[um_weather city="Қонаев"]
Дүйсенбі, Қазан 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ӘУЛЕТТІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

    25.09.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мерейтой
    ӘУЛЕТТІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ
    0
    SHARES
    2
    VIEWS

          Дүниетанымымен, парасат-пайымы­мен баурайтын, ағайын-туысқа құшағын кең ашатын, мейірімі пейіліне сай, жан-жағына шуақ шашатын, бір әулеттің әзіз анасы, ақылшысы атанған Гаухар Зейноллақызы жеңгеміз 80 жасқа келді. Ол кісі – еліне еңбегімен еленген, адал қызметімен сый-құрметке бөленген, қоғам қайраткері, «Құрмет орденінің» иегері, танымал тұлға, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, отбасының, ағайын-туыстың тірегі болған Төкен Ұзақұлының зайыбы. Асыл аға ұрпақтарының анасы, немерелерінің әжесі.

    Өткен күндердің суреті күні бүгінгідей көз алдымда. Гаухар жеңгемізді Төкен ағамыз әкесі Ұзақ атаның ақ батасымен 1969 жылдың қаңтарында Көкше жерінен ауылға әкелді. Жас келінге дүйім жұрт қуанды. Ол кезде ағамыз 30-да, жеңгеміз 24-те еді. Жоғары білімді екі жас осылайша Көкшетау мен Алатаудың елін құда-құдағилар етіп қауыштырды.
    Сөйтіп, Ұзақ атамыз бен Өкен апамыз көптен күткен армандарына қол жеткізеді. Қызылшарықтағы Төлеу Қалиақперұлы атамыз: «Ұзақ пен Өкенге құт-береке, ырыс келіпті. Келіннің маңдайы ашық, иманжүзді екен, Төкенге сүйеу болатыны анық!» – деп жас отауға батасын береді. Сол сөздің қабыл болғанына қазір бәріміз куәміз.
    Төкен аға мен Гаухар жеңгемнің өмір жолдары көпке үлгі. Өнегелі, қайырымды істері ұмытылмайды. Төкен аға өзінің өмірі туралы жазған естелігінде жеңгеміз жайлы: «Гаухарды өзіме жар болуға лайық деп біліп, екеуміз бас қостық. Мен сол кезде Шелек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. Гаухар маған адал жар, балаларыма қамқор ана, ата-анамның алдын кеспеген, ақылды келін болды. Қайныларымен қалжыңдасып, абысын-келіндерімен сырласып, сыйласып, қажет жерінде ақыл-кеңесін айтып, күліп-ойнап жүреді. Менің еш алаңсыз еңбек етіп, осындай биікке жетуіме жан-жарымның үлкен жүрегі, терең түсінігі, ақылы мен парасаты көп көмек болды. Отбасындағы бірлік пен татулық, ынтымақ пен береке, ауызбіршілік те осы Гаухардың ұйытқы болуымен салтанат құруда», – деп жазғаны бар.
    Керемет сөз! Жүректен шыққан шынайы лебіз. Бұдан артық қандай баға болады?! Ұзақ ата мен Өкен ападан өрбіген бес ұл, төрт қыз Гаухар жеңгемізді құшақ жая қарсы алды. Ары қарай осы туыстармен жолын түйістіріп, тағдырын мықтап байлаған еді. Қуаныш та, тірлік те, өмірдің басқа оқиғалары да әулетке тән заңдылықпен бір арнада өрбіді. Ұзақ ата мен Өкен апам ұлы мен келінінің ілтипаты мен қамқорлығына барынша риза болып, көңілдері толып, шүкіршілік айтып отыратын.
    Төкен аға екеуі туыстардан қам­қор­лығын аяған емес. Мәселен, дүниеден озған қайынағасы мен абысындарынан қалған балаларға ата-анасын жоқтатпады. Жылы қабақ танытты. Қолдағы барымен бөлісті. Қазір сол балалар ержетті, бәрі бір-бір шаңырақтың иесі. Аға мен жеңгесіне деген құрметтері ерекше.
