Қонаев қаласында жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар мен комитет төрағаларына арналған «JAS QADAM» форумы өтті. Жоба облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен биыл бірінші рет өткізілді. Алдағы жылдары дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланған. Екі күнге созылған шарада облыстың түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар арнайы шақырылған білікті спикерлердің тренингтеріне қатысып, спорттық және зияткерлік ойындарда бақ сынады. Жобаның мақсаты – өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттау, аудан мен ауылдардағы жастармен жұмыс бағытын нақтылау, қатысушылардың кәсіби және көшбасшылық біліктілігін арттыру.
– «JAS QADAM» облыстың әр өңірінен келген жастардың бір-бірімен танысып, пікір алмасып, жұмыс барысында нәтижелі істерді жұмыла атқаруына мүмкіндік береді. Форумға 90-ға жуық маман қатысты. Олар ораторлық шеберлік, киберқауіпсіздік, есірткіні пайдалану мен таратудың құқықтық салдары, этносаралық қарым-қатынасты тұрақтандыру, жасанды интеллектінің рөлі сияқты бес бағыт бойынша білімін толықтырды, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Еркебұлан Жақан.
Форум барысында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Алтын Темірғалиева еліміздегі есірткіге қарсы заңнамадағы өзгерістер мен олардың маңызы жөнінде айтып берді. «Есірткіні тұтыну және тарату – қоғамға төнген үлкен қатер. Ол адам ағзасына зиянын тигізіп, психикалық жағдайына да кері әсер етеді, қылмыстың көбеюіне және әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келеді. Қазір қабылданып жатқан құқықтық өзгерістер қауіптің жолын кесуге бағытталған. Мұндай кездесулерде жастармен ашық сөйлесу арқылы қатердің алдын алуға болады деп есептеймін», – деді Алтын Есболсынқызы.
Облыстық «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорының директоры Бексұлтан Нұрақын жасанды интеллектінің болашағы жайлы, әлемдегі, Қазақстандағы даму бағыты туралы баяндады. «Форумда облыстағы жаңа IT жобалар, «Alatau Hub»-тың жұмысы жайлы түсіндірдік. Қазақстанда соңғы уақытта суперкомпьютер пайда болды. Облыс орталығында «Қонаев AI» деп аталатын жасанды интеллектіні іске қостық. Олардың мүмкіндіктері жайлы ой қозғап, пікірталас өткіздік. Қатысушылар тарапынан түйткілді сұрақтар да туындады. Олар жасанды интеллект этикасы, оның қауіпті тұстары, деректердің заңсыз өңделуі бойынша сауалдар қойды. Мұның өзі жастардың бұл салаға деген қызығушылығының басым екенін көрсетеді», – деді спикер.
Шараға қатысқан Бота Ерболатқызы Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат ауылдық округінен келген. «Жастар ресурстық орталығында жұмыс істеп жатқаныма 4 ай ғана болды. Сондықтан бұл форумнан үйренгенім көп. Пайдалы ақпаратпен танысып қана қоймай, жаңа достар да таптым. Алдағы уақытта жоба барысында үйренген білімімді жұмыста қолданатын боламын. Өзім бағдарламалау саласы бойынша білім алып жатқандықтан IT бағытындағы сабақ ерекше ұнады», – деді ол.
Форумның жабылу салтанатында қатысушыларға сертификат табысталып, үздік шыққан жастар марапатталды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы