Биыл Елордада өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласында көп жылғы атқарған адал еңбегі үшін еліміздің 20 білім беру мекемесінің басшысын «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Аталған төсбелгіні кеудесіне таққанның бірі – Еңбекшіқазақ ауданы №1 Азат орта мектебінің директоры Аяла Дүйсеқожа.
Аяла Кәдіржанқызы 1982 жылы 20 маусымда Райымбек ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1999 жылы С. Әшімбаев атындағы орта мектепті үздік бітірген. 2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін орта оқу орындарындағы биология пәнінің оқытушысы бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған. 2005 жылы аталған жоғары оқу орнында биология магистрі біліктілігі мен академиялық дәрежесін алған. Еңбек жолын Талғар қаласындағы № 49 жалпы білім беретін орта мектепте биология пәні оқытушысы болып бастаған. Облыстық тері-венерология диспансерінде зертхана дәрігері, Талғар медициналық колледжінде бөлім меңгерушісі болып абыройлы еңбек еткен. Алматы экономикалық-құқықтық және педагогикалық колледжінің директоры, Талғар агробизнес және менеджмент колледжі директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Бүгінде Еңбекшіқазақ аудандық №1 Азат орта мектебінің директоры ретінде ұжымның тірегі, ұстаздардың жетекшісі, оқушылардың рухани қамқоршысы бола білген Аяла Кәдіржанқызы жаңашылдығымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп келеді. Ол ұжымда жағымды психологиялық ахуал қалыптастырып, әр ұстаздың кәсіби өсуіне жағдай жасауда. Оқу-тәрбие процесіне жаңа әдістемелер енгізіп, инновациялық технологияларды тиімді қолдануға ықпал етті. Оның білім сапасын арттыруға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруының нәтижесінде оқушылар ҰБТ мен пәндік олимпиадаларда жоғары жетістікке қол жеткізді. Сондай-ақ мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты арттырып, қоғамдастықпен бірлескен жұмыс жүргізгенін атап өткен жөн.
Бүған дейін Аяла Дүйсеқожаның жетекшілігімен №1 Азат орта мектебі «Үздік 100 мектеп» марапатына ие болған еді. Еліміздің білім саласындағы үздіктер қатарынан көрінгені – оның басқару ісінде жоғары шеберлік көрсеткен еңбегінің нәтижесі.
– Әрбір жетістік, әр марапат – ұжымның, ұстаздардың, оқушылардың үнемі алға ұмтылып, жаңа белестерді бағындыруына деген ұмтылысының жемісі. Жеңіс – тек марапаттар мен медальдар емес, ең алдымен ұжымның бірлескен еңбегі, табандылығы мен арманға деген адалдығы, –деп ағынан жарылды Аяла Кәдіржанқызы.
Мектеп – барлық өркениеттің ошағы десек, әрбір мектеп басшысы – өзі басқарған ұжымның шырағы. Осы орайда Аяла Кәдіржанқызы ұжымның сенімді серігі, шәкірттің рухани тәлімгері, әріптестерінің жанашыры болып отыр. Ол өз қызметін, оқу-тәрбие процесін шеберлікпен ұштастыра білді.
Білім саласындағы осындай марапаттар ұстаздарымызға жаңа шабыт беріп, олардың оқу процесін одан әрі жақсартуға, балалардың болашаққа сеніммен қадам басуына даңғыл жол ашады. №1 Азат орта мектебі осы бағытта өзінің жоғары деңгейін сақтап, болашақта да білім беру саласындағы үздіктер тұғырынан түспейтіні сөзсіз.
Айгүл ҚАЛИЯҚБАРОВА
Еңбекшіқазақ ауданы