Облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және архитектура, индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық инфрақұрылым, шағын және орта бизнес пен туризмді дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде жеті мәселе қаралып, бірқатар басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Қазан айына дейін атқарылған жұмыстар сараланып, орындалмаған жоспарлар талқыланды. Облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Дәулет Жарасбаев төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері мен басқарма басшылары қатысты.
Ең алдымен «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елдімекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Шатанов баяндама жасады.
– 2019-2024 жылдары «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында облыс бойынша 160 ауыл қамтылып, жалпы құны 56,5 млрд теңге болатын 232 жоба іске асырылды. Білім беру саласында 31 ескі нысанда күрделі жөндеу жүргізілді, сондай-ақ оқушы орнының тапшылығын шешу мақсатында 5 мектепке қосымша ғимарат салынды. Нәтижесінде 18 мыңнан астам баланың оқу жағдайы жақсарды. Аталған бастама биыл да өз жалғасын табуда. 2025 жылы жобаны іске асыру аясында 52 ауылдық елдімекенді қамтитын, құны 15,4 млрд теңге көлеміндегі 58 жоба іске асырылуда, – деді Ерлан Сәрсенғазыұлы.
Келесі кезекте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков аймақ агломерациясын дамыту жоспарының іске асырылу барысын баяндады. Болат Аманжолұлының айтуынша, ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №1226 қаулысымен Алматы агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған. Ал биыл 841,9 млрд теңгеге 23 жоба жүзеге асуда. Олардың арасында 18 елдімекенді газдандыру, Алматы қаласы мен облысы арасындағы ҮАААЖ-ға апаратын радиалды жолдарды салу, Түргеннен Қаскелеңге дейінгі Алматы тау кластерін дамыту сынды маңызды жобалар бар.
Комиссия отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыстық полиция департаменті өкілдерінің дерегі бойынша, биылғы жылдың 9 айында Алматы облысының жолдарында 2617 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 275 адам қаза тауып, 3949 адам жарақат алған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,6 пайызға артқан. «Жол-көлік оқиғасының негізгі өсу себебі облыстың Алматы қаласымен шектесуі. Статистика бойынша апаттардың басым бөлігі қала маңындағы 50 шақырымдық аумақта тіркеледі. Аталған аймақтағы жол-көлік оқиғаларының жиілігі болып жалпы көрсеткіштің өсуіне тікелей ықпал етуде. Департамент өз тарапынан жол-көлік оқиғаларына жан-жақты талдау жүргізіп, жергілікті атқарушы органдар мен Автомобиль жолдары комитетіне ұсыныс әзірлеуде», – дейді көрсеткіштің арту себебін түсіндірген полиция полковнигі Қалиасқар Мейрамғалиұлы.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары аясындағы құрылыстар инфрақұрылымы туралы энергетика және сумен қамту басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков баяндама жасады. Бүгінде аймақ аумағында өндіріс орындарын орналастыру үшін көлемі 1,3 мың гектар болатын 4 индустриялық аймақ құрылып жатыр. Соның ішінде Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін 2023 жылғы 23 мамырда «DAUR Сapital» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жасалып, аумақты сумен жабдықтау және кәріз жүйелері, өрт сөндіру депосы мен әкімшілік ғимарат салынған. Сонымен бірге абаттандыру жұмысы жүргізіліп, қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау ісі аяқталып, қолданысқа берілген. Ал аумағы 177 гектар болатын «Қайрат-2» индустриялық аймағын іске асыру Қытайдың «China Construction Sixth Engineering Division Corp. Ltd» компаниясы тарапынан өз қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. «Биыл ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 41 және су бұру бойынша 19 жобаны іске асыруға бюджеттен 24,3 млрд теңге қаржы қарастырылған. Сумен қамту және жүйелерді қайта жаңғырту үшін 66 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы 45 пайызға дейін төмендейді», – деген Айдын Әуесбай жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен қаржыландырудағы олқылықтарды да тілге тиек етті.
Облыс әкімдігінде өткен комиссияның кезекті отырысында көлік құралын заң нормаларына сай пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту сияқты мәселелерге байланысты тиісті сала өкілдерінің баяндамасы тыңдалды. Жиынға қатысқан халық қалаулылары жасалған баяндамаларды қызу талқыға салып, жіберілген қателіктерді сын тезіне алды. Соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қарар қабылданып, тиісті шешімдер шығарылатыны айтылды.
Ерзат АСЫЛ