    Төкен аға аяқасты ауырып, 2016 жылы 77 жасында дүниеден озды. Жақындары мен отбасы үшін бұл жүректі езіп кеткен қайғы болды. Зейнетке шықса да ширақ қимылдап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әдемі жымиып, асқар таудай болып жүретін. Гаухар жеңгеміз сол күндері қайғыра жүріп, сабыр сақтады. Түбінің жақсылығын тіледі. Ағаны танып-білген адамдардан, туыстары мен балалардан естелік жинап, Төкен Ұзақұлы туралы «Ұлағатты өмір» атты кітап шығарды. Ол көпшілікке таратылды. Сол кітапта Гаухар жеңгем: «Төкен екеуміз көзқарасымыз үйлесіп, көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір, 47 жыл шәй деспей өмір сүрдік. Бес бала тәрбиелеп өсірдік. Ол кісінің тұйық мінезін жадыратуға тырысатынмын. Бірде әзілдесіп, бірде еркелеп, құшағымыз жазылмайтын. Өткен өмірді сағынасың, бірақ оралмайды. Төкенді қай кезде болмасын, жұмысына міндетті түрде шығарып салып, келгенде қарсы алу – оған деген сүйіспеншілігімнің ең басты белгісі еді», – деп еске алады.
    Ағаның қызметі өскен сайын жауапкершілігі де артатыны белгілі. Ерте кетіп, кеш қайтып жүргенде бар жағдайын жасап, күнделікті ақ көйлегін, костюм-шалбарын дайындап беру – жеңгеміздің айнымас әдетіне айналған. Бұл – сыйластық пен құрметтің белгісі. Ағаның мерейтойларын ұтымды ұйымдастыруға үлесін қосты. Көкірек көздері ашылған, жаңалықты білуге құмар, жақсылық жасауға ұмтылғыш ұл-қыздарымен бірігіп, 60, 65, 70, 75 жылдығын өткізуге барын салған да Гаухар жеңгеміз еді. Тойларында жанындай жақсы көріп, қадір тұтатын Төкенін вальске шақырып, тамаша ырғақпен шыркөбелек айнала билеп, мәз-мейрам болатын. Қонақтар екеуіне сүйсіне қарап, бақыттары ұзағынан болса екен деп тілектерін жаудыратын.
    Мерейтойлардың бірін тілге тиек етейін. Ағаның 75 жасқа толған салтанатты шарасын 2014 жылы өткізді. Аға-жеңгеміз қонақтарды құшақ жая қарсы алып, әзілден ауыздары босамай, жүгіріп жүрді. Ақ тілектер ағытылған, шапан жабылып, ән-күй шырқалған, тамаша бір кеш болды. Қонақтар Төкен Ұзақұлының ірі лауазым иесі болып, биік мәртебеге ие болуына қомақты үлес қосып, қолдай да, қамқорлық жасай да білген өмірлік қосағы Гаухар Зейноллақызы екенін айрықша атап өтті. Шындығы осы. Ағаның қызметін алаңсыз істеуіне себін тигізіп, бала тәрбиесін, үй тіршілігін, туыстар арасындағы шешуге тиісті түрлі шаруаны ойдағыдай үйлестіретін. Жақсы отырыстарда ағаның сұрауы бойынша Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқап, соңында «Сүйгенім менің Шелекте» деп ән мәтінін өзгертіп айтқанда, айналасындағыларды мәз қылатын. Өнерлінің, сегіз қырлы бір сырлы жанның нақ өзі. Жас кезінде гитарада ойнап, гармон тартып, ән салғанда көпшілік дуылдата қол соғып, риза болатын. Ағамыз да көкшетаулық қыздың осы өнеріне қарап ғашық болған-ау деп ойлайтынбыз.
    Гаухар жеңгеміз парасатты, көңілі ашық, айналасына шуақ шашатын, талғаммен киінетін, өз заманының ерекше ханымдарының бірі. Сол әдетінен әлі тайған жоқ. Ұл-қызына, келіндері мен абысындарына, немерелеріне де жөн сілтеп, жол көрсетіп, тәрбие-тәлімін ұтымды жалғастырып келеді. Қыздары бойжетіп, тұрмыс құрып, алты немере сүйді. Гүлмира, Бибігүл, Қарлығаш, Әсел аналарының сенімді көмекшілері, сырласы. Көңілін көтеріп, мейірімін төгетін ақылды, ой-өрістері кең инабатты жандар. Олар да анасына тартқан әзілқой. Қыздары: «Зейнолловна, қалайсыз? Бүгін әдемі болып кетіпсіз!» – деп анасымен қалжындасып, көңілін көкке ұшыратыны бар.
