Перейти к содержимому
Главная страница » Тұқым шаруашылығы цифрланады

Тұқым шаруашылығы цифрланады

     Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының жиынжайында тұқым­дарды цифрлық қадағалау жүйесін енгізу негізінде тұқым шаруа­шылығын жетіл­діру мәсе­лелері бойынша өңір­лік семинар-кеңес өтті. Басқосуға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ауыл шаруашылығы министр­лігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Семинарда сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының басты бағыты ретінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану жөнінде берген тапсырмаларын айта келіп, оны орындау аграрлық сала үшін аса маңызды екеніне тоқталды.
– Осыны негізге ала отырып, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы еліміздің ауыл шаруашылығының аса маңызды саласы – тұқым шаруашылығын цифрландыруға бағытталған жұмысты бастап кетті. Бұл мақсатқа бірнеше ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жұмылдырылып, тұқымның цифрлық қадағалау жүйесі әзірленді. Бүгінгі семинар-кеңестің басты мақсаты – осы жүйені жұртшылыққа таныстырып, оны пилоттық режимде сынақтан өткізу. Жүйе оң нәтиже көрсеткен жағдайда оны мемлекеттік деңгейде өндіріске енгізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынылатын болады, – деп сөзін сабақтады академия басшысы.


Өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру мен өнімділікті көбейтудің негізгі факторларының бірі жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану екені белгілі. Себебі тұқым сапасы тек қана өнімділікке емес, сонымен қатар өнімнің сапасына да тікелей әсер етеді. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, егістік өнімділігінің 25 пайызы тұқым сапасына байланысты көрінеді. Алайда Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Соңғы 10 жылда Канадада (біздің табиғи-климаттық жағдайларға ұқсас ел) дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 28 пайызға артып, гектарына 38 центнерге жетсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 6 пайызға ғана өсіп, 12 центнер деңгейінде қалған.
Мұндай жағдайдың басты себебі – сапасыз тұқымдарды пайдалану. Кейбір шаруашылықтар тұқым ретінде тауарлық астықты қолданып жүргені жасырын емес. Солтүстік аймақтарда шетелдік сұрыптардың тұқымдары егістік көлемінің 40 пайызына дейін жетіп отыр. Ал отандық сұрыптардың тұқымдарын қолдану бойынша ең қиын жағдай көкөніс және қант қызылшасы шаруашылықтарында, олардың үлесі 10 пайыздан аспайды.
Ұлттық академия президенті бұл мәселеде мемлекеттік органдарға дұрыс шешім қабылдау үшін нақты әрі өзекті аналитикалық ақпарат қажет екеніне тоқталып өтті. Алайда қазіргі есеп беру жүйесі бытыраңқы және оның шынайылығына күмән көп. Мұндай жағдайларда мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу деректері де көптеп анықталуда. Дамыған елдерде тұқым мен отырғызу материалдарының қозғалысын түпнұсқа иесінен бастап өндірушіге дейін қадағалайтын цифрлық жүйе енгізілген.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген 2024–2028 жылдарға арналған тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарында да осындай цифрлық жүйені әзірлеу қарастырылған. Сондықтан Ұлттық ғылым академиясы бастама көтеріп, осындай жүйені әзірлеуге негіз болды. Бұл жүйені ҚР ҰҒА академиктері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғалымдары бірлесіп жасап, зияткерлік меншік құқығын қорғау құжатын алған. Осыған байланысты бұл жүйені Алматы облысының тұқым шаруашылығы субъектілері негізінде оңтүстік өңірлер үшін таныстырып, пилоттық сынақ режимінде іске қосу жұмысы жүргізілетін болады.
Келесі болып мінберге көтерілген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы – сапалы тұқымнан басталатынын айта келіп, өңірде жүгері, жеміс пен көкөніс, майбұршақ, күріш өсіруден алғашқы үштікке кіретінін жеткізді.
– Қазіргі уақытта «Pepsi Co Central Asia» компаниясы жылына 20 мың тонна картоп өнімдерін шығаратын зауыт салуда. Шикізат ретінде чипсы өндірісіне 70 мың тонна картоп қажет. Райымбек ауданында тәжірибелік 200 гектар алқапқа картоптың супер элиталық және арнайы өңдеуге арналған сорттары өсірілуде.

Еңбекшіқазақ ауданында «QAZAQ GLOBAL FOOD JV» серіктестігі жылына 80 мың тоннаға дейін жеміс-көкөністі тереңдете өңдеу зауытын салуды бастады. Сонымен қатар қуаттылығы 900 мың тонна болатын қант зауытын салу жобасы пысықталуда, бұл жоба 300 мың гектар жерге қызылша өсіруді көздейді. Әрине, аталған жобалардың барлығы үшін бірінші кезекте жоғары өнімділік беретін тұқым мәселесі өзекті. Осы жұмыс барысында жазда дақыл­дардың жетілу фазасына бірнеше рет мониторинг жүргізілді, көктемгі жауын-шашынның аздығы және жаз айларында түннің салқындығы әсерінен дәнді және майлы дақылдар егістігінің 10 пайызға жуығы нашар дамып, биыл өнімділік өткен жылға қарағанда төмен болып отыр.
Өңірде жұмыс істейтін 20 тұқым субъектісінің жылдық өндірісі (жылына 2 мың тонна) фермерлер қажеттілігінің 3 пайызын ғана жабуға мүмкіндік береді. Яғни тұқым бойынша импортқа тәуелділік жоғары. Сондықтан отандық тұқым сұрыптары­ның өндіріске енгізілуі және импорттық тұқымдарды жеткізуші ұйымдар жұмысын қадағалау, тауар өндірушілер арасында сұранысын талдау үшін цифрлық жүйе енгізу – стратегиялық қажеттілік. Алматы облысы пилоттық өңір ретінде аталған жобаға қатысуға дайын. Бұл өз кезегінде ғылым, өндіріс және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы арқылы саланы орнықты дамытуға мүмкіндік береді, – деді Марат Елеусізұлы.
Семинар-кеңесте сонымен қатар «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы басқарма төрағасының кеңесшісі Төлеухан Нұрқиянов күн тәртібіне қойылған мәселе жайлы өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Алқалы басқосуды қорытындылаған Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев айтылған ұсыныстың барлығы цифрлық платформаны одан әрі жетілдіру барысында ескерілетінін жеткізді. Алда тұқым шаруашылығын цифрлық негізде дамыту бойынша нақты қадамдар күтіп тұрғанын айтып, бұл ретте Алматы облысының әкімдігі үлкен қолдау танытады деген сенім білдірді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