Биыл сәуірде Мемлекет басшысының қатысуымен өткен XXXII республикалық сессияның жалғасы ретінде Қонаевта өткен шараның бір күнінде Ассамблея мүшелері арнайы талдау жиынын өткізді, қайырымдылық та жасады.
Жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, этносаралық саясатты жүргізуді бір жүйеге келтіру керектігін айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 17 маусымда өткен Ұлттық Құрылтайда: «Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде, елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек. Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп атап өтті. Облысымыздағы Ассамблея және этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері осы бағытта да жұмыс істеуі қажет», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Ал ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова Қазақстан халқы ассамблеясының атқарып жатқан жұмысы жайлы баяндап, облыста екі мекеме қосылатынын айтты.
«Жарты жылда бірлік пен келісім құндылықтарын насихаттайтын 500-ге жуық шара ұйымдастырылды. Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау мақсатында «Қоғамдық келісім» мекемесінде қазақ тілін оқыту кабинеті жұмыс істейді. Тағы бір маңызды жаңалық – Ассамблеяның жұмыс ауқымына байланысты және этносаралық қатынастар саласын дамытуды жаңа деңгейге көтеру үшін «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Қоғамдық даму» мекемесі біріктіріліп, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» деп аталатын болды», – деді ол.
Сондай-ақ басқарма басшысы ҚХА мүшелері Түркиядағы жер сілкінісі болған сәтте, Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға гуманитарлық көмек көрсеткенін атап өтті.
Шарада өңір басшысы Ардагерлер мен Аналар кеңесінің төрағаларына, ҚХА мүшелеріне және өзге де еңбегі елеулі 20 шақты азаматқа арнайы марапат табыстады.
Ресми мәлімет бойынша, облыста 105 этнос өкілі тұрады.
Alatau News