    Ұлы Данияр мен келіні Құралай қолында. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Сыйластық пен қамқорлықты сезініп, тәуба деп өмірінің шуақты күндерін өткізуде. Бірақ Гаухар жеңгеміз бекер қарап отыра алмайды. Қыздары мен жиендерінің жағдайын біліп, әр нәрседен құлағдар болып жүгіріп жүргені. Зейнетке шыққан соң ағамыз Қызылшарық ауылының бас жағынан жер телімін алып, шаруа қожалығын құрған. Өз отбасына бір үй, інісі Төлегенге бір үй салып қойған. Ондағы мақсаты – балаларын шаруа жұмысына бейімдеу, таза өнім алып тұтыну, отбасының берекесін одан әрі көтеру еді. Гаухар жеңгеміз бұл бастаманы қуана қолдап, шаруашылық жұмысы жақсы жалғасын тапқан. Аға өмірден озған соң да ол іс тоқтап қалмады. Гаухар жеңге ойланып-толғанып, шаруаға икемі бар, басшылық жасауға қабілетті Әсел қызына жұмысты зор сеніммен тапсырды. Өзі де жаз айларында ауылда тұрып, істің басы-қасында жүргенді ұнатады. Ақыл-кеңесін береді. Шүкір! Ұл-қыздары ата-ана аманатын орындап, мамандықтарына сай адал еңбек етіп, бір-біріне қайырымды, мейірімді болып, жақсылық жасаудан танбай, тату-тәтті, сыйласып өмір сүріп жатыр. Соған тілеулес болып, қуанамын. Аналарын жыл сайын өзінің қалаған жағына апарып, емделіп, саяхаттап келуге жібереді. Денсаулығын назардан тыс қалдырмайды. Қолындағы алғашқы немересі Алдиярәлиді жеті айлығынан аға мен жеңгем өздері бағып, тәрбиеледі, атасының баласы болды. Қазір ержетті, 23 жасқа келді. Одан кейінгі немерелері Әмина 20 жаста, әжесіне алданыш болсын деп бере салған ең кішкентайы Әбілмансұр екі жастан асты. Немерелері – көз қуанышы, өмірінің мәні де сәні, күнделікті әжесін аймалап, жаңалықтарымен бөлісіп, еркелеп жүреді. Қыздарынан туған жиендері де үйленіп, төрт шөбере сүйіп, қызығын көріп келеді. Әрқайсысына жұдырықтай жүрегінде орын бар. Ұлы Даниярдың қайын атасы мен енесі, құда-құдағи Қанай мен Бағира Талдықорған қаласында тұрады. Ал Күләш, Әсия, Бақыт секілді құда-құдағилары Алматы қаласында. Әулеттің құдаларына деген сый-құрметі ата салты бойынша әдемі атқарылады. Олар Төкен ағамызға құда ғана емес, іні-қарындасындай болып кеткен адамдар.
    Баламен балаша сөйлесе білетін Гаухар Зейноллақызы тәжірибелі, көп жылдық еңбек өтілі бар ұстаз, химия мен биология пәнінің мұғалімі. Кейінгі жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтының кітапханасында еңбек еткен. Гаухар жеңгеміздің ата-анасы көп жыл мектепте сабақ берген, ұрпақ тәрбиесіне мол үлес қосқан, өз орталарында абыройлы, айналасына сыйлы болған ардақты жандар еді. Әкесі Зейнолла қария – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, елге жанашыр болған зиялы адам. Бір ата-анадан туған бес бауыр татулығымен ерекшеленеді. Тәрбие мен білімнен нәр алып, адами құндылықтарды жоғары ұстаған азаматтар. Алыста жүрген әпкелерін ұдайы іздеп, қуанышына ортақтасып келіп-кетіп тұратын.
