Көшпелі халықтың күнделікті өміріне қажетті киім-кешек, ер-тұрман, ыдыс-аяқ, киіз үй жабдықтары түгелдей дерлік малдың терісі мен жүнінен жасалды. Сол себепті тері илеу ісі ата-бабамыздың материалдық мәдениетінде маңызды кәсіптің бірі болып саналды. Әңгіме осы кәсіпке қатысты құралдардың бірі – талқы туралы болмақ.
Талқы – теріні илеп, жұмсарту, созу, өңдеу үшін қолданылатын арнайы ағаш құралы. Ол көбіне сиыр, жылқы, түйе терісін илеуде пайдаланылды. Тері илеудің ең соңғы кезеңінде терінің иін қандырып, талқымен бірнеше рет созу арқылы оны жұмсартып, тегістеген.
Талқыны жасау үшін мықты, серпімді қайың, емен, үйеңкі сияқты ағаштар таңдалған. Талқының сапалы болуы тері илеу нәтижесіне тікелей әсер еткен. Шеберлер оны қолдың ыңғайына сай етіп жасап алған.
Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі қорындағы Дәркембай Шоқпарұлы жасаған ерекше талқыны атап өткіміз келеді. Бұл жәдігер шебердің дәстүрлі тері өңдеу техникасын терең меңгергенін дәлелдейді. Оның пішіні әдеттегі талқыға мүлде ұқсамайды. Шебер ыңғайлы болу үшін отырып жұмыс істейді. Аяғының көмегімен қимылға келетін серіппе «қасқырдың» аузын ашып-жауып, теріні жұмсартады.
Дәркембай Шоқпарұлы жасаған ерекше талқы – қазақ қолөнеріндегі сирек кездесетін үлгілердің бірі. Ол тек тері өңдеу құралы ғана емес, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан нышаны. Бұл жәдігерді музейде сақтау – халқымыздың материалдық және рухани мәдениетін келешекке жеткізудің бір жолы.
Музей қорында көне талқының өзі де сақталған. Экспозицияға қойылған талқымен шебердің бір өзі ғана жұмыс істесе, ал көне талқымен теріні жұмсарту үшін екі-үш адамның көмегі қажет болған. Дәркембай Шоқпарұлы жасаған талқы көне құралдың жаңа сипат алып, шебердің ой-қиялының ұшқырлығын көрсетуімен ерекшеленеді. Сонымен тері өңдеуге пайдаланылатын талқы құралы музейдің бірегей туындысына айналып отыр.
Мақпал Бұтабаева,
өнертанушы, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің қор сақтаушысы
Еңбекшіқазақ ауданы





