Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттарды табыстады. Бұл туралы ресми БАҚ хабарлады. Мемлекет басшысы салтанатты жиында ел дамуындағы БАҚ-тың рөлі, журналистиканың қоғамдық ой-пікірдің қалыптасуына қосатын үлесі туралы айтты.
«Бүгінде отандық журналистиканың елдегі және әлемдегі процестерге өзіндік көзқарасы қалыптасты. Тек күшті, кәсіби және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары ғана біздің нақты идеологиялық егемендігімізді қамтамасыз ете алады. Сондықтан жаңалықтарды беріп қана қоймай, оқиғалар мен құбылыстардың өзара байланысын көрсету, ұлттық мүддемізге сүйене отырып сапалы сараптама әзірлеудің маңызы зор», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халыққа шынайы ақпарат таратуда журналистің арқалайтын жүгі ауыр, сондықтан оған бір ғана кәсібилік аздық етеді.
«Сіздер жариялаған ақпараттың шынайылығы мен объективтілігі үшін әріптестер мен қоғам алдында ерекше жауаптысыздар. Сіздер арқылы – өз ісінің шынайы шеберлері арқылы халық ақ пен қараны, фактілер мен жорамалды ажырата алады, Алайда, нағыз журналист тек кәсіби маман ғана емес, жауапты азамат та болуы керек деп санаймын», – деді Қазақстн Президенті.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы мемлекет сөз бостандығын қорғау үшін саяси реформалар аясында тиісті шаралар қабылдап жатқанын, «азаматтардың ақпаратты еркін алып, пікірін ашық жеткізуі – әділетті Қазақстанның айқын көрінісі екенін» жеткізді.
«Елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды. Мен бұл туралы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айттым», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ төтенше оқиғалар кезінде басын қатерге тігіп, елге шұғыл ақпарат жеткізуді жоғары бағалайтынын жеткізді.
«Журналистер әрдайым төтенше оқиғалардың алдыңғы шебінде жүреді. Олар пандемия кезінде, Қостанай, Абай облыстарындағы табиғат апаты болған кезде жедел ақпарат таратты. Кейде жеке басына қауіп төнсе де, елге хабар жеткізді. Бұл – патриотизмнің, кәсіпке адалдықтың шынайы көрінісі. Біз елімізді өркендету үшін ауқымды шараларды қолға алдық. Әрине, атқаратын жұмыс, еңсеретін кедергі аз емес. Дегенмен осы жұмысты, оның нәтижесін халыққа сауатты әрі уақытылы түсіндіру маңызды» деген Президент азаматтарды толғандырып жүрген жүрген өзекті мәселені, түрлі түйткілді билік өкілдеріне жеткізу де тілшілердің міндеті екенін, сонда ғана «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылатынын баса айтты.
Мемлекет басшысы баяндамасын түйіндей келе халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған медиа саласының мамандарына зор жауапкершілік жүктелетінін, олар халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруға міндетті екенін жеткізді.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына ақпараттық қолдауда бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, еліміздің үздік журналистерін марапаттады.
Атап айтқанда, Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы «31 арна» телеарнасының тілшісі Ирина Әлімжановаға, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажанға, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Вологодская Галинаға берілді.
Ал Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары «Orda. kz» ақпарат порталының тілшісі Илья Астаховқа, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Әділ Балтабаевқа, «Tengrinews. kz» ақпарат порталының тілшісі Рабиға Дүйсенғұловаға, «Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық дирекциясы директорының орынбасары Саламат Омашқа тапсырылды.
Бұдан бөлек «Время» газетінің, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның, «Kaztag» ақпарат порталының және «TDK-42» телеарнасының шығармашылық ұжымдары Қазақстан Президентінің Алғысына ие болды.