмет етуге барымызды салып келеміз. Болашақ стратегиямыз да осы айқын мақсатқа бағытталған.
    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан – Ерзат АСЫЛ

     

    Соңғы жаңалықтар

    Әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді
    27.03.2026
    Қазақстанда ауылдық елді мекендерге арналған FWA желісінің іске қосылуы көрсетілді
    27.03.2026
    Баспанамен қамтылды
    27.03.2026
    Қарадаладағы той
    27.03.2026
    Бұлақ көрсең, көзін аш!
    27.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>