    Төкен аға мен Гаухар жеңгеміз өте көпшіл жандар, шаңырақтарынан қонақ үзілмеген, береке кетпеген, есіктері туысқа да, достарына да, қамқор­лықты қажет етіп келген жандарға әрдайым ашық тұратын, әлі күнге солай. Аға Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезде ауданға іссапармен биік лауазым иелері, ел ардақтаған тұлғалар Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиев, Қазтай Ұлтарақов, Құсайын Бижановтар жиі келетін. Ол кісілерді шаңырағына шақырып, берекелі ақ дастар­қанынан дәм татқызып, шын пейілімен шығарып сала да білген де Гаухар жеңгеміз. Бұл ісі ағаның абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп, ризашылық сезімін ұлғайта түсетін. Ағаның институтта бірге оқып, бес жыл бойы бір үзім нанды бөліп, бір бөлмеде жатқан достары Кәрім, Сапар, Қайырлы, Асқар, Керейдин, Жақсылық жеңгеміз үшін жастық шақтың, өмір күнделігінде жазылып қалған қымбат беттері сияқты.
    «Ағаң қызмет істеген уақыттарында көптеген азаматпен адами қарым-қатынас жасап сыйласқан. Атап айтсам – Қыдыр, Сейіткәрім, Серік Үмбетов, Кеңесбай Байханов, Кәрім, Майра Стамбековтер, Бешен Доғалұлы, Бөкей Исабеков пен Сәуле, Бақыт Баймұханов, Нұрахмет пен Ақан Бижановтар, Елеусіз Сұлтанғазиев, Босатхан Ұлдарбеков, Байқожа Нұрғожаев, Аян Айтжанов, Оразбай мен Әппақ, Абай Базарбаев және тағы басқалар. Мен үшін де олардың бәрі қымбат. Өмірден озғандарына иман байлығын, тірілеріне ғұмыр тілеп, хабарласып отырамын», – дейді Гаухар жеңгем. «Төкен мен Гаухардың достары бас қосқанда шаңырақтарында ерекше салтанат орнығатын», – деп ағаның жан досы, білікті дәрігер Болат Жұбашев еске алушы еді.
    Жеңгеміздің сонау институттан бері келе жатқан құрбылары – Бибігүл, Гүлстан, Шолпан, мектепте табысқан Айнаш, отбасылық достары Сәуле, Әспет сияқты ханымдар сырласып, сыйласып, баяғыдай араласып келеді. Аға мен жеңгемнің дос-жарандарын тізіп айта берсек, бір кітапқа арқау болады. «Бар болсын, нар болсын, бай болсын!» – дейміз. Қайынсіңілілері Найля, Майра Үмбетқыздары және мені қосып, ақ дастарқанын жайып, сырласу кешін де өткізіп жіберетін. Жеңгеміздің ашық-жарқын қылығына қалай риза болмайсың?!
    Менің, әкем, Қалипеков Мұқан да Гаухар жеңгеме әрқашан риза болып, мақтап отыратын еді. Екеуінің арасында керемет әзіл-қалжыңдары да өрбіп жататын. Бәрі сыйластықтың, кісіліктің белгісі. Ағайын-туыс дегенде ішкен асын жерге қоятын аға мен жеңгеміздің ілтипаты мен қамқорлығын көрген жақындары аз емес. Осы мақалаға арқау болған, сыры кетсе де, сыны кетпеген аяулы жеңгеміз Ұзақ келіні Гаухар Зейноллақызының 80 жасы құтты болсын! Арман-мақсаттарын үкілей отырып, ұрпақтарыңыздың тілеуін тілеп, жақсылығын көріп, 100 жасаңыз! Сөзімді осындай ізгі тілекпен түйіндеймін.

    Тұрсынгүл Мұқанқызы,

    Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы

    Ұсынымдар

    Ортақ мақсат, ортақ мүдде

    Ортақ мақсат, ортақ мүдде

    1 year ago
    Oceanman Қонаевта ашық суда жүзуден ірі халықаралық турнир өтті

    Oceanman Қонаевта ашық суда жүзуден ірі халықаралық турнир өтті

    3 months ago
    Антыңа адал бол, жас сарбаз!

    Антыңа адал бол, жас сарбаз!

    1 year ago
    «Халық қатысатын бюджет» аясында 8 жоба жүзеге асуда

    «Халық қатысатын бюджет» аясында 8 жоба жүзеге асуда

    11 months ago
    ҚҚС: Уақыт сынын еңсеретін қадам

    ҚҚС: Уақыт сынын еңсеретін қадам

    8 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>