Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының отырысына қатысу үшін Нью-Йорк қаласына сапармен барды. Мемлекет басшысының үш күнге ұласқан жұмыс сапары еліміз үшін сыртқы саясатпен экономикалық тұрғыда мазмұнды кездесуге толы болды.
Сапарының алғашқы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың алпауыт бизнес өкілдерімен екіжақты экономикалық байланыстарды тереңдетуге арналған дөңгелек үстел отырысында сөз сөйледі. АҚШ-тың ірі корпорацияларының басшылары қатысқан жиында Қ.Тоқаев Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық серіктестігі жаңа белеске көтерілгеніне назар аударып, екіжақты экономикалық байланыстардың қазіргі ахуалынан мағлұмат берді. Президенттің сөзінше, АҚШ Қазақстан экономикасына бүгінге дейін 100 млрд доллардан астам қаржы құйып, ірі инвестор атанып отыр. Қазір елімізде Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, MasterCard, Meta, Wabtec, Citibank бастаған америкалық 630-дан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Екіжақты әріптестіктің негізгі тірегі – энергетика саласы. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің ең ірі Теңіз кенішін игеруге кіріскен Chevron және ExxonMobil компаниялары жыл сайын қазынаға миллиардтаған қаржы салық құяды. Биыл аталған компаниялар кенішті игеру жобасы мен өндіріс көлемін арттыру жоспарын жариялаған.
«Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті жүзеге асыруда АҚШ компаниялары басты рөл атқаратынын атап өтті. Бұдан өзге, Қазақстан Президенті геологиялық барлау әрі игеріліп жатқан жобалардың аясын кеңейту, уран өндіру және оны өңдеу саласында жаңа мүмкіндіктерді зерделеу қажет екенін атап өтті. Оның бұлай деуіне негіз жоқ емес. Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Ал АҚШ өзінде тұтынатын уранның 24 пайызға жуығын біздің елден импорттайды екен. Биыл Алматы облысында еліміздегі алғашқы АЭС-тің құрылысы басталғанын, келешекте тағы екеуін салу жоспарда барын ескерсек, уранға деген сұраныс көбеймесе азаймақ емес. Әйтсе де, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дәстүрлі энергия көзі – көмірден әзірге бас тартамыз деген сөз емесін ескертті.
«Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі деп қарастырамыз. Тым болмағанда, таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге Мемлекет басшысы уран өндірісі, геологиялық барлау, мыс пен литий сияқты стратегиялық шикізаттарды игеру салалары америкалық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтып өтті. Көлік және логистика бағыты да маңызды орынға көтерілді. Бұл бағытта Қазақстан Үкіметі мен америкалық Wabtec компаниясы елімізде машина жасау мен теміржол көлігі салаларын ілгерілетуде 4 млрд доллардың жаңа келісіміне қол қойып, әуе тасымалында Boeing корпорациясымен ынтымақтастық жалғаспақ. Бұдан өзге, Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндігі зор тағы бір саласы – агроөнеркәсіп кешенін екенін айтып, америкалық компанияларды Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуетін барынша пайдалануға шақырды. Бұл тұрғыда ол PepsiCo компаниясының Алматы облысында заманауи, экспортқа бағытталған зауыт салу жобасын қолдайтынын атап өтті. Осы орайда аталған компанияның облысымызда қытырлақ картоп шығаратын зауыт салуға кіріскенін айта кеткен жөн. Құрылысына 368 млн доллар инвестиция жұмсалатын зауыт іске қосылса, 900-ге тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті жерде қытырлаққа арналған картоп өсіріледі деген жоспар бар.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық серіктестерді Қазақстанның мәдениет, агроөнеркәсіп, цифрлық даму және ғылым салаларындағы бастамаларын қолдауға шақырып, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті нығайту – елдің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдық екенін атап өтті. Экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған дөңгелек үстелден кейін Қазақстан Президенті Meta, Amazon, Goldman Sachs Global Institute, Chevron, ExxonMobil, Citigroup, Wabtec, Embrear, PepsiCo, Cameco компанияларының басшыларын жеке қабылдады.
Сапарының соңғы күні Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясының жалпы дебатына қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан Президенті өз сөзінде әскери шиеленістер, ядролық қаруды таратпау, климат өзгерісі, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты жаһандық күрделі мәселелерге тоқталды. Ол қазіргі геосаяси жағдай мен халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бұзылуы, жаһандық тұрақтылықтың әлсіреуі сияқты мәселелерге ерекше назар аударды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, 1945 жылы 26 маусымда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, КСРО, Қытай бастаған елдер Біріккен Ұлттар Ұйымын құру туралы Жарғыға қол қойып, сол жылдың 24 қазанында ол күшіне енді. Содан бері бұл күн БҰҰ-ның ресми құрылған күні саналады. Жыл сайын қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде ұйымға мүше елдердің Мемлекет, Үкімет басшылары мен Сыртқы істер министрлері жиналып, әлемдік саясат, қауіпсіздік, экономика, адам құқықтары, климат сияқты маңызды мәселелерге қатысты өз елдерінің ұстанымын білдіріп сөз сөйлейді, талқылауға қатысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ 80 жылдық тарихында ғаламдық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып келгенін, осы уақыт аралығында ұжымдық қауіпсіздікті нығайту, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті нығайту, кедейшілікпен күрес, адам құқықтарын қорғауда ортақ күш жұмылдыруды басшылыққа алғанын атап өтті. Алайда бүгінде әлем келбеті түбегейлі өзгерістерге ұшырап, халықаралық құқық нормалары мен әлемдік тұрақтылықты өрескел түрде бұзудың қалыпты жағдайға айналғанын айта келіп, Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымын түбегейлі өзгерту қажеттігі туралы ұсынысын тағы қайталап жеткізді. «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Азия, Африка және Латын Америкасының ірі елдеріне ротация негізінде орын берілуі тиіс. Сондай-ақ Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде орта деңгейлі державалардың үні айтарлықтай күшейтілуі тиіс екеніне нық сенеді. Іс жүзінде, орта деңгейлі державалар қазірдің өзінде халықаралық қатынастарда тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, сенімді нығайтуда әлдеқайда мықты рөл атқара бастады. Ірі державалардың басы бірікпей, баршамызды толғандыратын мәселелерді шешуге қауқарсыз болып отырғанда олар БҰҰ ішінде дәнекер рөлін атқара алады», – деді Қазақстан Президенті. Ол сонымен қатар Қазақстанның Украинадағы соғысты, Газадағы гуманитарлық дағдарысқа алаңдайтынын, оларды одан ары ушықтырмай, дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын жеткізді. Әзербайжан мен Арменияның қарым-қатынасы АҚШ-тың арағайындығымен дұрысталғанын айтқан Қ.Тоқаев бұл тіпті талай жылға созылған қақтығыстарды дипломатия мен парасатты жолмен шешуге дәлел болатынын жеткізді.
Сапар барысында Қазақстан Президенті Нью-Йоркте көптеген Мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен кездесулер өткізіп, саяси, экономикалық ынтымақтастықты дамыту және басқа да мәселелерді талқылады. Франция Президенті Эммануель Макронмен, Еуропалық Одақ өкілдерімен кездесуде Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Черногория, Люксембург, Бельгия, Финляндия, Монако басшыларымен кездесулерде туристік, транспорт, виза, логистика жəне мәдени салалардағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері қарастырылды.
Ал «Central Asia – USA» форматы бойынша АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы C5+1 диалогында қауіпсіздік, энергетика, транзиттік мәселелер және экономикалық интеграцияның жаңа жолдары талданды.
Айбек БЕЙСЕБАЕВ